Адам баласы ғана емес, жаратылыс атаулының басты құндылығы болашаққа қызмет етуге бағытталған. Өмірдің мәні де осы болар.
Азаматтың басында болатын асыл қасиеттер адалдық, азаматтық, шыншылдық, турашылдық жас кезімнен білетін Базарбай Асанбайұлы Атабаевтың бойынан табылатын.
Ең алдымен оның жасаған еңбегін, азаматтық қалпын, келбетін айту парыз болмақ. Облыстың денсаулық саласында жасаған еңбегі, ойып алатын орны бар. Әріптестер арасында азаматтық болмысымен ерекшеленіп тұратын. Жаға ма, жақпай ма, турашыл, керек жерінде азаматтық мінез көрсетіп, әділеттілік танытып жүретін, құбылып өзгеруді жат көрген. Түн ұзақ болғанымен, таң атады, күн ұзақ болғанымен ұясына барып батады. Міне, бүгінде Базекеңнің арамыздан кеткеніне де бірнеше жыл өтті.
Оның өмір жолы теп-тегіс болған жоқ. Жазықсыздан «Халық жауы» атанған әкенің баласы еді. Солақай саясат шыбықтай өсіп келе жатқан жас баланың жүрегіне жара салмады деп кім айта алады? Шындық кешігіп жетеді емес пе? Уақыт өтіп, армандаған күндер жетіп, әкенің ақталған хабарын естігендегі Базекеңнің қуанышын қағаз бетіне түсіріп айту мүмкін емес.
Дегенмен сынаққа толы сол күндер Базекеңді майыстырмады, қалай болғанда да шындық жеңеді деген үміт алға жетелеумен жүрді.
Азаматты бағалаудың басты өлшемі адамға, қоғамға пайдалы қызметі болса керек. «Ата салтын ұмытқан – өшкендіктің белгісі. Өткенді еске алған – өскендіктің белгісі» деген қағида Базекеңнің көкірегінде сақталып қалған. Бұл тұрғыда Алаштың ардақтысы, халқының біртуар азаматы Мұстафа Шоқайды елге танытуға жасаған қызметі – өлшемі жоқ құнды дүние. Бұл жолда да Базекең аз тер төккен жоқ. Мұстафа Шоқай қазақ еліне қайтып оралды. Осы істің басы-қасында Базекең басшылық жасады.
Бақ жұлдызы жанатын пендесін Жаратқан әу бастан-ақ тағдыр тезіне салып, өмір өткелдерімен өрге сүйрейтіні баршаға мәлім.
Базекең денсаулық саласының қай қызметінде болғанда да белсенділігімен көзге түсіп, өрлеп, халық жадында сақталатын еңбегімен ерекшеленді. Әр азаматтың тағдырына барынша байыпты қарады. Денсаулық зардабын көріп, қиналған жандардың жадында десем шындықты айтқаным болар.
«Ат жақсысын мақта, адам жақсысын жақта» деген қағидаға біздің – қызметтес, әріптес, дәмдес болып, қатар жүргендердің Базекең туралы көзқарас-естеліктеріміздің бір арнада тоғысуы дәйек бола алады.
Өйткені ағайын-туыс, дос-жора, замандастар арасында да Базекең қашанда бауырмалдығымен әрі қарапайымдылығымен ерекшеленген жан еді.
Отбасын, балаларын өте жақсы көретін. Баршамыз мойындайтын, адал жар болып, дүниеге мұрагер әкелген, бұл фәни дүниеден ерте озған Гүлбарамның да орны әрине, бөлек болды. Базекеңдей азаматтың қадірін, мәртебесін көтеріп, тек жанашырлық танытып кеткен ыстық ықыласы есімізде мәңгі сақталып қалды.
Тұрғанбай МАХАНОВ,
Қазақстанға еңбегі сіңген дәрігер, облыстың құрметті азаматы





