Құстар, құстар

4

0

Ойпырм-о-ой, сол кеште үшеуі әнді салды дейсің, бір әннен соң бір ән, бір әннен соң бір әнді әуе­летті… Әуендері алғашында грейдер көрмеген кедір-бұдырлау жол үстіндегі шоқырақ еді, ыс­тық шәйден ұрттап, ащы судан жұтың­қырағаннан кейін өнерпаз­дардың дауыстары да ашыла түскен сы­ңайлы. Әлде ішіне ел қонған жұрт­қа солай сезілді ме, бірте-бірте ән­дері әдемілене берді.

Зоотехник Әштәй, мал дәрігері Оралға гараждың диспешірі Жақан қосылып, үшеуі Трио! Орекеңнің институтта оқып жүргенінде ор­кестр­дің мүшесі болғаны бар екен, мандолинаны тартқанда қолын ритм ырғағымен айналдыра ұрып, ас­паптың жанын жеп барады. Сым ішектер «сөйлеп» кеткендей. «Құстар, құстар» деп сызылғанда іші-бауырың елжірейді-ай! Осы кезде сүйемелдеушінің саусақтары дір-дір етіп, жоғары-төменді су­си жөнеледі. Бір керемет! Әше­кең домбырамен әуре, ал осы өнер­паздардың ең жасы Жақаң төң­керілген табақты кепшік се­кілді қағып, тақылдатып қояр емес. Осы­лайша бүгінгі көңілді жиын тә­мамдалуға тақалғандай еді. Ауыл­дың айтулы триосы Тілен­диев­тің белгілі әнін бел ортасынан аударғанда төрдегі кісілер елең­десіп қалды. Бүгінгі кештің бас­ты кейіпкері Жәкең коньяк толы стаканды ерніне апара бере, му­зы­канттар жаққа қарап кідіріп қал­ғаны. Мұны әуелі рабошком Әле­кең аңғарып қалды да:

 – Оу, алыңыз, алыңыз, – деп ел­пектеді. «Не дейд, сыймай кетіп барад дей ме?..» Иә Жәкең осылай дегенде сыпайы ғана сыздықтатып отырған ауылсовет Жұмекең де бір кәкірді сезгендей сезік алды. Сөйтті де әлгінде ғана үстел үстіне қойған стаканына қайта қол созып:

– Жәке, жаңағы жақсы сөзге жақсылап алып қойыңыз, – деп ор­нынан көтеріле берді. Әншілерге қарап директор Әбекеңнің қабағы кіржиді. Бұл кезде бас музыкант Орекең бір аяғын орындықтың төменгі белдеуіне тірей, тізесін сәл бүккен күйі мондолинасын өң­геріп, әдетінше сыңсытып тұр­ған-ды. Мына тұрыста жаңа ғана тентек жел сипап өткендей, маң­дай шашы желпілдеп, шып-шып тер самайға қарай құлаған. Ал Жа­қаң өз өнеріне елтігені сонша «кеп­шікті» қоя сала, «ааа-ааа-а-а» деп кеңірдегін созғанда, аузы мондолшының жалаңаш білегіне тақалып-тақалып кетеді.

Үшеуі қосыла, «Ааа-ааа-а-а-ай, Қимай кетіп барасың, сыймай кетіп барасың…» деп әуелеткенде залда отырғандардың қыза бастаған кейбірі де: «Қимай кетіп барасың, сыймай кетіп барасың» деп қосыла аңырайды. Бар пәле осы сөзде екен. (Ән текстінің авторы кешірсін.) Трио «Қимай кетіп барасың» деп тағы да соза түскенде парторг Ба­текең шыдамай кетті-ау деймін орнынан ұшып тұрған бойы ке­ңірдегі кетпен саптай адырая ай­қайлап тұрған Жақаңның желке тұ­сынан нұқып қалып: – Доғар!, – деді. Тағы да:

– Тоқтатыңдар!, – деді түрін суытқан күйі. Музыканттарымыз көздері жыпылықтай сап тиылды. «Япырай, жұрт көңілді отырсын деп ән салғаннан басқа не жазы­ғы­мыз бар еді» дегендей мүләйім­сіген пошым…

