Білімге салынған инвестиция еселеп қайтады

933

0

Биыл ел тәуелсіздігіне 30 жыл. Осы уақыт аралығында ел ертеңі үшін елеулі қадамдар жасалды.  Соның ішінде әлеуметтік саланың іргелі тармағы – білім саласын заман талабына бейімдеу басты талаптардың бірі болды. Білімді, еркін ойлы, ерік-жігері мықты ұрпақ тәрбиелеу бағытында бірқатар мемлекеттік бағдарлама қабылданып,  кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Айталық, «Балапан» бағдарламасы арқылы баланы ерте бастан тәрбиеге баулу қолға алынса, «100 мектеп,  100 аурухана» бағдарламасының нәтижесінде жүздеген жаңа мектептер салынды. Сала жұмысы жаңғыртылып, материалдық базасы нығайды. Сол сияқты,  өндіріске қажетті орта буын мамандар даярлауда жаңа жобалар жүзеге асырылып келеді. Жыл басынан педагогика саласы қызметкерлерінің жалақысы

25 процентке көбейді.

Мемлекет басшысының Жолдауында айтылғандай, алдағы үш жылда білім саласын қолдауға 1,2 триллион теңге қаржы бағытталатын болады.

Оқу жылы қалай басталды?

Биыл, 2021-2022 жаңа оқу жылы барлық санитарлық қауіпсіздік шаралары сақтала отырып, дәстүрлі түрде басталды.  Облыстағы 294 мемлекеттік, 10 жеке мектепте 177196 оқушы білім алады. Оның ішінде 1 сыныпқа 18276 бала барды. Ал колледждерде 19775 студент оқиды.

 Көпті қуантқан жаңалықтың бірі – биыл өңірде 5184 оқушы мемлекеттік грантқа өтініш берген болса, олардың 3849-ы грант иегері атанды. Нәтижені талдап-таразылағанда грант иеленген оқушылардың басым бөлігі педагогикалық және техникалық мамандықтарды таңдағанына көз жеткіземіз. Нақты айтқанда, 1303 талапкер педагогикалық, 361 түлек медициналық бағытты таңдаса, 1173 үміткер техникалық мамандықтарға талпынған. Ал, 217 түлек ауыл шаруашылығы бағытына шешім қабылдаса, 795 түлек өзге де бағыттағы мамандық иесі болуды көздейді.

Ойлап қарасақ, түлектердің педагогикалық мамандықтарды көбірек таңдауына «Педагог мәртебесі» арнайы заңы қабылданып, салаға әлеуметтік қолдаудың көлемі жыл сайын артып отырғаны  оң әсер еткен сияқты, яғни, жас түлектер болашағын осы мамандықпен байланыстырса қателеспейтініне сенеді.

Білім бастауы – балабақша

«Тәрбие талбесіктен басталады» деген тәмсілге сүйенсек, баланы балабақшадан бастап тәрбиелеудің маңызы ерекше. Сондықтан бұл бағытта мемлекет тарапынан 2010-2020 жылдар аралығын қамтитын «Балапан» бағдарламасы қабылданғаны бел­гілі. Уақыт талабына сай келген бұл бағдарлама аймағымызда тиімді жүзеге асырылды. Атап айтқанда, 2020 жылға межеленген жоспар 2015 жылы орындалып, 3-6 жастағылар балабақшамен түгел қамтылды. Бағдарлама аясында жекеменшік балабақшалардың үлесі жыл сайын артып, бүгінгі күні мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің 72 процентін құрап отыр.  Жалпы Тәуелсіздік алғаннан бері облыста 414 жеке балабақша ашылған.

Қазір қалыптасып отырған эпидахуалға байланысты балабақшада санитарлық шаралар қатаң сақталады. Әр топты жасақтағанда 20-25 баладан асырмау қадағаланады.

Қайта оралған «Әліппе»

Биылғы оқу жылының есте қалар ерекше жаңалығы – «Әліппенің» қайта оралуы. Көркем безендірілген, оқуға жеңіл «Әліппе» мен «Букварь» кітаптары бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады.

