Еңбек нарығы және мамандық

2476

0

Бүгінгі заман – ақпарат дәуірі. Жаңалық ашу, жаңалықты жеткізу, өндірістік технологияны қарқынды дамытуға, өндірісті ұлғайтуға, өнім шығаруды арттыруға, табыс көзін көбейтуге мүмкіндік береді.

Сондықтан ақпарат – аса көп ресурстарды, оның ішінде еңбек күші мен ой-са­на еңбегін жұмсамай-ақ қаржыны үнемдеу мен одан әрі көбейту көзіне айналды. Азаматтардың өнеркәсіпті дамытуға, шығынды азайтуға, өмірді жақсартуға арналған жаңалықтары елімізге де, оның авторына да пайда әкелуге тиіс екені белгілі.

Ол үшін отаншылдық, отансүйгіштік қасиеттерімен қоса қауіпсіздік шараларын күшейту аса маңызды. Ал жастарды отаншылдыққа тәрбиелеу отбасынан, балабақ­шадан басталуы тиіс.


Осы себепті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған мақа­ласында еліміздің басты құнды­лық­тарына дәл уақытында баса назар аударды. Мемлекет бас­шысының елді сүю, жерді сақтау, қазақтың тілінде сөйлеу және әр азаматтың елдің дамуына атсалысуы турасында айтқаны өте маңызды.


Әрбір халықтың құндылығын құрайтын мәдениеттің түп-тамыры осы елдің пайда болу және қоғамдық даму барысында қалыптасқан салты мен дәс­тү­ріндегі ұстанған заттарында жат­қаны белгілі. Жалпы барлық отба­сының ұстанатын өзіндік қағидалары, дәстүрлері бар және ол дәстүрлер белгілі бір құндылықтар жүйесіне сүйенеді. Дәл осы құндылықтар арқылы отбасының қандай үлгіде екенін анықтауға болады.


Сыр өңірінде отбасы инсти­тутындағы дәстүрлі мәдени құн­дылықтарға негізделген қарым-қатынастар қазіргі қоғам аясындағы жаңа әлеуметтік-эко­номикалық жағдайлармен үйлесе отырып, дұрыс бағытта дамып келе жатыр.


Қазіргі кезде жаһандану құбы­лыстарының ауқымы, әлеуметтік дүниенің жаңғыру мен жаңару үрдістері пәрменді түрде кеңейіп келеді. Осы тұрғыда Сыр бойы қазақтарының санасындағы құндылықтық-идеялық ұстын­дардың қалыптасуы және жаһан­дану жағдайындағы жаңаруының салт-санамен ортақ тұстарына баса назар аударуға болады. Себебі, рухани кеңістікте ұлттық мәдениетіміздің төлтумалық мәйегі, дәстүрлі жәдігерлері барынша бірегейлікпен сақталған. Осы тұрғыдан алғанда эстетикалық құндылықтарға негізделген ұлт­тық болмысымыздың басым­дық танытатын мәдениетке толық­­тай жұтылып кетпей әрі қарай өрбуі ұлттық келбеттің болашағы үшін маңызды. Осы мағы­надағы әлеуметтік қауіп­тер мен келешекке деген күмәнданулардың бар екені анық.

Әрине, жаһанданудың сын-қатер­лері кез келген әлеу­метті қыс­паққа алады, оның ішкі әлеуетін өзіндік сынақтардан өткізеді.
Сыр өңірі халқының жаһандық ақпараттық-комму­ни­­кация­лық желіге қатысуы бұл – басқа адамдармен және мәде­ниеттермен байланыс орнатудың мүмкіндігі ғана емес, сонымен бірге өсіп келе жатқан әдеттер желісі және жаңа құндылықтардың тасымалдануы. Сондықтан бізде де комму­никациялық қатынастар жаңа құн­дылықтық жүйелердің орны­ғуына байланысты күрделене түсуде.


