Халық ауыз әдебиетінің маңызы зор

3167

0

Қазақ халқының педаго­гикалық элементтері, бай салт-дәстүрі мен әдебиетінің келер ұрпаққа берер тәрбиесі мол. Соның ішінде халық ауыз әдебиетінің маңызы жоғары. Жазу-сызу болмаған кезде халықтың ой-арманынан шыққан әңгімелер, жұмбақтап айтқан сырлары, жаңылтпаштар, өткір тіл, ұшқыр ойдан шыққан мақал-мәтелдер, қиял-ғажайып ер­тегілер, т.б. баланың тілін, ой-өрісін дамытуда ерекше роль атқарады. Балалар ертегі тыңдап, бір-біріне жұмбақ жасырғанды, жаңылып жа­ңылт­паш айтқанды, ­тұрмыс-салт жырларын тыңдағанды ұнатады.

Халық ауыз әдебиетінің салалары көп. Олар: ертегілер, жырлар, мақал-мәтелдер, жұм­бақтар, жа­ңылт­паштар, т.б. Осы салаларды бала­лардың жас ерекшеліктеріне қарай және оларды жалықтырып алмайтындай етіп, сана-сезіміне әсер ету арқылы қызықтыра отырып бойларына сіңіру, әрі олардың тілдерін дамыту үлкен жауапкершілікті талап етері хақ. Өйткені сәби жастан бастап балаларға ертегі тыңдатып, халық ауыз әдебиетінің элементтерімен сусындату келешек ұрпақ ойының ұшқырлығына, тілінің байлығына, са­на-сезімінің өсіп-дамуына көп әсе­рін ти­гізеді.

Баланың тілін дамытуда төрт түлік мал туралы мақал-мәтелдер, жұмбақтар, өлең-жырлар ерекше орын алады. Балаларға төрт түлік мал мен олардың төлдері туралы айтып беру маңызды. «Көңілді әткеншек» арқылы балаларды қызықтыра оты­рып ойындар ойнату барысында төрт түлік мал туралы қанатты сөз­дерді оңай үйретуге болады. Түр­лі тәсілдерді қолдана отырып, бала­бақшадағы балаларды әр­түр­лі ойындар арқылы сөй­летіп, тілдерін дамыта түсуге болады.

5-6 жасқа де­йінгі балалардың суретті кі­тап­тарды қызыға қарайтыны мәлім. Сондықтан оларға суреті айқын кітапшаларды көрсетіп, мазмұнын айтып беру қолайлы. Бұл жастағы балаларға оқиғасы сәтті аяқта­латын, қорқыныш сезімін тудыр­майтын халық ауыз әдебиеті нұсқауларын жатқа айтып беріп, ойната тыңдату тиімді. Мысалы, «Бесік жыры», «Бауырсақ», «Мақта қыз бен мысық» шығармаларын ұсы­нуға, сондай-ақ «Бауыр­сақ» ертегісін қуыршақ теат­ры арқылы көрсетуге болады. Ол үшін алдын ала дайындық кезеңінде рольдерді бөліп беру, әр кейіпкердің дауыстарын келтіріп еркін ойнауға машықтандыру керек. Рольдерге бө­лініп ойнау арқылы бұл ертегі балалардың есінде жатталып қалады. Ертегілер әрқашанда қазақ халқының өмірінде маңызды роль атқа­рып келген. Себебі, ерте­гі­­лердің мазмұнында ха­лықтың тұрмыс-тіршілігі салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, бү­кіл болмысы, адамдардың өзара қарым-қатынасы, мінез-құлқы, т.б. бейнеленген. Ұрпақ тәр­бие­сінде ең тиімді тәрбие құралы ретінде ертегілер тілі жеңіл, түсінуі оңай болған­дықтан, ертегілердің ба­лаларға отан­сүйгіштік, ең­бек­сүй­гіш­тік, т.б. тәрбиелер беруде ғана емес, олардың тілін дамытуда да атқарар қызметінің маңызы өте зор. Ертегілер балалардың ой-өрісін жетіл­діріп, Отанын сүюге, елін қорғауға, өнер­ді игеруге, жалпы адами құн­­дылықтарды бойына сіңі­руге септігін тигізеді. Сонымен қатар баланың сөз­дік қорын да молайтуда қыз­меті өте зор. Ой-өрісі дамып, сөздік қоры молайған баланың айтар ойы да, істер ісі де өнегелі болмақ. Демек, бала тілін дамыту қоғам дамыған сайын күнделікті қажеттілікке айнала береді. Оның үстіне, еліміз егемендік алғалы бері мемлекеттік тілде сөйлеу, оның оқыту әдістемесін жетілдіру – әдіскер ғалымдардың зерттеуінен түс­пей, назардан тыс қалмай жүр­ген мәселелердің бірі. Қазақ халқының ауыз әдебиеті жанрларындағы ерте­гілерді оқыту барысында балалардың тілін  дамыту – маңызды іс.

Әйгерім БИБАЗАРОВА,

№5 «Шаттық» мектепке дейінгі білім беру ұйымының тәрбиешісі.

Қызылорда қаласы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<