Кітап оқуды қайтсек жетілдіреміз?

2640

0

Кітап бетін ашпайтын адамнан не күтуге болады? Салиқалы сұхбат, сауатты сауал, жұмысқа деген жауаптылық пен жаңашылдық күтпейтініміз анық. Өйткені, мидың қорегі – кітап. Өзін де, ортаны да өзгертемін, жаңа дүниені ойлап табамын деген әрі сол сөзінде тұрған ғалымдардың талмай ізденгеніне дәлел өте көп. Әсіресе, тұрақты мінез бен кітап оқудағы ыждағаттылық бала кезде қалыптасуы керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлт­тық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында баланы оқу мәдениетіне баулу, оқу сауаттылығын дамыту еліміздегі орта білім беру ісінің басым бағытына айналуға тиіс екенін атап өткен болатын.

– Баланың оқуға деген қызығушылығы, қоршаған ортаны кітап арқылы тануы мектеп қабырғасында қалыптасу керек. Ал кітап­хана оқушының сол ынтасын оятып, оны қызықты кітап әлеміне жетелеуі қажет, – деді Президент.

Бүгінде әлем бойынша кітап оқу сауаттылығы деңгейін анықтайтын ха­лық­­аралық салыстырмалы зерттеулер бар. PISA зерттеулерінің нәтижесі бойынша Қазақстан оқушылары оқу сауаттылығы бойынша Экономикалық ынты­мақтастық және даму ұйы­мына мүше елдеріндегі өз қатарластарынан едәуір артта қалып отыр. Бұл – оқушылардың көрсеткіші, ал ересектердікі ше? PIAAC ха­лықаралық зерттеуі бойынша еліміздегі 16-дан 55 жасқа дейінгі азаматтардың да оқу сауаттылығы нашар болып шықты.

Білім және ғылым ми­нистрі Асхат Айма­ғам­бетов әлеуметтік желі­дегі парақшасында бұл бүгін ғана белгілі болған проблема емес, жылдар бойы қордаланған мәселе екенін айтқан еді.

– Біздің балаларымыз кітап оқуға келгенде жалқаулық танытатыны бір бөлек, кейде оқыған мәтінді нашар түсініп, дұрыс қабылдай алмайды. Оған қоса талдау және қорытынды жасау дағдылары да ақсап тұр. Бұл – шын мәнінде ұлттың бәсекеге қабілеттілігіне әсер ететін үлкен проблема, – деді ол.

Бүгінде бір кітапты тауысып оқуға шыдамы жетпейтін, мағы­насы терең дүниені қа­был­­дауға қиналатын, жеңіл әрі мән­сіз дүниеге әуес балалар кө­бейгені рас. Әрине, бұған иірімі көп интернеттің де әсері бар. Сондықтан, «тұтас ел бо­йынша тұрғындарды кітап оқуға қызықтырудың жолын табу керек» дейді ғалым, профессор Қазбай Құдайбергенов.

– Балалық шағым ауылда өтті. Кіш­кентай кезімнен-ақ кі­таптан кітап қоймай оқитын­ды­ғым­нан бөлек, газетке деген қызығушылығымыз ерекше еді. Есейген соң үш жыл Герма­нияда әскери борышымды өте­дім. Ол жақтан қазақ тілді кітап таппайсың. Сол жылдары ылғи батыс классиктерінің орысшаға аударылған еңбектерін оқыдым. Ең қызығы, жас кезімде оқыған кітаптар санамда сол күйі сақ­талған. Қазір жылдам хабар алғы­затын техника дамыды. Жастарды «кітапқа неге ден қоймайсың?» деп кінәлай алмайсың. Сондықтан оларды қызықтырудың жолын ойлап табу керек. Айталық, Еуро­пада кітапты көп оқыған тұр­ғындарға қаржылай сыйақы беру қарастырылған. Ал, тағы бір елде түрмеде отырған адам кітапты көп оқыса, жаза өтеу мерзімі қысқарады екен. Қазір балаларға ақыл айтып, жол көрсетуі тиіс ата-әжелердің өзі түрік сериалының әр санын жі­бер­мей көріп отырады. Індет те кері әсерін тигізуде. Электронды оқу бір бөлек, кітапты қол­мен ұстап, оқығаныңды түйсініп, әсе­рін сезінгенге не жетсін?! – дейді ол.

Заман өзгерген сайын жас­тардың көзқарасы, өмірді қабыл­дауы басқа болатыны белгілі. Талғамға талас жоқ, күштеп кітап оқыту да мүмкін емес. Бастысы, олардың қызығушылығына да назар аудару керек секілді. Бүгінгі балалар әдебиден гөрі, танымдық, технология бағытындағы, кәсіп­керлік дағдыларын үйрететін, моти­вация­лық кітаптарды іздеп жүретіні байқалады. Сон­дықтан, сұраныс пен сапа бірінші орында тұруы тиіс.