Дегенмен жаһандану үдерісі – ешкім де тоқтата алмайтын өсімтал әрі жанды құбылыс. Дүниені жайлаған біртұтас ақпарат толқыны, ғаламтор мен әлеуметтік желі түрлері, осы үдерістің жағымсыз әсерін жеделдете түседі. Оның нәтижелері әлемдік экономикаға ғана емес, әр ұлттың сәулет өнері мен этнографиясына, әдебиеті мен мәдениетіне, тілі мен тұрмыстық салт-дәстүрлеріне ықпал етпей қоймайтыны анық. Бұған қарсы тұратын жалғыз күш – ұлттық иммунитет қана.

Ұлттық менталитетін берік сақтаған ел ғана жаһанданудың жойқын шабуылына тосқауыл қоя алады. Сонда ғана дамыған елдердің дабырына еліккен тобырлық мәде­ниетті емес, заманауи эконо­мика, сандық технологияға көшкен күрделі ақпараттық қоғам­да ғаламтор мен әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, құнды­лықтарымызды сақтап және тасымалдай аламыз.


Өз құндылықтарымызды сақ­тап қала білгеніміз – біздің бас­ты жетіс­тігіміз. Құндылықтар объек­тив­ті жүріп жатқан мәдени даму үде­рісінің мән-мағынасы мен бағыт-бағдарын нақтылап отырады.


«Еңбек қылмай ер, бірлік қылмай ел биікке шықпас» дейді халық даналығы. Еңбек етіп, маңдай терлетсек, береке-бір­­лікті сақтасақ, аймағымыз ажар­­ланып, ырысымыз мо­ла­йып, та­бысымыздың арта тү­сері сөзсіз. Бұған баршамыз мүд­­де­ліміз. Аймақтағы дағ­­­да­рысқа қарсы шараларды жүзеге асыруда бірлесіп, тізе қосып, ынтымақтасып атқарар ша­руа­ларға өңірдің ғылыми қауым­дастығы да өз ықпалын тигізуде. Себебі елімізде ғылым мен білім сапасын арттыру тұрғысындағы бағыт-бағдар нақтыланған.

Пре­зидент 2025 жылы елімізде ғылымға бөлінетін қаржы жалпы ішкі өнімнің 1%-не тең болатынын айтты. Осы ретте өңірдегі ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды жүйелеп, әрбір ғылыми жұмысқа қатаң талап қойылуға тиіс. Сондай-ақ оның нақты әлеуметтік-экономикалық, өндірістік және техникалық қайтарымы болуы қажет.

Соның ішінде өңірлік ғылымды дамыту үшін химия-биологиялық зерттеулер, агро­өн­дірістік ғылым, «жасыл» тех­но­логия, жасанды интеллект, энерготиімділік сияқты салаларға ерекше мән беріп, қаржы бөлу керектігі нақтыланды.


Дәл осы зерттеу бағыттары болашақта өңіріміздің даму нүк­телеріне, ғылымды қажет ететін эко­номиканың қозғаушы күшіне айналатыны сөзсіз. Ұлттық инно­вациялық жүйенің даму дәрежесі өз кезегінде тұрақты эконо­микалық өсудің негізін құрайды. Осы орайда өңіріміздегі білім мен ғылымның флагманы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда уни­вер­си­теті экономиканың дамуына нақ­ты үлес қосатын жоба­­ларды дайындады.


Қазір экономиканы адекватты кадрлық ресурстармен қамтуға кедергі келтіретін, еңбек ресурс­тарының ағылуына және жеке тұлғаның өмір сүру сапасына, экономикалық жағдайына әсер ететін бірқатар жүйелік ал­ғы­шарт­тар мен қауіп-қатерлер бар. Негізгі фактор­ларды екі категорияға бөліп қарас­­тыруға болады.

