Дәстүрлі оқуға қай мектептер көшеді?

931

0

Оқу жылының екінші тоқсанында бала саны 300-ден аспайтын мектептерде барлық санитарлық нормалар қатаң сақтала отырып, дәстүрлі форматта оқитын болады. Бұл – республикалық ведомствоаралық комиссияның ұйғарымы. Осыған байланысты облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова онлайн режимінде ата-аналарға және БАҚ өкілдеріне тарқата түсіндіріп берді.

Айталық, өңірде 121 мектеп дәстүрлі түрде оқытуға көшіп, онда 19267 оқушы қамтылады деп жоспар­лауда. Сондай-ақ, алгоритм бойынша 1-5 сыныптарда кезекші топтардағы оқушылар қосылады. Нәтижесінде, облыста 2 720 кезекші топ ашылып, 39 357 бала оқиды.

Бұл орайда балалардың қауіпсіздігі мен сақтық шараларына ерекше мән беріліп отыр. Мектептерде туннельдер орнатылып, мектепке кірер алдында балалар 5 түрлі дезинфекциялық тексерістен өтеді. Әрбір бала бетпердемен келуі міндетті. Ата-аналар мектепке кірмейді, балаларды мұғалімдер күтіп алады. Айта кетейік, оқу жылының бірінші тоқсанында облыстағы мектептердің 75 проценті, яғни 225 мектеп (132 598 оқушы) қашықтан оқыды. Сонымен қатар, 75 мектепте 80742 оқушы дәстүрлі түрде оқытылды.

Осы орайда басқарма басшысы оқушылардың электрондық құрыл­ғылармен қамтылу барысына тоқталды.

– Биыл өздеріңізге белгілі, оқу жылын қашықтан оқыту форматында бастадық. Бұл орайда 39 мыңнан астам оқушыға  компьютерлік техниканың жетіспейтіні анықталған болатын.  Бірінші кезекте мектеп балансындағы 14203 компьютер уақытша пайдалануға берілді. Сонымен бірге, саладағы үнемделген бюджет есебінен 2492 планшет сатып алынды. Ал «Мектепке жол» акциясының аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан 1 518 оқушыға ноутбуктер мен планшеттер берілді.

Үкімет қоры есебінен бөлінген 3,4 млн теңгеге 22870 дана компьютерлік құрылғылар (компьютер, планшет) сатып алынуда, бүгінгі таңда оның 13489-ы алынды, қалғаны осы айда толық жеткізілетін болады. Алдын ала жоспарлағанымыздай, бұл құрылғылар әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың балаларына және ерекше жағдайда үйден білім алатын балаларға, көп балалы отбасыларға беріледі, – деді А.Қасымова.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл оқушыларды бағалау жүйесі өзгерді. Қашықтан оқыту кезінде қалыптастырушы бағалау күнделікті бағаланатын болады. Максималды балл 10 балдық жүйені құрайды. Қалыптастырушы бағалау І тоқсанда БЖБ-ның 25 проценті және ТЖБ-ның 50 процентінің қосындысы бойынша қорытындыланады. І тоқсанда 1 пән бойынша 1 БЖБ, 1 ТЖБ алынады. Айта кетейік, қалыптастырушы бағалау, БЖБ, ТЖБ қоры­­тын­дыларымен 2-11 сынып оқушыларының І оқу тоқсандағы қорытындысы шыға­рылады. Ал 1 сыныпқа қорытынды шығарылмайды.

Бірінші оқу тоқсаны 4 қарашада аяқталып, оқушылар 5-14 қараша аралығында 10 күндік каникулға шығады. Екінші оқу тоқсаны 16 қарашада басталады.

Сөз соңында басқарма басшысы эпидемиологиялық жағдайға байланысты дәстүрлі оқыту мәселесі әлі де өзгеруі мүмкін екенін ескертіп, әрбір отбасыны бірінші кезекте балалардың денсаулығына аса жауапкершілікпен қарауға шақырды.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<