Тіл ғылымының заманауи бағыты

1494

0

Адамзат тілінің алғаш пайда болуы, тіл мен ойлаудың өзара генетикалық байланыстары, тілдік негіз элементтер, ең ілкі сөздің пайда болуы, т.б. маңызды теориялық мәселелер Аристотель заманынан бері тіл ғылымы мен тіл философиясының мәңгілік тақырыбы болып келеді.


Облыстық ішкі саясат басқармасы, Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда универ­сите­тінің ұйым­дастыруымен «Гене­тикалық тіл ғылымы – гуманитарлық білімнің за­ма­науи жаңа бағыты: зерт­телуі, мәселелері, болашағы» атты тұңғыш ғылыми-теория­лық конференция Сыр топы­рағында өтті. Конфе­ренцияда отандық және шетелдік ға­лым­дар тақырыпты кеңінен талқылады.


Тіл ғылымындағы аса маңыз­ды теориялық тақырыптар кеңес­тік дәуірде, негізінен, сол дәуірдің саяси көзқарасы тұрғысынан қарастырылып, шек­теулі ауқымда зерттелді. Бұл ретте қазақ тіл ғылымында академик Қ.Жұбановтың батыл пікірлерін атап айтуға болады.


Әдетте тілдің пайда болуы туралы бірқатар болжам­дар бар екені белгілі. Мәсе­ленің бұл конференцияда көтеріліп отырған басты ерек­шелігі – адамзат тілі пайда болуының ілкі негіздерінде ғаламның құрылымдық-се­ман­тика­лық элементтері мен ғаламдық заң­ды­лықтар тұр­ғандығы жалпы адамзатқа ортақ ғаламтанымдық ойлау жүйе­­сімен байланыстырыла қарас­тыры­латын­ды­ғында. Тілі­міз­дегі әр сөздің пайда болуы ұлы ғаламдық жүйенің заң­дылықтарымен байланысты екен. Мәселе тек қазақ тілі туралы ғана емес, жалпы адам­зат тілі туралы.


– Бұл мәселелер ең ежелгі тарихқа дейінгі сан мыңдаған жылдардағы адам­зат тілінің алғашқы пайда болуына ғана қатысты емес, бүгінгі күннің де көкейкесті мәсе­лелерімен тікелей байланысты. Мысалы, қазіргі орта мектептер мен ЖОО-да тіл дыбыстарын (фонетика) оқытудан бастап, лексика, морфология, тарихи грамматика, жалпы тіл білімі, танымдық тіл білімі, тағы басқа пәндерді генетикалық тіл ғылымы тұрғысынан қарастыру заман талабы болып саналады. Бұл мәселелер еліміздің мектептері мен ЖОО-дағы тіл пәндерін оқытуда жаңа оқу бағдарламаларын жасау, оларды оқыту үдерісіне жедел енгізу керек екенін көрсетіп отыр. Оқу бағдарламалары мен оқулықтарды ескірген ғылыми түсінік­терден арылту мәселесі алда тұр. Бұл, әрине, жоғары құзыретті орындармен бір­лесе отырып атқарылатын істер, – деді осы ғылыми идеяның авторы Қорқыт ата атын­дағы Қызылорда уни­верситетінің профес­соры, фило­логия ғы­лым­дарының кан­ди­даты, доцент Шанжархан Бек­мағам­бетов.


Конференцияға қатысқан ғалымдар бұл мәселенің тың, жалпы әлемдік дең­гейдегі жаңа ғылыми идея екенін айтты.

Сондықтан алдағы уақытта бұл еңбектерді орыс, ағылшын тілдеріне аударып, кең ауқымда насихаттау қажет.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<