Дастан Құрманбаев: Құрбан айт тек құрбандық шалумен шектелмейді

7

0

Биыл барша мұсылман қауымы асыға күтетін Құрбан айт мерекесі 27 мамырда басталады. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті, мейірімділікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы да осында жатыр. Қасиетті мейрамның қарсаңында Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаевпен болған сұхбатты оқырман назарына ұсынамыз.

Дастан Жанасұлы, Құрбан айт мұ­сылман қауымына не үшін уәжіп, яғни міндет болды? Құрбан шалудың мәні мен маңызы қандай? Алғашқы сауа­лымызды осыдан бастасақ.

– Бисмилләһир-рахманир-рахим! Әуелі, «уәжіп» сөзінің мағынасына тоқталып өтсем. Өзіңіз айтқандай, қазақша баламасы – міндет. Діни тұрғыдан алғанда «парыз» дегенді білдіреді. Ханафи мәзһабында па­рыз бен уәжіп амал, яғни практикалық тұр­ғыдан бір мағынада қолданыла береді. Ал Құрбан айттың қиссасы бәрімізге белгілі. Ибраһим пайғамбар (Оған Алла­ның сәлемі болсын) мен оның баласы Исмаилдың арасында болған үлкен оқиға. Алла Та­ғала бұл пайғамбарды сынағысы келіп, оған түс көрсетеді. Пайғамбар түсінде бала­сын құрбандыққа шалып жатқанын көреді. Оған бірінші күні мән бермейді. Негізінде, пайғамбарлардың түсі аян – уахимен тең. Оның бір түрі түспен келеді. Пайғамбарлардан басқа ешбір адамға уахи түспейді. Оны бекерден-бекер көрмейді. Ибраһим пайғамбар (Оған Алланың сәлемі болсын) түсінің Алладан екенін біліп тұрса да, мән бермеуге тырысады. Не дегенмен де туған баласы ғой. Исмаилдың құрбандыққа шалынып жатқанын екінші күні тағы көреді. Пайғамбар осыдан кейін түсінің уахи екенін білді дейді. «Білді» деген сөз араб тілінде «арафа» деп айтылады. Құр­бан айттың алдындағы күнді «Арапа» күні дейміз. Кейбір тәпсір ғалымдары бұл күнді осы оқиғадан кейін солай аталған деп айтады. Екінші күні түсінің Алладан екеніне көзі жеткен соң, үшінші күні оны жүзеге асыруға тырысады. Баласын құрбандыққа шалуға апарған кезде, Алла Тағала оны сынағанын білдіріп, көктен көк қошқар түсіреді. «Осы қошқарды құрбандыққа шал. Осыдан кейін сенің милләтіңе осы жол қалады» деп, құрбандық осыдан бас­талады. Біз «Ибраһимнің милләтіненбіз, Мұ­хаммедтің үмбетіненбіз» дейміз. Қы­рық парызда «Кімнің милләтіненсің?» де­ген сұрақ келеді. Осы жерде «милләт» де­ген Ибра­һимнен басталған жол дегенді біл­діреді. Бұл – ұзақ әрі мәшһүр қисса. Мен сізге құрбандықтың тарихын түсіндіру үшін қысқаша айтып отырмын.

