Ұстаздық ұстаханасының ұстыны

1319

0

Қылышбай Алдабергенұлы Бисе­нов 1957 жылы 21 шілдеде Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Мәдениет ауылында дүниеге келген. Ұстаз-ғалым. Сыр елінің білім қарашаңырағы Қорқыт ата атындағы жоғары мектебінің дамуы мен биік дәрежеге көтерілуіне бірегей еңбек сіңірген есім. Техника ғылымдарының докторы, профессор. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының академигі. Қызылорда облыстық мәслихаты­ның хатшысы. «ҚР ғылымын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері» төсбелгілерімен марапатталған. «Құрмет» орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері.

Жалағаш ауданының, Қызылорда қаласының құрметті азаматы.

Тұлғаға төлқұжат

Алпыс үш жыл ғұмырының ал­бырт шақтарын білім жинауға, мәнді жылдарын сәнді тірліктен бөліп алып ғылым жолына жұм­саған, бес рет облыстық мәс­ли­хаттың, бір рет рес­публика Пар­ламентінің депутаты бо­лып халық сенімін арқалаған нар тұл­ғалы азамат Қылышбай Бисеновтің ғұ­мырбаяны Сыр елінің білім сала­сымен бітеқайнасқан.

Тұлпар тұяғының ізіндей тұл­ға­ның бала тұрықты кезеңі көз ал­дында. Жаңаталап ауылында ал­­тын­шы­ны бітірген жылы әке­сінің інісі Сәбит көкесі қолынан жетектеп Қы­­зылордаға алып келді. Жетінші класты №4 С.Сей­фуллин атындағы орта мектепте жалғастырды. Сөктей беске оқи­тын, тек орыс тілі болмаса… Сонда үлкендер еті тірі, зейінді баланы орысшадан қағажу қалмасын де­ген екен. Орысша тіл сындыру оңай болған жоқ. Сол кезде кейін Мәскеуге барып, техникалық ғы­лым саласынан орыс тілінде док­торлық диссертация қорғаймын деген ой-қиялына да кірмеген. Райкүл Сералина апайы са­бақтан алып қалып орысшаға оқы­татын. Кластастары оған күле қарады. Бірақ, ауыл баласы мектепті ал­тын медальмен бітіріп шықты.

Жас түлек Қылышбай Алматы­дағы Қазақ политехникалық инс­титутына түсті. Бұл институттың студенті атану әр баланың арманы еді. Даңқы күллі елді дүбірлеткен «Дос-Мұқасан» во­калды аспаптар ансамблі осы оқу ор­нының қа­бырғасынан түлеп шықты. Қы­лыш­бай институтты Лениндік сти­­пендиямен оқып бітіріп, бір­жола ғы­лымға бет бұрды…

Ол – 260-тан астам ғылыми еңбектің, 32 патент, 12 моно­гра­фия, 3 оқулық, 20 оқу және әдіс­темелік құралдың авторы. Ға­лым-педагог жас ғалымдарды да­йындауға әрдайым зор көңіл бө­ліп, ол 3 ғылым докторын, 7 ғы­лым кандидатын, 4 философия (Phd) докторын дайындады.

Жоғары мектеп

жолы

Платон академиясы, Аристо­тель лицейі, Александрия мұра­жайы деген атауларды білесіз бе? Мыңжылдық тарихы бар бұл мек­тептер Еуропа жоғары оқу орындарының бастау бұлағы бо­лып саналады.

Ал, Қазақстандағы универси­теттік білім беру ісі ХХ ғасыр­дың 20-30 жылдардан бері жол­­ға қойылды. Сонда біздің бі­лімденуіміз еуропалықтардан он ғасырға кешеуілдеп қалған ба? Әсте олай емес. Қазақ даласында ауа райын көзін жұмып болжай­тын, ауруды қолмен сипап ем­дей­тін ұлт руханиятынан сауат­танған ерен жандар өмір сүргені аңыз болып қалған. Ал, кітаби ғылымға келсек, қазақ – аз уақыт­та айналасындағылармен иық те­ңестірген халық.

Осыдан сексен үш жыл бұ­рын Қиыр Шығыстан жер ауда­рылған Корей педагогика­лық инс­титутының негізінде қалып­­тасқан Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекет­тік университеті бүгінде биік дәрежеге көтеріліп, әлем танитын білім ордасына айналды. Бұл күрделі күрежолда осы оқу орнын он сегіз жыл басқарған академик Қылышбай Бисеновтің өшпес ізі, өрнекті қолтаңбасы сайрап жатыр. Оны жүйелеп ай­туға ойлы сөз керек.

