Саят пен Темірланның табысы

892

0

Қазақстанда IT саласы дамудың жаңа сатысына көтеріле бастады. Оның дәлелі – резиденттердің, «Астана хаб» стартаптарының саны, шетелдерге IT-қызметтер экспортының өсуі. Жасанды интеллекттің дамуы экономика мен қоғамды жаңғырту стратегиясының контекстінде барған сайын маңыздырақ бола түсуде. Мемлекет басшысы ақпан айында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында елімізде ІТ саланы серпінді дамытуға бағытталған жобалардың қолданысын кеңейтуді тапсырған болатын.

Бұл бағытта аймақта жаңа игі жобалар атқарылуда. Дәл осы саламен айналысамын деген жастарға мол мүмкіндік бар. Жыл өткен сайын қызығушылық танытатын оқушылар мен студенттердің саны да артып келеді. Олардың тың жобасы оң нәтижесін көрсетуде. «Smart Bench» жобасын ұсынып, 70-тен аса өтінімнің арасынан топжарған KyzylordaHub бизнес инкубаторының резиденттері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенттері Саят Қанатұлы мен Темірлан Абжанов тың жаңалығымен бөлісті.

– Өткен жылы «Chevron» компаниясы ұйымдастырған «Sustainability Living Lab»  жобалар сайысына Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен 6 білім алушы қатысуға өтінім беріп, 4 жобаның авторы финалдық кезеңге өткен едік. Сайыстың шарты бойынша қазылар алқасына оқу орындарының кампусын дамытуға арналған 70-тен астам жоба келіп түскен. Соның ішінде 17 жоба үздік деп танылып, әрқайсысымызға 1 млн 300 мың теңге көлемінде арнайы грант бөлінді. Мен ұсынған «Smart Bench» жобасы − университетіміздің бас оқу ғимаратының алдына күн панельдері орнатылған смарт орындықтар қоюға бағытталған жоба. Негізгі мақсаты − кампус ландшафтарын өзгерту, экологиялық мәселелерді тұрақты шешіммен қамтамасыз ету, университет инфрақұрылымының дамуына үлес қосу.

Қарапайым тілмен айтқанда, күн сәулесінен қуат алатын «ақылды» орындық әдеттегі орындықтардан зарядтау станциясы ретінде жұмыс істейтін кіріктірілген күн панелімен ерекшеленеді. Олардың көмегімен бір уақытта бірнеше телефонды қуаттауға болады, – дейді Саят Қанатұлы.

Келесі грант иегері Темірлан Абжанов тұрақты жылыжайға бағытталған жоба ұсынған. Аталған жобаның мақсаты – органикалық қалдықтарды өңдеу арқылы топырақты құнарландыруға пайдалану. Сонымен қатар топырақтың төменгі қабаты арқылы суару әдісін қолдану және суару процесін автоматтандыру арқылы су шығынын азайтуды да көздейді.

− Жобалар конкурсын қорытындылау мақсатында сәуір айында Назарбаев Университетінде «Sustainability Living Lab» бағдарламасының конференциясы ұйымдастырылды. Конференцияға республика бойынша 12 университеттің студенттері қатысып, бағдарлама аясында іске асқан инновациялық экологиялық жобаларын таныстырды. Жеңімпаз атанған жобаны командамен жасадық.

Конференцияның алғашқы күні қатысушы ретінде баяндамамызды ұсынып, гидропоникалық қондырғы жасау бойынша шеберлік сағатына қатыстық. Сондай-ақ жасыл жобалардың көрмесіне қатысушылар қайта өңделген материалдардан күн панельдерін, жасыл шатырларды, гравитациялық генераторларды, биологиялық ыдырайтын каппа-карраген пленкаларын, су қоймаларынан пластмасса ұстайтын құрылғыларды жасау әдістері көрсетілді. Көрмеге келушілер түрлі экологиялық бастамаларды көріп, студенттердің атқарған жұмыстарымен танысуға мүмкіндік алды. Сәйкесінше жобалары жүзден жүйрік шыққан студенттер де өзара тәжірибе алмасып, достар тауып, идеяға идея қосылып, шабыттанып қайттық, − дейді Темірлан Абжанов.

Оның айтуынша, команда жолдама алған Үндістандағы әлемдік компанияда өтетін тағылымдама 10 күнге созылады. Қызылордалық зияткерлер Дели қаласындағы тағылымдамаға маусым айының соңына қарай аттанбақ.

− Өзім KyzylordaHub бизнес инкубаторының резидентімін. Мұнда біз екі бағытта, яғни, оқушылармен және студенттермен жұмыс жасауға көңіл бөлеміз. Студент болсам да, оқушыларға тәлімгерлік жасап, IT салаға деген аймақ жастарының құштарлығын оятып, заман талабына сай жаңа білімді игеретін жасөспірімдердің саны да, сапасы да артуына үлесімді қосудамын. Сонымен қатар облыстағы 15 мектеппен тікелей байланыстамыз.

Жобамыз әзірге қаржыландырылған жоқ. Жалпы жоспары, шығындары есептелген. Үлкен қаржылай қолдауды қажет еткенімен, жоба іске асырылып, қызылордалықтардың өмір сапасына әсер ететін күн де алыс емес деген ойдамын. Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзіңді өзгерт деген сөз бар. Айналам қашан өзгереді деп күтіп отырмай, бүгіннен бастап тамшыдай әрекеттермен өзімнің сүйікті салама, болашақтың басты мамандықтарының біріне күш салып, ізбасар оқушыларды дайындауды бастап кеткенімізге қуанамын. Қоғамға пайдалы болу – үлкен мотивация. Сыр өңіріне, жалпы қазақ еліне пайдасын тигізуге асық жастардың жаңа толқынына сәттілік! – дейді Темірлан Абжанов.

Айта кетейік, жыл сайынғы конференция университет қауымдастықтарының тұрақты шешімдерін қолдап, оларды нақты жобаларға айналдыратын SLL бағдарламасына бағытталған. Бұл шараны Тұрақты даму офисі, «National Conservation Initiative» корпоративті қоры мен «Chevron» компаниясы ұйымдастырады. Бүгінгі күні өңірден грантқа ие болған 2 жоба да іске асырылып, «ақылды» орындық оқытушылар мен білім алушыларға қолданысқа берілген.

Дина Бөкебай,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<