Енді құрбан шалу кімдерге міндет де­генге келсек. Құрбан шалатын күні өзі­нің күнделікті ішіп-жеу, басқа да қажетті­лі­гінен бөлек, нисап мөлшеріне жететін не­месе одан асатын артық қаражаты бар адам­ға парыз. Нисап мөлшері 85 грамм алтынды құрайды. Теңгеге шаққанда 4 млн теңгенің ол жақ, бұл жағы. Осындай артық қаражаты бар адамға міндет болады. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Мұны не үшін айтып отырмын? Мәселен, Исламның 5 парызы бар. Оның бізге бәрі бірдей парыз емес. Намаз бен ораза – бәріне парыз. Бірақ соның ішінде қажылық пен зекетті алайық. Ол мал-дүниесі жететін адамға ғана парыз. Сол сияқты, құрбан шалудың да, Рамазан айында пітір-садақа берудің де дәл осындай шарттары бар. Қолында бары да, жоғы да құрбан шалсын, пітір берсін деген шарт жоқ. Демек, бұдан шығатын тұжырым: Алла Тағала біреуге артық мал-мүлік берсе, артық құлшылық пен ғибадат жүктейді екен. Өйткені, оның мал-дүниесі – оны аз­ғырудың тағы бір жолы. Бізді шайтан, нәп­сіміз азғырады. Ал нәпсіні қоздыратын фактор – мал-дүние. Кейбір үлкендеріміз: «Артық мал бітсе, есіріп кетеді» деп айтып жатады ғой. Сөйтіп, «есіріп», күнәға, ха­рамға, ысырапқа бет бұрады. Сондай бол­мас үшін оған тағы бір құлшылықтарды мой­нына іліп қояды. Алла Тағала сол үшін де Құрбан айт күні құрбан шалуды өзінің дәулет берген құлдарына міндет етті. Оның артында Алланы еске алу, мал-дүниесінің бір бөлігінің Жаратқанның жолында қию, шалынған малдың етін айналасындағы мұқ­таждарға таратып, оларға қол ұшын беру, солардың жағдайын түсіну секілді хикметтер бар. Егер жағдайы жетіп тұрып, құрбан шалмаса, ол міндетті біліп тұрып орындамаса, Мұхаммед пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі бол­сын) «Біздің намаз оқитын жерімізге жа­қын­дамасын» деп айтқан. Қажылыққа барған­дар біледі. Мәдина қаласындағы «Пай­ғам­бар мешітінің» жанындағы алаңды Пай­ғам­барымыз (Оған Алланың игілігі мен сә­лемі болсын) кезінде «Мусалла», яғни айт намазын оқитын алаң етіп белгілеген. Осы жерге келмесін дейді. «Сен Алланың жолында малыңды қиып, парызыңды орын­дай алмай жүрсең, онда біздің арамызға, ортамызға қосылма, үмбетіміз болуға ла­йық емессің» деген ауыр ескерту айтқан. Осыдан-ақ Құрбан айттың маңызын көруге болады. Алла Тағала бекерден-бекерге ешкімге ештеңені бұйырмайды. Ештеңені бекерге жаратпайды. Сондықтан әр парыз бен міндеттің астарында осындай үлкен мән мен маңыз жатыр.

– Құрбан шалуда бастысы ниет еке­нін білеміз. Онда неге ақауы бар мал­ды, яғни тістері түгел емес, ақсақ, соқыр немесе тым арық малды шалуға рұқсат етілмейді?