Бұл мәністі оқырманға түсінді­ру үшін сәл шегініс жасауға тура келеді, амал жоқ сөйтеміз. Қы­рық жыл­дың арғы жағындағы оқиға ғой бұл. Әңгіменің барысы немен біт­кенін білгіңіз келсе, бері икем­деліңіз…

…Бүгінгі кештің басты кейіпкері Жәкең осы совхоз құрылғаннан бері бас маман лауазымын атқарып келеді. Жиырма жыл! Аз десеңіз де, көп десеңіз де осы шаруашылықта дегені болған кісі. Орысша, қазақ­ша өте сауатты. Заңның түбін түсіреді. Қай мәселеңді де кері айнал­ды­рып жіберу ол үшін түк емес. Бас­шы-қосшылар мәмілелесіп отыр­ғанында Жәкең: «Между прочим» деп орнынан көтерілді ме, бұрынғы келісімнің бәрі зая кетті дей бе­рі­ңіз. СовМиннің қаулысынан үзінді келтіреді, Шаруашылық ісін жүр­гізу нұсқаулығынан дәлел ай­та­ды. Жуан папкісінен бұрқы­ратып қағаздарды шығарады, осы­лайша өз пікірін дәлелдеп бағады. Әйтеуір, қырқы бір жақ, өзі бір жақ болып, топты соңында бір өзі қыңырлықпен жеңіп шығады. Ілгеріде бас зоотехникпен сөзге ке­ліп қалып, оны орнынан тайдыру әре­кетімен Зоовет институтқа сырт­тай түсіп елу сегіз жасында дип­лом алып шыққан өлермендігін қайтерсіз. Байқасаңыз, басшылар үшін қолайсыз қызметкер. Оның үстіне маманмын деп бас зоотех­никтің қызметін сұрай ма деген қауіп те қосылған. Қадалған же­рі­нен қан алмай қоймайтын адамы­ңыз, бір қадалмасын деңіз… Сон­дықтан әке-көкелеп екі қысты ара­­ға салған биылғы көктемде Жә­кең 60-қа толды. Алайда зейнетке шы­ғуға асығар емес. Әлі де бір жыл бұрынғы қызметін жалғастырғысы келетіндігі туралы сыбыс шыққалы басшылар мазасыз. Бүйректен си­рақ шығарар кадрден тезірек құ­тыл­сақ дейді.

