Салаға саналы ғұмырын арнады

6

0

Өңірдің денсаулық сақтау саласының аса көрнекті ұйымдастырушысы, білікті дәрігер, тәжірибелі басшы, ұлағатты ұстаз әрі медицина саласының құрметті ардагері Базарбай Асанбайұлы Атабаевтың есімін әрдайым құрметпен еске аламыз.

Базарбай Асанбайұлы 1937 жылдың 10 қараша­сында Сырдария ауданындағы (қазіргі Шиелі ауданы) «1 Май» колхозында дүниеге келген. Еңбек жолын фельдшер ретінде бастап, кейін Алматы мемлекеттік медицина институтының педиатрия факультетін тәмамдаған. Туған өлкесіне оралып, балалар хирургі болып қызмет атқарды.

Саналы ғұмырын өңірдің денсаулық сақтау жү­йесін дамытуға арнады. Балалар хирургі, облыстық денсаулық сақтау саласының штаттан тыс бас ба­лалар хирургі, аудандық және облыстық деңгейдегі бас­шылық қызметтерде еңбек ете жүріп, аймақ меди­цинасының қалыптасуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосты.

1975 жылдан облыстық денсаулық сақтау са­ласының ұйымдастыру-әдістемелік қызметін бас­қарған кезде медициналық көмектің сапасын арттыру, статистика мен денсаулық сақтау менедж­ментін жетілдіру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілді. Базарбай Асанбайұлының тікелей бас­тамасымен облыстық ауруханада алғаш рет балалар хирургиясы бөлімі ашылып, жас мамандар кәсіби тұрғыда қалыптасты.

1982-1988 жылдары облыстық денсаулық сақ­тау бөлімі меңгерушісінің бірінші орынбасары қыз­метін атқарып, барлық аудан мен елді мекенде медициналық көмектің қолжетімді болуына ерекше назар аударды. Жаңа ауруханалар, емханалар, фе­льд­шерлік-аку­шер­лік пункттер, зертханалар мен дәріха­налардың ашы­луына ұйытқы болып, оларды мамандармен және қа­жетті құрал-жабдықтармен қам­тамасыз етуге үлкен еңбек сіңірді.

Базарбай Асанбайұлы шалғай ауыл тұрғын­да­рына медициналық көмекті жақындату, ана мен бала денсаулығын қорғау, жұқпалы аурулардың ал­дын алу, кадрлардың білімін жетілдіру бағы­тын­дағы жұ­мысты жүйелі ұйымдастырды. Оның бастамасымен жылжымалы дәрігерлік амбула­то­рия­лар қызметі да­мып, профилактикалық медици­наның тиімді үлгісі қалыптасты.

Өңір медицинасы тарихындағы ең ірі жобалар­дың бірі Қызылорда облыстық жұқпалы аурулар ау­руханасының салынуы мен қалыптасуына Базар­бай Асанбайұлының қосқан үлесі ерекше. Оның та­бан­дылығының арқасында типтік жобадағы жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, 1988 жылы өзі осы мекеменің бас дәрігері болып тағайындалды. Кейін бұл аурухана республикадағы үздік медициналық ұйымдардың біріне айналды.

Ол облыстың бас инфекционисі ретінде ғана емес, республика көлеміндегі жұқпалы ауруларды емдеу қыз­метінің дамуына да елеулі үлес қосты. Ғылыми-зерт­теу жұмыстарымен айналысып, 30-дан астам ғы­лыми мақала жазды. Оның жетекшілігімен жұқпалы аурулар қызметінің тарихына арналған ғылыми жинақтар жарық көрді.

Базарбай Асанбайұлының еңбегі мемлекет тара­пынан жоғары бағаланды. Ол «Халықтар достығы» орденімен, «КСРО Денсаулық сақтау үздігі», «Қа­зақстан Республикасының Денсаулық сақтау үздігі» төсбелгілерімен, көптеген медальмен, Құр­мет гра­моталарымен және басқа да жоғары марапат­тармен наградталды. «Шиелі ауданының құрметті азаматы» атағына ие болды.

Медицина саласындағы еңбегімен қатар, ол қоғам өміріне де белсене араласты. Мұстафа Шоқай мұрасын зерттеу мен насихаттау ісіне зор үлес қо­сып, арнайы қор құрып, ғылыми және тарихи ең­бектердің жарық көруіне ықпал етті. Оның бұл ба­ғыттағы қыз­меті халықаралық деңгейде жоғары бағаланды.

Базарбай Асанбайұлы кәсіби шеберлігімен ғана емес, адамгершілік қасиеттерімен де көпшілікке үлгі болды. Жас мамандарға қамқорлық көрсе­тіп, шә­кірт тәрбиелеуді өмірлік ұстанымына айнал­дыр­ды. Бүгінде оның тәлімін алған дәрігерлер еліміздің әр өңірінде абыройлы еңбек етуде.

Өмірінің соңына дейін өзі қалыптастырған ұжым­мен байланысын үзбей, денсаулық сақтау сала­сының дамуына ақыл-кеңесін беріп отырды.

Халыққа адал қызмет етуді басты мұрат еткен ардақты азаматтың жарқын бейнесі, өнегелі өмір жолы мен мол мұрасы әріптестері мен шәкірттерінің жүрегінде мәңгі сақталады.

Алмас ӘБІЛПАТТА,

облыстық денсаулық

сақтау басқармасының басшысы