Бар білімнің бастауы – «Әліппенің» тарихына қысқаша тоқталсақ, ағартушы ғалым А.Байтұрсынұлының жаңа әліпби (төте жазу) үлгісімен жазылған алғашқы «Оқу құралы» 1912 жылы Орынбор қаласында басылған.  Бұл оқулық қазақ мектептерінің әліппеге деген сұранысына толық жауап берді. Мәселен, онда қазақ тіліндегі сөздердің дыбысталу ұқсастығы мен айырмашылығы ескерілген. Сондай-ақ ана тіліміздің бай сөздік қоры, сөздердің қолданылу ерекшеліктері қарастырылған. Осыдан соң А.Байтұрсынұлы әдістемелік жаңалықтарды ескере отырып, қазақ бастауыш мектептеріне арналған жаңа «Әліп-биді» ұсынды. 1927 жылы Қызылорда қаласында басылған бұл  еңбек өз заманына лайық оқулықтың озық үлгісі деп танылды. Айта кетейік, А.Байтұрсынұлына дейін де бірнеше әліппе үлгілері қолданыста болып, тәжірибеден өткені белгілі. Алайда қазақ мектептері үшін А.Байтұрсынұлы «Әліппесі» барынша лайықты болды.

Тәуелсіздік жылдары білім саласы да түрлі реформаларды бастан өткергені белгілі. Соның бірінде «Әліппе» оқулығын «Сауат ашу» алмастырған болатын. Дегенмен, балдырғандар үшін «Әліппенің» орны бөлек екенін уақыт көрсетті. Осылайша ҚР Білім және ғылым министрі А.Аймағанбетовтың бастамасымен «Әліппе», «Ана тілі» оқулықтары қайта оралды. Жаңа «Әліппенің» авторлары – Ә.Жұмабаева, Г.Уайсова, М.Оспанбекова.

Сала жұмысындағы серпін

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап осы кезеңге дейін облыста 164 мектеп ғимараты пайдалануға берілген. Оның ішінде 24-і жаңадан ашылған. Осы 2013-2014 оқу жылында 36 апатты  және үш ауысымда оқитын 7 мектептің мәселесі шешілген болатын. Алайда жыл сайын оқушылар саны артуы себебінен үш ауысыммен оқу мәселесі туындап отырады. Осының алдын алу мақсатында жоспарлы жұмыстар іске асырылуда.

Жалпы 2025 жылға дейін апатты білім ошақтарын жою, орын тапшылығын қысқарту бойынша 28 құрылыс салу жоспарланған. Ал биыл 6 мектеп пайдалануға беріледі. Оның ішінде Арал ауданы Сексеуіл кентіндегі 300 орындық жаңа, инвесторлар есебінен жүргізілген 2 жеке мектеп пайдалануға беріледі. Мұнан бөлек, Жалағаш ауданындағы 2 ғимаратқа жөндеу жүргізілуде.

Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауында айтылғандай, қосымша білім беру бағытына баса назар аударылып отыр. Айталық, облыста 550 орындық 3 қосымша білім беру ұйымының құрылысы жүріп жатыр. Бұл нысандар жыл аяғында пайдалануға беріледі. Сол сияқты, «Nur Otan» партиясының жол картасына сәйкес 48 мектеп модернизациядан өтуде.

Жыл сайын материалдық-техникалық база нығайып келеді. Облыстағы білім ұяларының 65 проценті жаңа модификациялық физика, химия, биология кабинеттерімен, ал 124 мектеп робототехника кабинеттерімен жабдықталған.

2015 жылы «Назарбаев зият­керлік мектептері» ДББҰ мен облыс әкімдігі арасында өзара әріптестік меморандумы жасалған болатын. Осы меморандум аясында Назарбаев зияткерлік мектептерінің тәжірибесі таратылатын 46 инновациялық мектеп ашылды. Сонымен қатар, Байқоңыр қаласындағы 6 мектеп және 1 балабақша үкіметаралық келісімнің негізінде ҚР стандарты бойынша білім беру үдерісіне көшті.  Айта кетейік, бұл – білім сапасын көтеруге бағытталған нақты қадамдардың көрінісі.