Директор бұл мәселені парторг Батекеңнің мойнына артқан. Са­уаты да, орысшасы да өзінен кем емес, ауыл-аймаққа қадірлі май­дан­гер офицерді Жәкең де сый­лай­ды. Сондықтан бастық пен бас маман арасындағы келісім парторг арқылы өрбиді. «Жасыңыз келді, енді жұмысты қойып демалғаныңыз жөн» деген парторг пікіріне әуел баста Жәкең қарсы болмапты. «Дұ­рыс, маған жанашырлық жасап отырсыз, бірақ мен жуырда үш аяқты мотоцикл алғанмын, «Урал!» Қарызға. Үш мың сом! Со­­ның қарызын айлығымнан тө­леп құты­­лайын. Сосын зейнетке шы­ға­­мын» дейді. Бұ дегеніңіз әлі де бір жыл қызметтен кетпеймін дегені. Онда «берешегінен бір-бір айлығымызды беріп құтқара­йық, тезірек демалсын» деп пә­туа­ласқан белсенділер шамалы жеңілдегендей болды. Солай етті де. Енді парторг қашан қуанышты хабар айтады деп құлақтары тү­рулі. Алайда кейіпкеріміз басқа проб­леманың құлағын қылти­тып­ты. Қалада жаңа үй көтеріп жатыр екен, соның материалдарын бүгін тауып берсе, ертең жұмыстан боса­мақшы. Пажалыста, еріктеріңіз біл­сін, деп әңгіме ауанын өздеріне аударыпты. Басшылар бұған да келісті. Екі жүк көлігі тақтай-пақ­тай, есік-терезе, шифр дегенді сонау А. қаласына жеткізіп берді. Бас маманды енді пенсияға шы­ғару керек. Алайда жұмыс стажын растайтын бірде-бір құжаты егесі­нің қолында жоқ болып шықты. Өзі осылай дейді. Соны түгендеңдер дейді. Жазған құлда шаршау бар ма, бір маманды арнайы бөліп оның бұрын жұмыс істедім деген жерлерін екі ай бойы шарлатып, зорға дегенде құжаттарды пен­сия­­ға дайындатты. Енді не дер екен деді: «Менің еңбек демалы­сыма шығар құрметіме не сый­лық дайындадыңдар, соны көрсе­тің­дер!» деп әмір береді. Онысы да орындалды. Өзіне шапан, әйе­ліне көйлек-жаулық. Және 1000 сом! Сол кездегі өлшеммен аз емес. Алайда, мерейтой иесі аздап қо­ңылтақсығанмен соңыра келі­сімін береді. «Айтпақшы, үйге шақырып тамақ бере алмаймын, өйткені, бала-шағамның бәрі қалаға кеткен, қоштасу дастарқанды да өздерің ұйымдастырасыңдар, коньяктің тә­уірінен алыңдар!» деп ол соңғы ультиматын айтады. Қырқына шы­дап, қырық біріне шыдамасын ба, парторгтің араласуымен дирек­ция бұған да келіседі. Ол кезде қа­зіргідей мейрамхана қайда?! Ша­руашылық кеңсесінің акт залы­на жан-жақтан үстел, орын­дық жи­нап, далаға қазан көтерілді. Бү­гінгі қызығыңыз осы! Кеңседегі келін­шектер салат қамдап, комсомол қыз-жігіттер шәй тасып, қызмет жасауда. Бас кейіпкерді төрге отыр­ғызып, өзі қалаған тәуір коньягінен алдыртыңқырап, тезірек зейнетке шығару операциясын бір жөн ет­келі отырғандарында мына қыр­сықты қарасаңызшы! Жұртты кө­ңіл­дендіріп, күлдіріп отырады деген әлгі үшеудің бүлдіріп отыр­ғанын. Жыл басынан бергі жеті-сегіз ай бойғы қарбаласты бірауыз өлеңмен бір пұл етпекші! Ойбай-ай, «Қимай кетіп барасың, сыймай кетіп барасың» дегендері не сөз? «Ал қимасаңдар, кетпей-ақ қояйын» деп айнып қалса қайт­пекші? Адам күйе ме, күймей ме?! Бәрінің шиқандарының аузын тыр­наған осы жағдай еді.

– Әлгі әнді енді қайталамаңдар! – деді мұнда көмекке келген ра­бошком. –Айтқыш болсаңдар, бас­қасын салыңдар. Мәселен, «Мұ­ңайма» деген ән бар емес пе?

Жақаң зерек жігіт ғой, мәселе­нің мәнісін тез ұғынып: – Айнагүлді бастайық, – деді. – Айнагүл-ау, Ай­на­гүл, уәдеңіз қайда бұл. Қыс деп едің күз болды, Бұ не деген іс бол­ды?» деп келетін.

– Ә, мыналарың жөнге келе­тін секілді, осы тақырыпта, осы темптен ауытқымаңдар, –деген пар­торг те өз үстеліне қарай бет алды. Бұл кезде бас бұғалтыр мерейтой иесінің бетінен шөпілдете сүйіп, стаканын сүзістіріп жатыр еді…

…Ертеңіне еден жуушы келін­шек, «Құстар, құстар сызылтып ән салады».., деп әндете жүріп ег­де маманның кабинетіндегі шаң басып тұрған жиырма жылдық бу­ма-бума папкілерді сыртқа тасып, бөлмені адыраспандай бастады.

Нұрмахан ЕЛТАЙ,

республикалық Б.Қыдырбекұлы  атындағы сыйлықтың лауреаты