– Біріншіден, құлшылық мәселелері «тауқифи» деп аталады. «Тауқиф» деген сөз «тоқтау» деген сөзден шығады. Яғни парыз, уәжіп етілген нәрселерді Алла Тағала көрсеткендей етіп орындайсың. Артық не кемі жоқ, дәл сол жерден тоқтайсың. Оған біреу келіп: «Мына жерін былай қылсақ, әдемірек болып кетер еді» деп айта алмайды және айтуға да болмайды. Мысалға намазды алсақ, «Қазір адамдар бұрынғыдай тақуа емес. Сондықтан, иман­дарын күшейту үшін тағы екі уақыт қосып, бес уақыт емес, жеті уақыт қылсақ, керемет болар еді» деп ешкім ойынан ештеңе алып-қоса алмайды. Тек Алла Тағала айтқан жер­де тоқтайды. Біз кейбір нәрселердің мә­нін білмесек те, соған тоқтаймыз. «Не­ге намаз бес уақыт? Неге шам намазы күн бат­қаннан кейін қараңғы түскенше, неге басқа уақыт емес?» деген нәрселерді түсіне алмауымыз мүмкін. Бірақ Алла Тағала со­лай болуын қалады. Біздің солай жасауы­мызда жақсылық пен пайда бар. Сол секілді, құрбандық шалған кезде де Алла Тағала «Малдың төрт түрінен ғана, атап айтқанда, түйе, сиыр, қой, ешкіден қабыл етемін» деді. Осы малдың төрт түрінің жас ерекшеліктеріне, жағдайларына байла­ныс­ты өзіндік талаптарын қойды. Қандай ақау, кемшілік болмау керектігін қадап көр­сетті. Ал «Ең бастысы ниет қой» деп тауық соя салса немесе «Соқыр болса да, қотыр болса да, ниетім түзу ғой» деп сол малды апарып құрбандыққа шалып жі­берсе, ол, әрине, жарамайды. Өйткені, Алла Тағала қалағандай орындап тұрған жоқ­пыз. Алланың бір бұйрығын орындап, бір бұй­рығын тәрк етіп тұрмыз. Бұл – бір. Екін­шіден, біздің шалып жатқан құрбан­дығымыз – Алла Тағалаға жасап жатқан сый-құрметіміз. Әдетте үйімізге құда-жек­жат немесе алыстан сыйлы қонақ кел­се, мал соямыз. Бір кісі болса да бір қой­ды соя салуымыз мүмкін. Бірақ келген кісі­нің бір қойды жеп кетпейтіні рас қой. Бес адам шақырсақ та, дастарқанды он бес адамға жететіндей етіп молынан жаямыз. Бес адам екі бауырсақтан жейді деп санап, есептей салмаймыз. Неге? Себебі, ол кісілерге де­ген құрметіміз. Келген кезде дастар­қаны­мыздың молын, пейіліміздің кеңін көрсе деп ниет етеміз. Сол сияқты, Алла Тағала да: «Малыңның ең жақсысын бер» деген кез­де біздің құрбандықты шынайы ықы­ласпен орындауымызды, сый-құрметті жақ­сылап көрсетуімізді қалады. Абыл мен Қабылдың қиссасында «Қабылдыкін не үшін қабыл етпеді?» дегенде, «Өнімдерінің ішіндегі ең шіріген, бүлінген, солғандарын әкеліп құрбандыққа шалды. Сол үшін Алла Тағала оған риза болмады» дейді. Қасиетті Құранда: «Шын мәнінде, сендердің шал­ған құрбандықтарыңның қаны да, еті де Аллаға жетпейді. Шынайы ниет, ықылас­тарың ғана жетеді» дейді. Расында да, Алла Тағала сойылған малдың етіне, еш­те­ңесіне мұқтаж емес. Керісінше, біз мұқ­таж адамдарға таратамыз. Дегенмен, Алла Тағала сол арқылы ішіміздегі ниет-пейі­лімізді өзімізге көрсетеді. Әйтпесе, Алла біз­дің ішіміздегіні де біледі ғой. «Алла Та­ғала бәрін біліп тұрса, ішіміздегіні көріп тұрса, неге бізді сынайды?» деген са­уалға тәпсір ғалымдары: «Алла Тағала са­бырлы адамның басына бір жағдайды ту­дырмай-ақ оның сабыр ететінін біледі. Десек те, ертең қияметте «мен тақуамын», «шы­найы мүмінмін», «әділ болдым» деп бәрі ақталады. «Сен әділсің бе, онда әділ­дігіңе сәйкес жасаған амалдарың қане?» деген сияқты амалыңды тергеуі, жаса­ған амалдарыңды көрсетуі – ішіндегі жағ­дай­дың көрсеткіші» деп айтады. Сол үшін де біз ниет, ықыласымыздың шынайылығын ең жақсы күйде жасау арқылы көрсетеміз.

– Өмірде түрлі жағдайлар кездесіп жатады. «Осы айда жалақым кешігіп жа­тыр еді, келесі айдың жалақысы түс­­кенше қарызға ала тұрайын» деп құр­бандық шалатындар бар. Сол секілді, бөлеп төлеу немесе несие алып құрбан шалуға бола ма? Бұл – шынайы ниет пе, әлде «жұрттан қалмайын» деген мақ­таныш па?