Сапалы білім, саналы тәрбие беруде ұстаздардың біліктілігін саралап, нәтижесіне қарай бағалаудың тиімділігі зор. Осы орайда республикалық «Үздік педагог» конкурсының қорытындысы бойынша 2013-2020 жылдар аралығында облыстың  19 ұстазы «Үздік педагог» атанды. Білім ошақтары 2016 жылдан бастап кезең-кезеңімен жаңартылған білім беру мазмұнына көшкені белгілі. Бұған байланысты педагогтардың 98 проценті жаңа бағдарлама бойынша курстан өткен. Сондай-ақ, жергілікті бюджет есебінен соңғы 8 жыл ішінде «Үздік орта білім беретін ұйым» гранттық жобасы жүзеге асырылуда. Грант көлемі 17 млн теңгені құрайды. Жоба арқылы білім беру ұйымдары арасында өзара бәсекелестік орнап, жұмыс сапасына оң әсер етіп отыр. Тағы бір жаңалық, облыс мектептері арасында «Жасыл мектеп» жобасы іске асуда. Қазіргі таңда 13 мектепте жылыжай бар. Оның 5-уі Қызылорда қаласында, өзгесі аудандарда орналасқан. Оқушылар мен ұстаздар жылыжай жұмысына жақсы бейімделген, түрлі көкөніс өнімдерін өндіруді қолға алған. Бұл жұмысты одан әрі жандандыру үшін оқушылар ғылыми бағытта түрлі идеяларды тәжірибеге енгізіп көруді бастап кетті.

Балаға білім мен тәрбие беруде әлеуметтік жағдайын ескере отырып, түрлі қолдау шаралары да қарастырылған. Осы орайда Қызылорда облысы жетімдер үйі жоқ аймаққа айналды. Бұл санаттағы жеткіншектер отбасы үлгісіндегі 80 орындық «Атамекен» балалар ауылында тәрбиеленеді. Биыл «Атамекенім» қоғамдық қорының қолдауымен «www.atamekenim.kz» порталында көмекке мұқтаж ата-аналар өз өтінімдерін қалдыра алатын «Мектепке жол» арнайы платформасы құрылды. Айта кетейік, аталған акция аясында биылғы оқу жылында 8605 балаға көмек көрсетілді.

Есімізде, осыдан бес-алты жыл бұрын оқушылар арасында суицид жиілеп кеткен болатын. Бұл жағдай ата-аналар мен ұстаздар қауымын қатты алаңдатты. Осы мәселенің алдын алуға байланысты БҰҰ «ЮНИСЕФ» Балалар қорымен бірлесіп «Кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтер превенциясы» пилоттық жобасы енгізілген еді. Бертін келе,   облыстың осы үздік тәжірибесі халықаралық дәрежеде таратылды. Бүгінде барлық мектептерде қамқоршылық кеңестер құрылып, жұмыс жүйелі жүзеге асырып келеді.

Дарынды оқушыларды қолдау

Дарынды балаларды қолдауға қашан да басымдық беріліп отыр. Соның нәтижесі болар, кейінгі 10 жылда халықаралық және республикалық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурсында  500-ге жуық оқушы жүлделі орын иеленген. Айта кетейік, биыл республикалық «Ұлттық мектеп лигасы» аясында өткен жарыс түрлері бойынша облыс құрамасы І орын алды.

Облыстық білім басқармасының «Дарын» қосымша білім беру орталығында облыстық, республикалық, халықаралық байқаулар мен конкурстар жеңімпаздарының «Сыр дарыны білімділер академиясы» озық ойлы оқушылардың білімін арттырып, талабын шыңдай түседі. Дарынды балалар академияда әр оқу тоқсаны арасындағы демалыс уақытында үш кезең бойынша математика, физика, химия, биология, информатика пәндерінен озат ұстаздардан 2 тілде дайындық жұмыстарына қатысады. Бұдан бөлек, ауылдық жердегі талантты да қабілетті балаларды анықтау мақсатында биыл «Ел үміті» жобасы іске асырылуда. Сондай-ақ, 2019-2020 оқу жылынан бастап «Мың бала» ұлттық зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздарын НЗМ, РФММ, БИЛ, елорда лицейлерінің жетекші педагогтарының көмегімен қазақ, орыс және ағылшын тілдері, математика пәндері бойынша тереңдетіп оқытуға көңіл бөлініп отыр.

2014 жылдан бастап облыс түлектерінің Ресей, Татарстан елдері  озық жоғары оқу орындарында білім алуына мүмкіндіктер жасалды.

