Асқар Жұмаділдаев: «Елге ең көп пайда әкелетін де, халықтың зәресін алатын да – математика»

811

0

Асқар Серқұлұлы Жұмаділдаев 1956 жылы 25 ақпанда Шиелі ауданында дүниеге келген. Белгілі ғалым және қоғам қайраткері, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан ҰҒА-ның академигі.

Ел ағасымен Сыр еліне сапары барысында сырлы сұхбат құрудың сәті түскен болатын. Жылдам сөйлесе де жаңылмай, турасын айтатын математик «Маған қисық сұрақ қой. Түзу жауап беремін» деп сөз бастады. Емен-жарқын сұхбаттасу барысында өмірі есепке арналса да адамдармен есепсіз араласатын ақжарма көңілі анық байқала түсті.

– Аға, қазақ халқының сіздің ойыңыздағыдай идеальный елге айнала алмай жатқанының басты себебі неде?

– Мен жиі айтып жүретін сөз бен істің алшақтығы. Ең басты себеп осы. Айта берсең себеп көбейе түседі. Мәселен қазақтың жақсы бір қасиеті бар. Ағайынгершілік деген. Бірақ біз оны теріс жағына аударып жібердік. Ағайындықтың негізі сыбайластық, жемқорлыққа ұласып кетті. Негізі өмірдің мақсаты – минусты плюске айналдыру. Бұл ең ұлы математик Әл-Хорезми ұстанған принцип. Ол теріс санды сан деп мойындамаған, теріс болса оңға айналдырыңдар деген. Жеңілісіңді жеңіске, ұтылғаныңды ұтысқа, жамандығыңды жақсылыққа айналдыр. Бірақ, біздің плюстеріміз минусқа айналып бара жатыр.

Жемқорлық және түрлі жағымсыз жайттар белең алып барады. Неліктен? Өйткені халық қолдап отыр. Осыны байқайсыз ба? Халық қолдамаса ол қайдан шығады? Мысалға Ұлттық біріңғай тестілеу бар, жылына төрт рет келетін емтихандар бар. Сол кездері жұрттың барлығы мені іздей бастайды. Соған таңғаламын. Ондайда мен қашып кетем. Телефоным да жоқ. Тығылып қалам. Ешкім таба алмайды. Басқа уақытта ешкімге керегім жоқ. Сондағы мақсаты емтиханға көмектес. Түсіріп жібер, өткізіп жібер. Былайша айтқанда «заңды бұз» деген сөз. Бұл қазақтың қанына әбден сіңіп қалған. Оны байқамайды. Неліктен ойланбайды. Мен республиканың азаматымын. Заңды бұзу міндетім емес, бұзбаймын да. Неліктен адамды қылмысқа итермелейді. Жемқорлықты өзіміз әкелеміз, өзіміз жасаймыз. Бірақ бұл тек қазаққа ғана тән кемшілік емес. Басқа ұлттарда да бар дүние. Дегенмен, ақылды халық өзінде бар кемшілікті мойындай білу керек. Тек қана мойындамай, соны жөндей білу қажет. Бұдан шығатын қорытынды қазақ осындай кемшілігі бар екенін біліп, қатесін түсініп, өзін өзгерту жағына әрекет жасауы тиіс.

– Жастардың шетелге жаппай кетуі осы жемқорлықтың салдары деп ойламайсыз ба?

– Қазақ жастарының шетелге кетуінен трагедия жасаудың керегі жоқ. Әл-Фараби ғылымын қайда жасаған? Қазақстанда тұрған, бірақ ғылымды Мысырда, араб жерінде жасады. Бұл нені білдіреді? Демек, ғылымның басқа жерге баруы, ғылымның тереңдік іздеуі заңдылық. Ғылымға ғылыми орта керек. Ғылымның сөзін түсінетін адам керек. Оны Абай да айтады. Одан қазақ кемиді, әрине. Бірақ, қазақта не кемімей жатыр?

– Абай ақынның айтқан ақылына жиі арқа сүйейсіз. Ал қалың қазақ оның даналығына құлақ асып жүр ме? Жалпы ақын-жазушылар мен рухани байлықтың құнын қалай бағалайсыз?

– Жасырып жабатыны жоқ, көбі құлақ аспайды. Абайдың ұлылығы оның ақындығында емес, ақылдылығында. Мен үшін Абай ең алдымен логикасы түзу, қисынды қазақ. Осы үшін құрметтеймін. Өйткені айтқан сөзінің барлығы ақылдан шығады. Ақылдан шыққан сөз жүрекке жетеді. Абай деген кісінің жүз жыл бұрын айтқандары нақ осы күні айтылғандай, актуальді дүниелер. Айырмашылық тек бір-ақ нәрседе. Абай компьютер, интернет, ұшақ дегенді білмеген. Мен тек Абайдың сөзін Мұқағали айтқандай «Шекпен киген қазақтың қара өлеңін, шапан жауып, өзіне қайтарамын». Мен тек Ибраһим Құнанбайұлының сөзіне компьютер, интернет, ұшақ секілді сөздерді қосып қайтарамын. Бірақ сол сөздерді ұғып жатқан адам бар ма, жоқ па, ол жағы беймәлім.