Алғаш­­қы­сына, мамандарды дайын­­дауға де­ген талаптардың сипаты мен жыл­дамдығын өзгер­тетін объек­­тивті жаһандық тренд­тер кіреді. Мәселен, кәсіп­терді өзгертіп, жоятын, тіпті, жаңа мамандықтардың пайда бо­­луына алып келетін техно­логия­­лық өзгерістердің үде­мелі жыл­дамдығы, толассыз цифр­­лан­дыру сияқты. Екінші кате­гория бірінші санаттан шық­қан факторларға жауап бере ал­маудан туындайтын жағым­сыз салдарды білдіреді. Мы­салы, кадрлар қажеттілігін бол­жау жүйесінің жоқтығы, білік­тілік теңгерімсіздігі, жұмыс кү­ші­нің еңбек дағдыларына және клас­­­си­калық білімнің еңбек нары­­ғының сұранысына сәйкес келмеуі.


ХХI ғасыр адам өмірінің әртүрлі саласына жаңалықтар енгізіп қана қоймай, жаңа мамандықтарды да ала келді. Адам баласы ХХ ғасырда қажетсінбеген, тіпті білмеген түрлі мамандықтар пайда болуда. Ол негізінен ақ­параттық технологиялардың ұш­қыр дамуына, қызмет көр­сету және саладағы еңбекті жік­теу ережесінің түрленуіне байла­нысты. Бүгінде жаңарған қоғамға сәйкес мамандықтар ролі сапалы өзгеріске ұшыраған. Енді олар бұрынғыдай тұрақты табыс көзі ғана емес. Әрине, бұл бүкіл әлем­нің даму үрдісі ретінде жаһан жыл­дамдығын одан әрі кү­шейтіп, аса күрделі құралдар мен жабдықтар дамып келеді, әлеу­меттік-саяси жүйе өзгеруде. Осы құндылықтар өзгерістері мен жаңалықтардың барлығы еңбек нарығына әсер етіп, оған жағ­дай жасайды.

Демек мұндай өзгерістерден кейін жұмысқа қойылатын және тұлға факторына қатысты талаптар да өзгереді. Әлемнің әлді мемлекеттерімен иық тіресуіміз керек, алайда оған біздің әлеуетіміз бен әдепкі дайындығымыз қандай?


Әлем тез дамып келеді. Жаңа мамандықтар пайда болып жатыр. Соның көбі біздің қоғамға бейтаныс. Ал қазіргі жастар жаңа салада жұмыс істегісі келеді. Жаңа заманның талабына сай маман атану табысқа жеткізеді. Демек, біз өңіріміздегі мамандықтарды таңдау барысында болашақта азаматтарды жұмыссыз қал­дырмауға әрекеттенуіміз керек.


Осы себепті Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетінің ғалымдары еңбек нарығына талдау жүргізді, білім беру саласындағы мамандарды тарта отырып, көптеген жаңа білім беру бағдарламаларын қайта қарады және жасады. «Агрохимия және агроөнеркәсіп», «Сандық журналистика», «Пилот­сыз авиа­циялық жүйелер», «Қаржы техно­логиялары», «Менедж­менттегі цифрлық транс­формация», «Биз­нес аналитика», «Сандық дизайн» атты жаңа білім беру бағдар­лама­лары әзірленді.


Нарықтық экономика жағ­­дайындағы тұлғаның құнды­лық­тарға бағдарлануының дамуы əртүрлі, бірақ өзара байланысты процестермен катар дамып отырады. Бұл мәдени ахуал мен жағдайды кемелдендіруге өзін­дік септігін тигізіп қана қоймай, сонымен қатар қоғамдағы құн­дылықтар мәдениетінің қажетті деңгейде қалыптасуына игі ық­па­­лын тигізіп, болашақтағы ұлт­тың эстетикалық жетілуі мен қо­­ғам­ның бірігуі үшін қазіргі әлеу­­меттік саланың жаңаруы мен өзгеруі кезеңінде үлкен маңызға ие болады.

Жарқынбек Әбікенов,


Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің кафедра меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<