Тағы бір тың бастама – 2020 жылы «Онлайн жаз» жобасы аясында облыстық білім басқармасы Instagram әлеуметтік желісінде «Online_vacation_qzo» парақшасын ашып, балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастырған болатын. Бұл жобаны ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитеті сәтті деп танып, еліміздің өзге аймақтарына тәжірибе ретінде таратылды.

Мектеп бітіруші түлектердің мамандық таңдауда қателеспеуі үшін олардың қалауын ерте анықтап, алдын ала кеңес берудің маңызы зор. Бұл орайда түлектерді ҰБТ-ға дайындау барысында қабілет-қарымына қарай білікті педагогтар тарапынан бағыт-бағдар беріледі. Осы жұмыстардың оң нәтижесі болар, жыл сайын мемлекет грантын иеленушілердің қатары артып келеді. Ал биыл облыста 3849 оқушы мемлекеттік грант иегері атанды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 791 түлекке артқан.

Биылғы Жолдаудан туындаған жаңалық, ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәлімдеуінше, алдағы уақытта халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлеріне 4,4 млн теңгеге дейін сыйақы тағайындау қарастырылып отыр. Атап айтқанда, халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары біржолғы ақшалай сыйақы, «Алтын медаль» иегерлері 1500 АЕК, күміс 1000 АЕК, қола  500 АЕК көлемінде сыйақы алады. Біржолғы ақшалай сыйақы халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарын дайындаған педагог-тәлімгерлерге де беріледі.

Кәсіптік білім көкжиегі

2020-2021 оқу жылында облыс­та 30 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымы,  оның ішінде 17 мемлекеттік, 13 мемлекеттік емес колледж бар. Колледждердегі барлық студенттер саны – 19775 болса, олардың 10742-сі мемлекеттік, 9033-і жекеменшік колледждерде білім алады. Осы орайда айта кететін мәселе: бұрын мемлекеттік білім беру тапсырысы колледждер арасында бөлінсе, енді олар талапкердің таңдауы бойынша орналастырылады. Осы орайда облыс әкімдігі жанындағы комиссия сұранысқа ие мамандықтар бойынша 3108 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысын, оған қатысатын колледждер тізбесін нақтылады. 

Биыл қабылдау жаңа рәсімдер бойынша жүргізілді. Айталық, талапкер 4 оқу орны және 4 мамандықты таңдай отырып, автоматтандырылған жүйе бойынша колледжге құжаттарымен қоса өтініш береді. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқуға конкурс аттестаттың міндетті және бейіндік пәндердің орташа балы бойынша өткізіледі. Қабылдау  процесінің ашықтығын қамтамасыз ету үшін конкурс нәтижесін  автоматтандырылған жүйе анықтады. Сұранысқа ие 100 мамандық бойынша мамандар даярлауда  облыстағы «Жас маман» жобасы жүзеге асырылуда. Жобаға 9 колледж қатысады.

Былтыр колледжді 5988 түлек бітіріп шықты, оның 4067-сі – мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша дайындалған мамандар. Жалпы 5130 жас маман жұмысқа орналасқан.

Тәуелсіздік жылдарынан бері қабылданған бірнеше мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде кәсіптік білім беру саласына модернизациялау жұмыстары жүргізілуде. Осының нәтижесінде 2015-2021 жылдар аралығында республика бойынша үздік тех­никалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының қатарына облыстан 7 колледж енді.

Өткен жылдан бері мате­риалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етілген құзыреттілік орталықтары ашылды. Мақсаты – отандық және шетелдің озық тәжірибелері бойынша бүгінгі еңбек нарығында бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Сол сияқты, өңір экономикасы үшін кадрлар даярлау саласындағы әлеуметтік әріптестікті дамытуға бағытталған. Осы орайда еңбек алаңында жұмысшы мамандықтары бойынша әлеуметтік ынтымақтастықты нығайту мақсатында аталған орталықтар мен серіктес мекемелер арасында меморандум жасалды.