Қазіргі таңда Дулат ағамыз да қазақтың мықты жазушысы. Бірақ, қазақтың арасында жасағандықтан қадірі азырақ білініп тұр. Неліктен? Өйткені, жапонның тойотасы, сониі, компьютері мықты. Жапондық сапа, жапондық іс дейтін ұғым бар. Дүниеде олар жасаған өнім жайында «бұл керемет, сапалы» деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан жапон болғандықтан да Муракамиді мықты жазушы деп таниды. Егер қазақтар да мықты компьютердің түрін ойлап тапса не бір автокөліктерді жасайтын болса, онда бізге де қатысты осындай түсініктер қалыптасар еді. «Қазақ ісі», «қазақы сапа» деген ұғым пайда болады. Бұл сапаның басқа да салаларға септігі тиеді. Сонда барып Дулат ағамыздың аты әлемге танылар еді.

– Сонда қазақ жазушыларының абыройын технократтар ғана биіктете ала ма…

– Иә! Енді біреулер айтады: «Технократтық болмасақ та дүниеден құрып кетпейміз» деп. Бұл да рас. Құрымаймыз. Бірақ дүниеде елдің екі түрі болады. Жетекке жүретін ел және жетектейтін ел. Мысалға, АҚШ, Ұлыбритания, Жапония сияқты елдердің басты мақсаты керемет компьютерлерді шығару да, өзге елдердің мақсаты солар шығарған компьютерлерді сатып алу. Қысқаша айтқанда олар өндіруші ел де, қалғанының барлығы солардың өнімін тұтынып, жетегінде жүретін елдер. Бұл дегеніміз экспансияның жаңа түрі. Оны былай түсіндірейін. Мысалға, сіз айтқан рухани байлықты алып қарайық. Бұл мәселе Жапонияда болуы мүмкін. Жұрттың барлығы технократ болып кетті, рухани құндылықтар құлдырады деп ол жақта біреулер мазасыздануы мүмкін. Ал бізге не керек ол? Мықты елдер айтады: «сен менің тауарымды сатып ал, міндетің сол. Қалған уақытыңды рухани байлық қайда кетті, тілдің халі негі мүшкіл деп өткізе бер. Осыны анықтау үшін жиналыс жаса, конференцияларды үзбей өткіз, даулас, таласқа түс, ойбайға сал. Бірақ, біреуің «гайка» бұрама, біреуің компьютер шығарма, көлік құрастыруды үйренбе. Мұның барлығын сен бізден алсаң болады» дейді. Өкінішке орай біздің зиялы қауым осыны түсенбей отыр. Бұл қазаққа өте қауіпті нәрсе. Тағы да айтам. Қазақ қазақ болып қалу үшін ең алдымен технологиялық және технократтық жетістікке жету керек. Мұндай жетістік болатын болса, келешек ұрпақтың өзі мұны мақтаныш тұтады.

Әніңізді, күйіңізді сақтаңыз. Жеті атаңызды білу дәстүрін дәріптеңіз. Осының барлығын сақтай отыра, жаңа заманға бейімделіп, технократтық елге айналыңыз. Сонда ғана қазақтың болашағы болады.

Кез келген математик махаббат туралы өлең жазып бере алады. Оның сапасы нашар, деңгейі төмен болуы мүмкін. Ол – басқа мәселе. Ал кез келген ақын есеп шығарып бере алмайды.

– Демек, сіз де өлең шығара аласыз ғой…

– Әрине өлең жазамын. Менің поэзияға көзқарасым дұрыс. Сыр елі – жыр елі болғандықтан жанымыз қалап тұрады. Өнер мен өлең адамды тыныштандырады. Әсіресе поэзия оқып, күй тыңдағанды жаным қалайды. Сол үшін бе екен «Мәскеудегі домбыра» деген өлең жазып шыққанмын.

– Жан сезім ұшардай боп әрең тұрар,

Синустар өзгелерден сәлем сұрар.

Алайда домбырамен кездескенде,

Иіліп домбыраға сәлем қылар.

Синустармен достасып бірге жүрдім,

Досыммен бірге жылап, бірде қүлдім.

Синустар косинуспен ұйқасқанда,

Өлеңнен кем шықпасын бірден білдім.

Поэзия мен математиканың түбі бір. Екеуі ағайынды. Омар Хаям деген кісіні алыңыз. Ақын ба, математик па? Жұрттың бәрі ақын дейді. Ал негізінен ол математик. Бірақ, оның атын шығарған математикалық еңбегі қайсы десеңіз, ол үшінші дәрежелі теңдеудің шешімін тапқан. Оны мен білем, бірлі-жарым адам біледі. Басқа ешкім білмейді. Ал Омар Хаям айтыпты дейтін рубаяттарды бәрі біледі. Бірақ, бұл оның математиктігі кем деген сөз емес. Өйткені әр нәрсенің өзінің дәрежесі, саласы бар. Жұрттың бәрі поэзияны біледі, құмартады. Ол жақсы. Өйткені оны түсіну оңай. Ал математиканы түсіну оңай емес. Бірақ, екеуінің ойлау, сезу әдісі бірдей.