– Жоғарыда айтқанымдай, құрбандық шалу – жағдайы бар адамға ғана парыз етілген. Шамасы келмейтін адам қарыз алып, бөліп төлеуге немесе несие рәсімдеп өзін әбігерге түсіруге болмайды. «Олай жасамаған дұрыс», «Қарызға батпағаны абзал» деп айтпаймын. Олай құрбан шалуға мүлдем болмайды! Алла Тағала сапарда жүрген адамның өзін құрбан шалудан бо­сатқан. Қараңызшы, мал-дүниесі бар бо­лып тұрса да, оған құрбандық уәжіп болса да, сол құрбандық шалатын 3 күн­нің ішінде сапарда жүрсе, оның мой­ны­нан ол міндет түсірілген. Себебі, адам са­парда бекерге жүрмейді. Маңызды жұ­мыс­тарымен жүргенде, құрбандық қабат­тасып, әуреге түспесін дейді. Ал енді қар­жысы жоқ адамның құрбан шаламын деп әбігерге түсіп, қарызға батып, басына одан сайын қиындықтар тілеп алуы – дұрыс емес. Шариғат оны құптамайды. Қарызданып-қауғаланып шалған жағдайда «қабыл болмайды» деп айта алмаймыз. Бірақ оның сол іс-әрекетке баруының өзі бұрыс нәрсе. Одан қалды, бүгінгі күні той мәселесінде жағдайы бары да, жоғы да «жұрт ананы жасапты», «ойбай мынандай тренд шығыпты» деп бір-бі­рі­­нен қалмауға тыры­са­ды. Кейбір кездері осы нәрселер ғибадат, құл­шы­лыққа да өтіп кетіп жат­­қанын көріп жүр­­міз. Адам­дар дүние мен ақы­ретті шатас­ты­рып алуға дейін барады. Тойда, бас­қа да қалыспау – ол дүниелік бақта­ластық. Ғибадатқа келген кезде ол рия, мақ­тан­шақтық болып кетеді. Алла­ның ризалығы көзделіп жасалатын амал­дарға «адамдар көрсін», «біз де анадан қал­майық», «мыналар құрбан шалмады деп айтпасын, біз де шалайық», «жұрттан ұятты» деген нәрселер араласатын болса, ол мүлдем қабыл болмайды. Ондай кез­дерде Алла Тағала қиямет күні: «Кімнің көзі үшін жасадың, сауабын содан сұра» деп адамның бетіне «ұрады». Сондықтан, он­дай істерге бармаған дұрыс.

– Қасапшыға да қойылатын өзіндік талаптар бар деп естиміз. Кейде: «Қа­сапшылар көп ақша сұрайды» деп ай­тылып қалады. Осы тұста қасап­шының еңбегін шалынған малдың етімен немесе терісімен төлеуге бола ма?

– Шындығына келсек, ол жерде қа­сапшы өзінің жұмысын жасап, нәпақасын тауып жатыр. «Ол құлшылық қой, оны неге пұлдайды?» деп айту қиын. Себебі, ол малды шалып жатқан кісінің құлшылық-ғибадаты. Қасапшы үшін ол – қызмет. Ол қызметіне ақы алады. Мәселен, біреулер адамдарды қажылыққа апарып табыс та­бады. Малды сатып жатқан адам да өзінің күнкөрісін жасап жатыр. Әрине, бұл жерде қымбат баға қойып, ақысын тым көтеріп жіберуге болмайды. Өйткені, сен осы ар­қылы біреудің құлшылық жасауына кө­мектесіп жатырсың. Оған ақы алғаныңнан бөлек, сауап аласың. Сондықтан, ақы талап еткен кезде де, қалыптасқан әрі нарықтағы бағаны қою керек. Бірақ құрбан шалған кісі де «бұл құлшылық қой», «ғибадат қой» деп қасапшыға міндетсінбестен оның сұ­раған ақысын беріп, еңбегін жемеу қажет. Өйткені, бұл да келісімнің бір түрі. Мұхаммед пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Біреуді жалдап жұмыс жасатсаңдар, оның маңдай тері кеппей тұрып, еңбегінің ақысын беріңдер» деген. Олай болмаса, мойнында қарыз бо­лып қалып кетеді. Қияметте сұралады. Сол үшін қасапшының ақысын жемеген абзал. Өз кезегінде қасапшы да жағдайды пай­даланып, қымбат баға қоймағаны дұрыс.

