Шиелі: Ауылды түлеткен ауқымды жобалар

5

0

Өңірде өзгеріс көп. Әсіресе, құрылыс, өндіріс, инфрақұрылымды дамытуда көптеген жобалар жүзеге асып жатыр. Ал олардың игілікке беріліп, халыққа қызмет етіп жатқандарын жете танытуда БАҚ өкілдері үшін баспасөз турының мәні зор. Сәрсенбі күні журналистер жолға шықты. Шиеліден басталған сапар алдағы аптада да жалғасады. 

Кейінгі жылдары Шиелі ауданында көптеген жаңа әлеуметтік нысандар бой көтерді. Ұзақ уақыттан бері түйіні тарқатылмай келген жарық жүйесінде электр бағаналары жаңартылып, халыққа сапалы қызмет көрсете бастады. Елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру, аяқсу мәселесі оң шешімін тапты. Осы жолғы сапарда БАҚ өкілдері ауданның тыныс-тіршілігін тағы бір таразылап қайтты.

ЖӨЛЕКТЕГІ ЖАРАСЫМ

Жөлек ауылдық округі аудан орталығы – Шиелі кентінен 30 шақы­рымдай қашықта орналасқан. Онда 1640 адам тұрады. Мемлекет қол­дауы­мен ауылдың инфрқұрылым жағдайы жақсарып келеді. Барлық көше ас­фальт­танса, басым бөлігінде жарық шам­дары орнатылған. Жергілікті тұр­ғындар таза ауызсудың игілігін көріп отыр. Ауылда аяқсу мәселесінің толық шешілуі «Таза Қазақстан» бағдарла­масын тиімді жүргізуге басты дәнекер болып отыр.

– Тұрғындар бірнеше жылдан бері спорт кешенін салу жөнінде ұсыныс жасап келе жатқан еді. Бұл ғимараттың жоба-сметалық құжаты 2025 жылы  демеушілік есебінен жасалды. Елдің өтініші аудан бюджетінен қолдау тауып, құрылыс жұмысы басталды. Нысан жастардың спортпен тұрақты айналысуына, бұқаралық спортты да­мытуға тың серпін береді, – дейді Жөлек ауылдық округінің әкімі Мейірбек Жолдасбеков.

Спорт кешенінің жалпы ауданы – 982,15 шаршы метр. Нысанның архи­тектуралық шешімі заманауи талап­тарға сай жүзеге асырылады. Ал өлшемі 20х42 метр болатын тік­төрт­бұрыш пі­шінінде салынған. Құрылыс жұмыс­та­рын «Интегро­строй» ЖШС жүргізсе, тех­никалық қадағалау міндеті «Строи­тель­ный контроль» ЖШС-не жүктелген.

Шиелі: Ауылды түлеткен ауқымды жобалар

Сондай-ақ аудан орталығындағы спорт кешеніне күрделі жөндеу жүр­гізілуде. Жоба аясында нысан толық жаңғыртылып, заманауи талаптарға қайта бейімделеді. Ғимараттың жалпы ауданы – 1 816 шаршы метр. Жаңғырту барысында ғимараттың ішкі және сырт­қы инфрақұрылымы жаңар­тыла­ды.

– Қазір жастардың спортқа қызығу­шылығы басым. Олардың қатары жыл­дан-жылға көбейіп, инфра­құрылым мәселесін жақсартуға мән бердік. Десе де спорт кешені ұзақ уақыт бойы сол талаптарға сай келген жоқ. Тұр­ғын­дардың өтінішімен ғи­марат толықтай жаңғыртылып жатыр. Жалпы, кешенде шағын футбол, күрес және өзге де спорт түрлерімен айна­лысуға болады. Бұрын ғимараттың ша­тырынан су ағып, спортшыларға едәуір кедергі келтіретін. Енді мәселе толық шешімін тауып,  жастар жайлы, жылы және сәу­летті ғимаратта сергек­тікті серік етіп, алдағы жарыстарға тыңғылықты дайындық жасайды. Сол жастар ара­сынан республикалық және облыстық жарыстарда топ жарып жүргендер баршылық, – дейді аудандық дене тәрбиесі, спорт және туризм бөлімінің басшысы Беркінбай Ермағанбетов. 

ЖАРЫҚ ЖАЙЫ ЖАҚСАРА ТҮСТІ

Шиелінің Ақмая және Бәйгеқұм ауылдық округтерінде электр желісін жаңғырту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Бұл – әрине ауыл халқын сапалы әрі тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуге жасалған қарекет.

