Адамның сүйікті ісі мен әуестігі табыс көзіне айналғанда шабыттана түсетіні бар. Мұндай оқиғалар өзгелерге үлгі болып, қанат бітіретіні сөзсіз. Үй шаруасымен айналыса жүріп табысты кәсіпкер болған Жаннұр Момыш облыс орталығында «ТАУ-дай бол» сауда белгісімен танымал. Осыдан бірнеше жыл бұрын үйде бала тәрбиесімен айналысатын қарапайым отанасы болатын. Өз кәсібін ашуды ойласа да, бастапқы капиталдың жоқтығы арманы алыстап кеткендей әсер қалдыратын. Дегенмен, бір күні ол тәуекелге бел буды.
Жаннұр жастайынан түрлі тағам әзірлеуге бейім болған. Қолынан келетін істі кәсіпке айналдыру үшін жолдасына мұздатқыш камера сатып әперуді сұрады. Тұшпара мен мантыны тапсырыспен дайындап сатуды қолға алды. Бұл әрекетін отбасылық бюджетке аздап болса да қосымша қаражат қосу деп ойлаған еді.
– Ол уақытта бұл ісімнің мұншалықты ауқымды кәсіпке ұласатынын мүлдем ойламаппын. Алғашқы клиенттерім көршілерім мен таныстарым болды. Олардың пікірлері жақсы болған соң, өнімге сұраныс та арта түсті. Кейін Instagram-нан үй жағдайында шұжық жасау туралы бейнеролик көріп, бұл іске қатты қызығып кеттім. Ассортиментімді кеңейтіп, шұжық өнімдерін шығаруды ұйғардым, – дейді Жаннұр.
Осылайша ізденіс басталды. Ол Ақтау қаласынан шұжық жасаудың қыр-сырын үйрететін арнайы курстар тапты. Рас, курстың бағасы арзан емес, алайда жас кәсіпкер мен оның жары бұл шығынды ертеңгі күнге салынған инвестиция деп ұғынды. Үш сатылы оқудан өтіп, алған білімі кейін ісін дөңгелентуге берік негіз қалады.
2023 жылдың басында заңды түрде жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, облыс орталығынан шағын ғана ғимаратты жалға алып, шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттар шығаратын цехын ашты. Өндіріске қажетті құрал-жабдықтарды алу үшін ол мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларына жүгінуді жөн санады. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтық филиалына барып, жеңілдетілген несие рәсімдеді. Міне, осы сәттен бастап «ТАУ-дай бол» брендімен өнім шығару қолға алынды. Айта кетерлік жайт, сауда белгісінің атауы кездейсоқ қойылмаған. Ерлі-зайыптылар отбасындағы үш қызы – Тоғжан, Айзере және Ұлжан есімдерінің бірінші әріптерін алып, осындай жағымды әрі төл атауды ойлап тапқан.
Уақыт өте келе тапсырыс көбейіп, өндіріс алаңын кеңейту қажеттілігі туындады. Бұл жолы да Жаннұр мемлекеттің қолдауына арқа сүйеді. 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы мен «Coca Cola белестері» бастамасы аясында жаңа бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін жеңілдетілген гранттар ұтып алды.
– Мемлекеттің қолдауы тек құрал-жабдық сатып алу мүмкіндігі емес, алға жылжуға деген ынта мен серпін берді. Қолдауды барынша тиімді пайдаланып, өз жобаңды қоғамға пайдалы етіп, табысты жүзеге асыру маңызды. Ашығын айтсам, бұл көмексіз менің арманымның жүзеге асуы екіталай еді, – деді кәсіпкер.
Ол өнім сапасына айрықша мән береді және өндірістің әрбір кезеңін жіті қадағалайды. Цехқа қажетті шикізатты Жалағаш ауданындағы сенімді фермерлерден ғана сатып алады. Әрбір ет партиясы қатаң тексеруден өтіп, шығарылатын өнімдерге «Халал» сертификаты алынған. Бұл – тұтынушылар тарапынан сенімді арттыра түсетін маңызды фактор.
Бүгінде «ТАУ-дай бол» сауда белгісімен шығарылатын шұжық өнімдері мен жартылай фабрикаттар облыс орталығындағы 16 дүкен сөрелерінен орын алған. Алдағы уақытта өнім түрлерін одан әрі көбейту жоспарда бар.
Жақында ғана іскер әйел өз өнімдерінің шағын партиясын АҚШ, Франция және Жаңа Зеландия сынды елдерге экспорттап үлгерді. «Тұмар» шағын өнеркәсіп аймағынан 20 түрлі кондитер өнімін шығаратын жаңа цехын іске қосты. Кәсіпкердің айтуынша, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау шаралары оның кәсібінің ілгерілеуіне айрықша серпін беріп отыр. Бүгінде екі цехта 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал алдағы жоспар одан бетер ауқымды – өндірісті кеңейту және тағы бір сауда нүктесін ашу.
– Ең бастысы қорықпау керек. Өз ісіңе беріліп, адал еңбек етсең, барлығы да ойдағыдай болады. Мемлекет қолдауымен түрлі бизнес-идеяларды жүзеге асыру әлдеқайда жеңіл, – деп түйіндеді сөзін кейіпкеріміз.
Шынында да, бұл – елімізде кәсіпкерлікке жасалып жатқан жағдайдың, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көрсететін жарқын мысал. Үй шаруасын атқара жүріп, өз ісінің шеберіне айналып, өнімін әлемнің түкпір-түкпіріне жөнелтуі қазақ әйелінің қандай биікті де бағындыра алатынын паш етеді.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