– Құрбандық етінен басқа дін өкілдеріне беруге бола ма?

– Осы тұста құрбандық етін жалпы беру-бермеу мәселесіне кеңінен тоқтала кетсем. Құрбандық шалған адам сойылған малдың етін түгелдей өзіне алып қалуына болады. Оны міндетті түрде тарату шарт емес. Сол сияқты, бәрін түгелдей таратып жіберуге және кейбір бөлігін алып қалып, кейбір бөлігін таратуға да рұқсат етіледі. Дегенмен, ғалымдарымыз үшке бөлген абзал дейді. Бір бөлігін – отбасына азық ретінде, екінші бөлігін – үйіне келген мей­мандарға ұсынуға, үшінші бөлігін – ке­дей-кепшік, мұқтаж жандарға таратқан жөн екен. Бұл жерде құрбандық етін та­рату – алатын адамдардың санаттары бел­гі­ленген парыз болған зекет садақасы емес. Шалынған малдың етін тарату кө­мек болып есептелетіндіктен, оның етін өзге дін өкілдеріне де беруге болады. Бір жағынан бұл өзге дін өкілдерінің немесе дінді мүлдем ұстанбайтын адамдардың исламға деген құрметін арттырып, жүрегін жылытуы мүмкін. «Мұсылмандар осындай мейірімді, қайырымды екен. Мен де ұр­пағымның осындай болғанын қалаймын. Өзім осы бастан мұсылман болып, олар­ды осындай жолмен тәрбиелейін» деген қызы­ғушылығын тудыруы мүмкін. Сондықтан, «мұсылман емес адамға беруге болмайды» деген тыйым жоқ.

– Шариғат талаптарына сай шалын­байтын, яғни ауылдан мал алдырып, оны көпқабатты үйлердің ауласында санитарлық нормаларды бұза отырып сою құлшылыққа жата ма? Ондай құр­бан қабыл бола ма?

– Құрбандық шалу кезінде, ең ал­ды­мен, шариғат талаптары толығымен орын­далуы керек. Шариғат дұрыс деп қа­был­дайтын құрбандық болса, ол дұрыс болмақ. Сәйкесінше, Алланың құзырында да қабыл болады. Сіз айтып отырған санитарлық талаптар да шариғатта бар нәрсе. Дініміз оны да сақтауға кеңес бе­реді. Тіпті «Малдың көзінше пышақты қай­­ра­маңдар», «Өтпейтін пышақпен сой­маң­дар» деп мал екеш малдың өзіне де адам­гершілік тұрғысынан қарап, қина­мауды сұрайды. Бірақ ол кеңестер бұзыл­са да, құрбандық дұрыс болып есепте­леді. Себебі, олар негізгі міндетті шартқа жат­пайды. Дегенмен, санитарлық талаптарды сақтамау өз алдына бөлек күнә болып есептелуі мүмкін. Мәселен, сойған жерін ластап, соның кесірінен ауру тараса, бол­маса сол жерде тұратын немесе өтетін тұр­ғындарға, жүргіншілерге кедергі келтірсе, ыңғайсыздық тудыратын болса, соны жа­саған адамға күнә жазылмай ма? Десек те, құрбандығына, оның қабыл не қабыл бол­мауына тікелей әсер етеді деп айта ал­маймыз. Сондықтан, құрбандық шалған кезде барлық санитарлық нормаларды сақ­тауға тырысу қажет. Шариғатымызда: «Өзі­ңе де, өзгеге де зиян тигізбе» деген қағида бар. Біреулер: «Мен құрбан шалып жа­тырмын» деп ренжуі мүмкін. Біздің құлшылығымыз – басқаға міндет емес. Сіз айтқандай көпқабатты үйде тұрсаң, есіктің алдына шығып, мал соймайсың ғой. Ол жерде балалар ойнайды, мүгедек, қарт кісілер жүреді. Жалғыз өзің тұрмайсың. Көпшілікке арналған орынды қанға былғау имандылыққа жатпайды. Оның үстіне, қа­зір барлық өңірде арнайы мал соятын, құр­бан шалатын орындар белгіленіп, бекітілді. Сондай жерлерге барып шалған абзалырақ.