Теміржол бойындағы Бәйгеқұм ауылдық округі кезінде көкөніс-бақша өсірумен әйгілі болды. Қазір бұл ауылда мемлекет қолдауымен көптеген игі істер жүзеге асты. Десе де жарты ғасырға жуық уақыттан бері электр бағанасы ауыстырылған жоқ. Соның салдарынан жергілікті тұрғындар ауа райының қолайсыз күндерінде жарық мәселесінен қиындық көріп келгені рас.

Шиелі: Ауылды түлеткен ауқымды жобалар

– Мен осында дүниеге келдім. Ауылдың өмірі көз алдымда өтіп жатыр. Бұған дейін жетіпісінші жылдардың орта шенінде электр бағаналар ауыстырылған еді. Олардың әбден тозығы жетуінен жарықтың жағдайы қиындап кетті. Жарықтың сөнуі екі-үш күнге созылса, кейде аптаға дейін жететін. Енді ол қиындықтар артта қалады деп қуанып отырмыз. Электр бағаналары түгелдей жаңартылуда. Мұның өзі жетістік, – дейді Дәліхан Жұмаділдаев. 

Мамандардың айтуынша, Бәйгеқұм ауылындағы электрмен жабдықтау желісін реконструкциялау жобасы бойынша 10 кВ болатын ұзындығы 12,3 шақырым және 0,4 кВ болатын ұзындығы 23,6 шақырым электр желісі тартылады. Сондай-ақ 12 дана трансформатор орнатылады. Осылайша  сапалы әрі тұрақты электр қуатымен қамтуға жол ашылып отыр.

Ал Ақмая ауылында 10 кВ болатын ұзындығы 4,267 шақырым және 0,4 кВ болатын ұзындығы 18,61 шақырым электр желісі жүргізіліп, 501 электр бағанасы орнатылған. Сондай-ақ қуаттылығы әртүрлі 7 трансформатор іске қосылған.

– Бұл мақсатта 2024 жылы еліміздің Ұлттық қорынан 348 млн, облыстық бюджеттен 50,4 млн теңге бөлінген еді. Қаржы ауылда ескі электр бағанасын ауыстырып, олардың орнына темір-бетонды 501 электр бағанасын орнатуға жұмсалды. Оған қоса көше жарығы мәселесі өз шешімін тапты. Жоба өткен жылдың аяғына қарай игілікке асты, – дейді Ақмая ауылдық округінің әкімі Ғалымжан Бейсембаев.

Жергілікті тұрғын Виталий Пак­тың айтуынша, ескі электр жүйесі тұрғындардың талабына ешқандай сай келген жоқ. Жарықтың өшуі жиі көрініс беріп, көпшіліктің ренішін туғызып жататын. Бұған байланысты тұрғындар бірнеше жылдан бері айтып келе жатқан еді. Былтыр қайта жаңғыр­ту жұмыстары толық біткеннен кейін жарық мәселесі толықтай шешілді.

Айта кетсек, ауданда «Шиелі» қосалқы станциясын қайта жаңғырту жұмысы жүзеге асырылған. Мұның халықты тұрақты электр энергиясымен қамтамасыз етуде маңызы зор. Бұл станция 1964 жылы пайдалануға берілген. Қазір ауданда 19 мыңнан астам электр тұтынушы тіркелген. Оның ішінде 17 мыңнан астамы жеке азаматтар болса, қалғаны – заңды тұлғалар. Қайта жаңғырту арқылы электрмен қамту жүйесі тұрақталып, халықтың сала қызметіне сенімділігі артты.

АЯҚСУДЫҢ ШЕШІМІ

Білуімізше, жергілікті тұрғындар аудан басшылығына кент орта­лы­ғындағы «Базар» арығын жөндеуге қа­тысты ұсыныс білдіріп келген. Өйт­кені, бұрынғы су жолы ешқандай талапқа сай келмейді. Аяқсудың ысы­рабы көп еді. Енді жағдай оң бағытқа ойысып, «Базар» арығына темір-бетонды науа орнату ісі қолға алынды.

Шиелі: Ауылды түлеткен ауқымды жобалар

Жалпы, Шиелі кентінде 36 мыңнан астам тұрғын бар. «Базар» арығы – сол тұрғындардың аяқсу қажетін өтейтін ең маңызды арна.

Жоба 2023 жылы сараптамадан өткен. Ұзындығы 8400 метр болатын арықтың 2886 метріне 2016 жылы темір-бетонды науа салынса, қалған 5 514 метр бөлігіне лоток орнату қажеттілігі туындаған. Жоба толық жүзеге асқанда тұрғындарды аяқсумен қамтамасыз ету сапасы жақсаратын болады.

БАҚ өкілдері Шиеліде осындай іс-шаралардың куәсі болды.Ендігі сапар Жаңақорғанда жалғасады.

Әділжан ҮМБЕТ,

«Сыр бойы»