Студенттерді жатақханамен қамтамасыз етуге баса назар аударылып отыр. Сонымен қатар, техникалық және кәсіптік білім беру саласына дуальды оқыту, модульдік білім беру бағдарламалары енгізіліп, жұмысшы біліктіліктерін қатар алып шығу, академиялық дербестік беру шаралары қабылдануда. Қазір техникалық және кәсіптік білім беретін ұйымдар колледж статусын иеленіп, бакалавр дәрежесін дайындайтын 10 жоғары колледж жұмыс жасауда.

Балалар қауіпсіздігі – басты мәселе

Бүгінде облыс мектептері  толығымен  бейнебақылау  камераларымен  қамтылған. Өткен жылы  облыстық  бюджеттен  білім беру ұйымдарына  жаңа  стандарттағы  бейнебақылау  камераларын  орнатуға қаржы бөлініп,  аудан  орталықтарындағы  56  мектеп  полиция  бөлімдеріне, Қызылорда  қаласындағы   14  мектеп   жедел  басқару  орталығына  қосылған. Ал биыл тағы 35 мектеп бейнебақылау  жүйесімен   жабдықталып,  жедел   басқару  орталығына   қосылады. Мектептерде 110 ювеналды   полиция  қызметкері   жұмыс  атқарады.

Жаңа оқу жылында қала  орталығындағы  42  білім  беру  ұйымын турникет, мамандандырылған күзет және  дабыл  түймелерімен қамту шаралары жүзеге асырылады.     

Салада қызмет көрсетуді цифрландыру бағытында барлық мектептер «BilimLand», «Күнделік» электронды платформаларына қосылған.  Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендету және қызмет көрсету сапасын жақсарту бағытында 22 мемлекеттік қызмет электронды түрде көрсетілсе, саладағы бухгалтерия,  мектеп кітапханасы және балабақшаға кезекке қою, жолдама беру  қызметтері автоматтандырылған.

Мұнан бөлек, санитарлық талаптар бойынша 294 мектеп, 670 балабақша, 30 колледж «ASHYQ» қосымшасына қосылды. Жалпы 31,4 млн теңге бөлініп, қажетті дезинфекциялық заттар алынған.

Білікті ұстаздан бір үзік сыр

ҚР Білім беру ісінің үздігі, «Үздік педагог – 2017» республикалық конкурсының жеңімпазы, миллионер ұстаз, педагог-шебер, мектеп тренері, бірінші деңгейлі мұғалім Сағатбек Қарапаев:

– Мұғалім қай уақытта да өзін-өзі жетілдіріп, үздіксіз оқиды, ізденеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында бұл тұрғыдағы жұмыстардың қарқыны баяу еді. Өйткені біріншіден, мұғалімнің біліктілігін арттырып, дағдысын одан әрі дамыту үшін бір ғана білім беру институты жұмыс істеді, басқа альтернативті ұйымдар болмады. Екіншіден, дидактикалық материалдар, оқулықтар, әдістемелік құралдар өте аз болды. Үшіншіден, мұғалімге төленетін еңбекақы да басқа мамандықтармен салыстырғанда төмен болатын. Алайда өз мамандығын шексіз сүйетін мұғалімдер осындай жағдайдың өзінде білім беруден бөлек, барлық деңгейдегі қоғамдық жұмыстарға  белсене араласты. Бір мысал айтайын, сол 1990 жылдары «Жыл мұғалімі» республикалық байқауына қатысып, бас жүлдеге бағалы сыйлықпен бірге Германия мемлекетіне баруға жолдама жеңіп алдым. Алайда қолдың қысқалығынан бара алмай қалған едім. Оған дейін 1987 жылы халықаралық жастар лагерінің жолдамасын жеңіп алып, Қазақстаннан 4 адам Грузия еліне сапарлап, демалып қайтқанымыз есімде. Ал қазір бәрі басқаша, мұғалімнің алаңсыз еңбек етуі үшін барынша қажетті жағдай жасалған. Оқулықтар, көрнекі құралдар жеткілікті. Ұстаздың нағыз болмысын қалыптастыратын, шығармашылық қабілетін шыңдайтын шаралар үздіксіз жүргізіліп келеді. Еңбекақы мәселесі толық шешілген, жыл сайын көлемі артып отыр, – деп пікірін айтты.

Тәуелсіздік жылдарынан бері білім саласында атқарылған жұмыс аз емес, алайда алдағы міндет одан да ауқымды. Талап өзгерген, таңдау биік.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<