– Жыл сайын Құрбан айт қарсаңында саудагерлердің бағаны қолдан 2-3 есе өсі­ріп жіберуі шариғатқа және адамгер­шілікке қаншалықты сыяды? Бұл жағ­дай­да құрбандық шалудың мәні жо­ғалмай ма?

– Бағана атап өткенімдей, біреудің құл­шылық жасауына көмектесу, ғибадатына себеп болу – ол да үлкен сауап. Біздің қо­ғамда науқан кездерінде пайда көріп қалу бұрыннан бар, айтылып жүрген мәселе. Мысалы, мереке күндері гүл қымбаттайды. Рамазан айында сөк пен талқанның ба­ғасы өседі. Құрбан айт күндері малдың құны шарықтап кетеді. «Осы айт күндері көбірек пайда көріп қалсам екен» деген секілді пайдакүнемдік исламда жалпы құп көрілмейді. Өйткені, Имам Муслимнің «Сахих» хадисінде» айтылғандай, бағаны себепсіз күнәһарлар ғана өсіреді. Исламда «берекет» деген нәрсе бар. Оны адамдар көзбен көріп, санмен өлшей алмайды. Ол ешқандай арифметикалық заңдылықтарға бағынбайды. Алла Тағала аз ғана қара­жатқа, аз ғана малға берекет берсе, біреу­лердің миллиондаған байлығынан артық болуы мүмкін. Одан да көп пайдасына жарап, рахатын көреді. Кәсіп иелері: «Дәл осы айт күндері көп пайдаға кенелмесем де, мұсылмандарға қолайлы жағдай жасап, құлшылығын жасауға себеп болайын, ма­ған Алла Тағала басқа жағынан бере­кетін береді» деген сенімде болуы керек. Алланың қазынасы көп, сондықтан ол міндетті түрде басқа жағынан қайтады. Әрине, өзіңді шығынға батырып, сондай әрекетке бар деп айтпаймыз. Кейде мал­ды сатып әкелетін жағы қымбаттатып жіберетін жағдайлар да кездеседі. Сосын әкелуші амал жоқ, жолы бар, басқасы бар, бала-шағасының нәпақасы бар, шығынға батпау жағын ойлайды. Сондықтан, бағаны қолдан көтермеуге шақырамыз.

– Бірнеше жылдан бері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арнал­ған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосып келеді. Адам өзі бармай, ақшасын ауда­рып, онлайн тапсырыс беру арқылы құр­бандық шалуының рухани мәні қандай? Сойылған малдың қанын көру, етін өз қолымен тарату міндетті емес пе?