– Рахмет, аға! Өлеңіңізден де есептің лебі есіп тұрады екен. Осы тұста айтыңызшы, марапатпен маталып, даңқ пен дақпыртын асырып жатқан ғалымдарға не дейсіз… Өзіңіз сый-сыйапатқа қаншалықты қызығасыз?

– Аға аралап, есік жағалап сыйлық сұраған емеспін. Бірақ, берсе ала беремін. Сыйлық пен атақ менің мінезіме аса қатты әсер ете қоймайды.

Біз мән беретін мәселе басқа, бөлініп жатқан қазақты қазақтың жетістігі ғана біріктіре алады. Бір ағамыз «Жылқының 3400 атауы бар» деп диссертация қорғады. Ағылшында бір ғана атауы бар – Horse. Сонымен жылқының жасын да, түрін де, түсін де атай береді. Сол сөздерімен-ақ әлемде алға шығып кетті. Ал біз жылқының 3400 атауымен әлі жүрміз. Біз енді ғылым жағына көбірек көңіл бөлейік. Жоқ сөзді, ғылымды, технологияны өзіміз табайық. Қазақ тілін ғылымға араластыруымыз қажет.

Бүгінде қазақта не көп, ғылыми атағы бар адам көп. Бірақ бұл ғылым көп деген сөз емес. Өкінішке қарай, осындай нәрселер тек ғылымда десеңіз, қателесесіз. Мысалы, таза математикке берілетін сыйлық бар. Бірақ оны ешкім білмейді. Ал, «Нобельді» барлығы біледі. Нобель деген кісі тек қана ғалым емес, ол мықты бизнесмен ғой. Ішіне әдебиетті кіргізіп қойып, керемет мықты маркетингтік жүріс жасады. Әдебиет жүрген жерде ылғи шу, дау-дамай, ұрыс-керіс секілді тегін жарнама жүреді. Ол сонысымен де даңқты сыйлыққа айналып шыға келді.

Қазір ақылды, сыйлыққа лайықты адамдар азайған жоқ, керісінше, ақылды жастарды ұғатын шалдар азайып кетті.

– Есеп пен есек сіз үшін егіз ұғым екен. Математиканы не үшін есекке теңедіңіз?

– Математика – қиын ғылым, оған жұрттың бәрі бармайды. Біріншіден, жүрегі дауламайды. Екіншіден, қызық емес деп ойлайды. Шындығында математикада шабыт пен әдемілік, ой бар. Бірақ оны түсіну оңай емес.

Әр адам өзі таңдаған бағыт бойынша жүреді, сол бағыттың төңірегінде ой толғайды, тон пішеді. Ең бірінші кезекте адалдықты жоғары санаймын. Менің жеке туым болса, туға есектің басын бейнелейтін едім.

Неге десеңіз, адамзатқа ең көп пайда әкелген жануар – есек. Отын-суды, тезекті де тасиды, қара жұмыстың бәрін істейді, бірақ жұрттың бәрі есекті сөгеді де жүреді. Математика да дәл сондай. Елге ең көп пайда әкелетін де, халықтың зәресін алатын да – математика. Сол үшін мен оны кей кезде есекке теңеймін. Есектің еті харам, ісі адал.

– «Харам» деп қалдыңыз. Діншілсіз бе?

– Негізінен дін жағына көп барғым келмейді. Себебі қазір жұрттың бәрі діндар. Жұрттың бәрі ақылман. Халтурщик дегенім не? Кешегі арақ ішкен адамның бәрі бүгін молда болып отыр. Кешіріңіз, мұны екіжүзділік дейді. Қазір қарасаңыз біреу ана дінге, мынау басқа дінге кете салады. Ыңғайына қарай. Ол болмайды. Оданда тыныш қана өзіңнің жұмысыңды істеп жүре бер. Мысалы мен діндарлардың арасына барып ақыл үйретіп отырған жоқпын ғой. Олар маған ақыл үйретеді. Бірақ, мен олардың ақылын тыңдамаймын, ешкімге ақыл айтпаймын. Бұрын арақ ішіп, қазір елге ақыл айтса, олар халтурщик. Сосын, қазір жаназа дегеннің соңы банкет болып кетті. Жұрт тамада сайлайтын болды. Сосын молдасымақ біреу жұртқа ақыл айтады. Оның не керегі бар?

– Оқырманға айтар тілегіңіз…

– «Сыр елі – жыр елі» дейді. Осы сөз жалғасын тапса екен. «Сыр елі – білім мен ғылым елі» деп айтылар күн келсе деп тілеймін.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Айдар САЙЛАУОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<