Келешегі кемел білім ордасы

1345

0

М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжі –  қазіргі жаһандану ғасырындағы қоғамдық-әлеуметтік өзгерістерге сай бәсекеге қабілетті, кәсіби білікті маман даярлауды басты межесіне айналдырған, білім саласындағы бірегей іргелі оқу орындарының бірі.

Тәуелсіздік жылдарында колледж республикада ең алғашқылардың бірі болып болашақ мамандардың кәсіби біліктілік деңгейін халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, қажетті мамандар даярлау ісін аймақтың индустриялық-экономикалық стратегиясына сәйкес бейімдеу, білім беру саласындағы жаңа технологиялар мен тың идеяларды оқу-тәрбие процесіне енгізу жұмыстарын қолға алған болатын. Оқу ордасы өзінің даму стратегиясын нақтылап, басты бағыттар бойынша атқарылатын жұмыс ауқымын кеңейте түсті. Атап айтқанда, арнайы пәндерді оқытуда критериалды бағалау жүйесін енгізу, модульдік-құзыреттілік білім беру бағдарламаларын қолдану, CLIL әдістемесі бойынша арнайы пәндерді ағылшын тілінде оқытуды сатылап енгізу, «Е-college» автоматты басқару жүйесін оқу-тәрбие процесінде кеңінен қолдану, қашықтан оқыту форматындағы білім беру қызметін  дамыту мәселелері үнемі басты назарда.

Заман талабына сай математика, физика, информатика пәндері бойынша  ағылшын тілін меңгерген мұғалімдер даярлау, дуалдық білім беру жүйесін дамыту, материалдық-техникалық базаны заманауи құралдармен жабдықтау, студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында жұмыстар да жүйесін тапқан. Сондықтан болар, оқу орнын бітірген мамандарға әрдайым сұраныс жоғары. Жыл сайын колледж қабырғасында білім алған жас мамандардың 90 проценттен астамы жоғары оқу орындарына түсуі, жұмысқа орналасуы осының дәлелі деп айтуға болады. 

Білікті маман дайындауда бірінші кезекте оқытушылардың орны ерекше. Бұл тұрғыда білім ордасының оқытушылары – өз ісінің нағыз шеберлері. Англия, Норвегия, Германия, Түркия, Чехия, Оңтүстік Корея елдерінде білімін жетілдірген облысқа танымал үздік педагогтар. Сондай-ақ, бүгінгі жас мамандарға ғылым докторлары, кандидаттар мен магистрлер, «Ы.Алтынсарин» және  «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегерлері, ҚР Мәдениет ісінің үздігі, ҚР Суретшілер, Хореографтар одағының мүшелері және республикалық «Үздік педагог» байқауларының грант иегерлері, халықаралық және республикалық кәсіби байқаулардың жеңімпаздары дәріс беретінін атап өткеніміз артық болмас.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни 1991 жылы оқу орнында тек күндізгі бөлімде 3 мамандық бойынша 686 білім алушы болса, қазір күндізгі және сырттай бөлімде 13 мамандық 23 біліктілік бойынша мамандар даярланады. Демек білім алушылар саны үш есеге артқан. Бұл да ұстаздар қауымының үздіксіз шығармашылық ізденісі мен ұшан-теңіз еңбегінің жемісі. Осы жылы колледж базасында алғаш рет республикалық оқу-әдістемелік орталық құрылды. Орталықта 10 мамандық бойынша білім берудің мемлекеттік стандарттары мен типтік оқу жоспарлары, 123 пәндік оқу бағдарламасы жасалып, ҚР Білім және ғылым министрлігі арқылы бекітілді. Сондай-ақ, бағдарлама аясында Моңғолия Халық Республикасының Баян-Өлгей аймағындағы білім беру бөлімімен келісім-шарт жасалып, ол елден келген жастар оқуға қабылданып, қазақ мектептері үшін мамандар даярлана бастады.

– Оқу-тәрбие жұмысын басқару, оқытушыларды әдістемелік жоғары мәдени рухта бағдарлау, өз еңбегінің сапасы мен нәтижесіне талап қоя білу, оқыту тәжірибесінде ұтымды, тиімді әдістерді шығармашылықпен игеру, білім алушылардың ғылыми-танымдық ойлау қызметін жандандырып, терең, берік білімді болуына ықпал жасау, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру – оқытушылардың басты ұстанымы. Осы орайда оқытушылар құрамы білім беру саласындағы жаңалықтарды меңгеріп, оқу процесіне инновациялық тәжірибелерді енгізу мақсатында үнемі білімін жетілдіріп отырады.

Оқытушылардың ғылыми-ізденіс жұмыстарының ауқымы кеңейіп, халықаралық, республикалық ғылыми-практикалық конференцияларға қатысу деңгейі де жыл сайын артып келеді.

Жастарға сабақ үдерісінде тек кәсіби білім беріп қоймай, олардың интеллектуалды-үйлесімді болып қалыптасуы мен білімді өз бетінше зерделеп, технологиялар мен инновациялардағы жаңалықтарды жүзеге асыра білуге дайындайтын педагогикалық ұжымның еңбегі нәтижесіз емес. Колледж әкімшілігінің жұмысты шебер ұйымдастыруының нәтижесінде  оқу орны өткен жылдың қорытындысы бойынша «Үздік идеялар жаршысы» марапатына ие болды.

Болашақ мамандарды заманауи бағытта дайындауда барлық мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз тарапымыздан зор үлес қосатын боламыз, – дейді колледж директоры Жақсыгүл Тоғанова.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, биыл педагогикалық колледждің іргесі қаланғанына 90 жыл болса, оқу орнына есімі берілген қазақтың аяулы қызы, Кеңес одағының батыры – Мәншүк Мәметованың туғанына 100 жыл. Осыдан жиырма жыл бұрын, яғни М.Мәметованың 80 жылдығында оқу орнында тарихи-танымдық музей ашылған болатын. Бүгінде жастарды отаншылдық рухта тәрбиелеуде ерекше орны бар іргелі орталыққа айналған.

Колледж түлектері арасында бірнеше спорт түрлері бойынша олимпиада чемпиондары, халықаралық деңгейдегі спорт шеберлері, республикалық және облыстық байқаулар мен пәндік олимпиадалардың  жеңімпаздары бар. Ал, өнерімен аймаққа аты белгілі «Нұргүл» халық ән-би ансамблі мен «Япурай» хоры қазақ өнерін халықаралық деңгейде дәріптеп жүрген шығармашыл ұжым. Сол сияқты, колледж жанынан ашылған студенттік бизнес-инкубатор арқылы бітірушілер нарық сұранысына сай кәсіпкерлікті меңгеріп, 20-дан астам түлек өз жұмысының жемісін көруде.

Оқыту мен тәрбие беру бағытында озық елдердің тәжірибесін енгізу үшін бірінші кезекте оқу орнының материалдық-техникалық базасы заманауи талаптарға сай болуы қажет. Осы тұста биылғы жылы  үш оқу ғимараттарының келбеті заманауи архитектуралық үлгіде қайта жаңғыртылып, дәрісханалар жаңаша дизайнерлік үлгіде  жабдықталды. Әлемдік озық тәжірибелерді қолдана отырып, кәсіптік білім берудің әлеуетін көтере білген іргелі ұжымның келешегі кемел.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<