– Әлбетте, мүмкін болса, ер кісілер құрбандық малдарын өздері сойғандары абзал. Мұхаммед пайғамбарымыз (Оған Ал­ланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Фа­тимаға: «Құрбандыққа шалынған малдың әр тамған қаны Алланың құзырындағы биік дәрежелерде қабыл болады. Бар да, шалып жатқан құрбандығыңды өз көзіңмен көр» деп айтқан. Осыдан-ақ шалған адам­ның өзінің қатысуы маңызды екенін кө­реміз. Бұдан бөлек, біздің халқымыз: «Бә­ле-жәленің бәрі осымен кетсін» деп жа­тады. Демек, оған қатысудың астарында үлкен хикмет бар деген сөз. Кейбір кісілер: «Малды соймақ-ақ ақшасын бере салсақ болмай ма?» деп жатады. Ақшасын бере салатын жерлер өте көп. Зекет, пітір са­дақасы, нәпіл садақалар бар. Бірақ, неге қан ағызып, құрбан шалу арқылы садақа жасауымызды бұйырып тұр? Алла Тағала ешбір нәрсені бекер бұйырмады дедік қой. Сондықтан, соя алса, өзі бауыздағаны дұрыс. Бара алса, барып қатысқандары жөн. Десек те, кейде мемлекеттік мереке, демалыс болғанымен біреу жұмыстан бо­сай алмауы, кезекшілікке түсуі, сапарда жүруі мүмкін. Сапарда жүрген адамның мойнынан түседі, бірақ союына болмайды деген сөз емес. Сауаптан құр қалмайын деп, ауылында қалған біреуге тапсырып, өзінің атынан шалғызуы мүмкін. Сол секілді, құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайты осы мей­рамнан екі апта бұрын іске қосылып, жұ­мысын бастады. Онлайн түрде құрбан шалам деушілер осы сайт арқылы тұратын өңірін, құрбандық малын таңдап, қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Айт күні бекітілген өкілдер сол кісінің атынан құранын оқып, батасын беріп, шалады да, оның фото және бейне есебін тапсырыс бе­руші көрсеткен нөмірге жібереді. Бұл – халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұра­тын жамағатқа оңтайлы болу үшін жасал­ған дүние. Кейбір кісілер базарға барып, мал таңдап жүргісі келмейді. Кейбіреулер кезекке уақыт құртқанша, бір күн де­ма­лысын отбасына арнағысы келеді. Мере­келік шараларға қатыссам дейді. Ығы-жы­ғы жерге бара алмайтын егде жастағы кісілер болады. Міне, осындай адамдарға аталған сайт өте қолайлы. Алаяқтарға ал­данамын деп уайымдамайды, есебін түгел көріп отырады.

– Құрбандық шалған сәтін видеоға немесе суретке түсіріп әлеуметтік же­лілерге салу – бұл мерекені насихаттау ма, әлде рия па? Жалпы, қан шығарып жатқан сәтті көрсету дұрыс па?

– Жалпы, базарда мал таңдап, оны са­тып алып жатқан суреттер мерекені наси­хаттауға жатуы мүмкін. Егер, ниеті дұрыс, мақтангерліктен аулақ болса, әрине. Бірақ қан ағызып жатқан сәтті түсіру, оны әлеу­меттік желілерге жариялау дұрыс емес. Оны көрген адамның бәрі түсінеді деп айту қиын. Иман келтіргендер бар да, дінге қарсылар бар. Құрбан шалудың мә­нін білетіндер бар да, оны жануарларға қа­тыгездік таныту деп ұғатындар бар. Олар дұрыс түсінбегеннен бөлек, оны басқа мақсатта пайдалануы, халыққа бас­қаша жеткізуі мүмкін. Екіншіден, оны көрсетудегі мақсат не? Оны әлеуметтік же­лілерде жаппай тарату заң тұрғысынан да дұрыс емес деп ойлаймын. Демек, мұның қай жағынан да құп көрілмейтіні осыдан-ақ көрініп тұр.

– Қоғамда: «Біз айт күндері тек та­мақ жеу мен қонаққа барумен шек­теліп жүрміз. Құрбан айт мал сою ар­қылы жыл сайын қайталанатын ет жеу дәс­түріне айналып кетті» деген пікір бар. Бұған не дейсіз? Айт күндері құр­бандық шалудан бөлек тағы қандай істер ат­қарған абзал?