Білім және ғылым министрі желідегі жазбасында мектеп кітап­­ха­наларындағы кітап қоры саны жағынан көңіл көншітерлік екенін айта келе, олардың ішіндегі көркем әдебиетке ерекше назар аударды.

–    Айта кетерлігі, кітапхана қоры негізінен оқулықтардан тұ­ра­ды, ал көркем әдебиет саны аз, олардың басым бөлігі – кеңестік кезең­де пайдаланылған идео­­логиялық сипаттағы кі­таптар. Әсіресе қазақ тілінде жазылған қазіргі заманғы көркем әдебиет – жоқтың қасы. Көркем әдебиеттің балаларға қолжетімді болуы үшін министрлік арнайы жоба әзірледі. Жоба аясында білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалардың ма­териалдық-техникалық және ақпараттық базасын жақсарту, балаларға арналған көркем әдебиетті жыл сайын сатып алуды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданатын болады,  – деді А.Аймағамбетов.

Бүгінде Мемлекет басшы­сының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында «Оқуға құштар мектеп» жобасын іске асыру жөнін­дегі өңірлік іс-шаралар жос­пары бекітілді. Осы бағыттағы жұ­мыстар аймақта басталып та кетті.

Дерек пен дәйек. Облыстағы 293 жалпы білім беретін мектепте 285 мектеп кітапханасы бар. Жалпы  кітап  қоры –  6238 473 дана, оның ішінде мектеп оқулығы – 4 570 703, көркем әдебиет және әдістемелік кітап, кітапшалар саны – 1 667 770.

Мектептегі оқыту-бағдар­ла­масына сәйкес оқушылардың оқулықпен қамтамасыз етілуі басты орында тұратыны белгілі, көркем әдебиетпен қамтылуы қай деңгейде екені де маңызды.

– Мектептер кезең-кезеңімен жылына бір рет оқулықтармен толықтырылады. Биыл  жалпы 772 мың дана оқулық пен оқу әдістемелік кешен алынды. Оның ішінде әдеби кітаптар саны – 3 мың дана. Бірінші кезекте оқушыларды оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерімен қамту жұмыстары жүреді. Соңғы 5 жылда «Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің» және «ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің» бөлінісі негізінде 11 мың дана көркем әдебиет келіп, мектептерге таратылды. Соны­мен қатар, оқушылардың смартфон көмегімен арнайы мобильді қосымшаны жүктеу арқылы пайдалануы үшін мектеп кітапханаларының стендтерінде QR-кодпен қазақ әдебиетінің үздік шығармалары ілінген, Балалардың кітап оқу мәдениетін жетілдіру үшін халықаралық «Білім-ин­новация» қорымен бірлесіп, 10 мектепке «KitApp» мобильді қосым­шасы арқылы тегін электронды кітап берілді. Яғни бір жыл ішінде 25 кітапты оқушылар оқып шыға алады, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова.

Сондай-ақ, пандемия кезінде оқушылар сынып жетекшілерімен онлайн байланыста болып, керек кітаптары сақтық шараларды колдана отырып жеткізілген.

Мектептердегі кітап қоры, балалардың кітапханамен байла­нысын білмек үшін кітапха­нашылармен де хабарласқан едік.

– Білім ордасында 36 755 кітап қоры бар. Биыл 5284 оқулықпен қамтылды, 15-ке жуық көркем әдебиет келді. Олардың арасында батырлар жыры, дастандар, «Ежелгі дәуір әдебиетінің антологиясы» бар. Күрделі кезең дәстүрлі шаралардың өзгеруіне алып келді, оқушылар арасында «Досыңа кітап сыйла» акциясын жиі өткіземіз. Балалардың кітапқа деген қызығушылығына келсек, кітапсүйер балалар көп, – деді №5 Панфилов атындағы мектеп-лицей кітапханашысы Гүлмира Сәрсенова.

Байқағанымыз, мектеп кітапха­наларында көркем әдебиеттің санын арттырумен қатар, оның мазмұнына мән берілуі керек.

Сонымен қатар, оқу сауат­тылығы бойынша оқушы­лардағы төменгі көрсеткіштің себебін тек технологияның дамуынан көруге болмас. Бұл жерде ата-ананың да жауапкершілігі тұр. Әлемде тех­никаның үздік үлгісін тапқан ға­лымдардың өзі балаларының смарт­фон пайдалануына шектеу жасайды. Ал бұл кез келген ата ана­­ның қолынан келетін іс емес пе?

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<