– Ислам дінінде өзі екі-ақ мереке бар. Оның екеуі де айт. «Айт» деген сөздің өзі мейрам, қуаныш, шаттық дегенді біл­діреді. Біреуі – Ораза айт, екіншісі – Құр­бан айт. Қарап отырсаңыз, екеуі де құлшылық-ғибадатпен басталады. Ораза айт намазы оқылғанша, пітір садақасын бермегендер беруге асығады. Бірінші са­дақасын беріп, айт намазын оқиды. Ал Құрбан айтта бірінші айт намазын оқып, сосын құрбандығын шалады. Осылайша, екі мерекенің екеуі де таң азанымен ғи­бадатпен бастау алады. Одан кейін барып мерекені тойлау, адамдарға қуаныш сылау, бірін-бірі зиярат ету секілді амалдарға жалғасады. «Бұл күні қыдыру, тамақ жеу, қонаққа бару көп, ол дұрыс емес» деп айтуға болмайды. Өйткені, бұл күн – мере­ке. Мерекені сезіну үшін ораза ұстауға әдейі тыйым салынды. Екі айтта ораза ұстау – харам, күнәға жатады. Ол күні адам жайнап-жадырап, күліп жүруі, бір-біріне қонаққа баруы, қуанышты, мерекені сезіне алуы, өзгеге де сездіре білуі керек. Айттың лебін, салтанатын, кеңістігін жасайтын амалдарды қолдау, құптау қажет. Бірақ құр әншейін қуанып, босқа секіріп жүрмеген жөн. Бағанағы айттың таңымен басталатын құлшылық-ғибадаттарды жасаған дұрыс. Бәріне бірдей пітір садақасын беру, құрбан шалу міндет емес. Дегенмен, бәріне бірдей айт намазына бару – міндет. Ораза айт жұмыс күні болғандықтан көбісі боса­май қалып жатады. Ал Құрбан айт – мем­лекеттік мереке. Арнайы демалыс бері­леді. Сондықтан, Алла Тағала осындай мүм­кін­дікті нәсіп етіп тұрғанда, оған неге бар­майсың? Неге ел-халықпен, жамағатпен бірге дұға етпейсің? Одан кейін қанша кү­ліп-ойнасаң да, қанша қыдырсаң да бәріне рұқсат етіледі. Тек шариғат шеңберінен шықпасаң болғаны.

Құрбан айт тек құрбандық шалумен шектелмейді. Бұл – ағайын-туыстың ара­сын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жолын ұстанады. Айт күндері туысқанның басын қосып, адамдар арасындағы қарым-қа­ты­насты күшейткен абзал. Егер туған-туысың зиярат ете алмайтындай алыста болса, телефон шалып, жағдайын біліп, құт­тықтау, ағайынның арасына жылулық сыйлау – игілікті іс. Екінші – көрші-кө­лемнің арасындағы жылулық. Оларға да арнайы барып сәлем беру, құрбандық етінің бір бөлігін апару болмаса балаларына «айт­тық» деп кәмпит секілді тәтті тарату – мерекенің сәнін кіргізетін сауапты амалдар.

Құрбан айт – отбасы құндылығын арт­тыратын мереке. Ата-анамызға, бала-ша­ға­мызға сыйлық беріп, оларға арнайы көңіл бөліп, барынша қуантқан жөн. Жа­сыратыны жоқ, діни мерекелердің насихаты аз. Сол себепті де балалар Хэллоуиннің бетпердесін киіп, соларды көбірек біледі. Ғаламтордан соларды көп көреді. Құрбан айттың насихаты кемшін болғандықтан, балаларымыз бейғам өсіп келе жатыр. Оларға осы бастан: «Қастерлі де қасиетті Зұл-хижжа айы кірді. Осы айдың оныншы күнінде үлкен мейрам Құрбан айт болады» деп Ибраһим пайғамбардың қиссасын айтып берсе, айттың құрметіне көшеге шығарып қыдыртса, бұл – отбасылық идеологиялық жұмыстың үлкені. Бұрын үлкендеріміз Арапа күні иіс шығарып, бауырсақ пісіріп, айттың келе жатқанын білдіретін. «Айттық сұрау» деген бар болатын. Қазір ол да ұмытылып келе жа­тыр. Міне, осылардың бәрін көріп өскен өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.

Әңгімелескен

Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ,

журналист