Бүгінгі жас ұрпақ жоғары білімді аға буынның негізінен Қы­зылордадағы екі іргелі оқу орны – Қызылорда педагогикалық институты мен Жамбыл гидро­мелиоративтік-құрылыс инсти­ту­тының филиалынан білім алып шыққанын біле бермес, бәлкім?

Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтының филиалы Қызылордадан 1976 жылы ашыл­ған. Әдетте, оқу орындары­ның атын қыс­қартып айтатын ха­лық бұл институтты ЖГМҚИ деп қа­зақ­шалауды қиынсынып, ДГМСИ дейтін.

1979 жылы политехникалық институтты бітірген Қылышбай­ды 3-4 курста жүргенінде-ақ сту­денттерге лекция оқытып, ғылым­ға бейімдеген ұстазы, профессор, техника ғылымдарының докторы Болат Жармағанбетов осы оқу ор­нына ғылыми ізденуші-зерттеу­ші есебінде жұмысқа алып қалды. Ал, 1980 жылы жас маман Қ.Бисенов Қызылордаға оралып, Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс инс­титутының филиалына оқыту­шы болып орналасты.

1985 жылы Мәскеуден аспи­рантура оқып, техника ғылым­да­рының кандидаты дәрежесін қорғаған Бисенов тағы да осы институтқа келіп, сегіз жыл қыз­мет жасады – аға оқытушы, фа­культет деканы, институттың про­ректоры болды.

1990 жылы ДГМСИ Қызыл­орда агроөнеркәсіп өндірісі ин­же­нерлері институты болып қай­та құрылды. 1992 жылы оған дала академигі Ыбырай Жақаев есімі берілді. Сол жылы Н.В.Гоголь атын­дағы Қызылорда пединсти­туты да Қорқыт ата атымен атал­ды.

1995 жылы Томск мемлекеттік сәулет-құрылыс академиясында докторлық диссертациясын қор­ғаған Қылышбай Бисенов 1996 жылы Ы.Жақаев атындағы Қы­зылорда политехникалық инсти­тутының ректоры болып тағайын­далды.

Әлемдік білім жүйесінде жан-жақты зерттеліп, тиімді тәсіл екені дәлелденген тестілеу тәсілі мектеп бітірушілер үшін 1997 жылы енгізілді. Осы жылы ҰБТ тәжірибе есебінде алғаш рет Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политехникалық институтының базасында өтті. Мектеп бітіру­ші­лердің қорытынды мемлекеттік аттестатталуын және арнайы орта, жоғары оқу орнына қабылдау емтихандарын біріктіріп өткізуді көздейтін, білім ұйымдарынан тә­уелсіз жалпы орта білім сапа­сын бағалайтын, жаңа техноло­гияларға негізделген жүйенің осы­лайша Бисенов басқаратын оқу орнында бастау алуы да кез­дейсоқ емес. Өйткені, ұстаз-ғалым өзін әріптестері арасында жаңашылдық, ізденімпаздық қы­рынан да жақсы танытып, үлгілі ұстай білді.

1996 жылы Қорқыт ата атын­дағы гуманитарлық университет болып мәртебесі өзгерген Н.В.Го­голь атындағы оқу орны 1998 жылдың наурыз айында Ы.Жақаев атындағы Қызылорда политех­никалық институтымен бірігіп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті болды. Қос білім шаңырағын қосқан уни­верситеттің ректорлығына Қы­лышбай Бисенов тағайындалды.

Бедел мен бедер

Бисеновтің тынымсыз жұмы­сы мен беделді болмысы уни­вер­ситеттің жаңаша бағытта дамуына даңғыл жол салды.

Сол жылдары канадалық «Хар­рикейн» компаниясы Қа­зақстан нарығында жұмыс жасап, Қы­зылқия, Арысқұм, Құм­көл се­кілді кен орындарында мұ­най өндірді. Университет бас­шысы осы компания есебінен Кана­да­ның Оңтүстік Альберто тех­но­­логиялық университетімен ке­лісім жасасып, университеттің ком­пьютерлік жобалау орталығын ашты. Сөйтіп, оқу орны толық компьютерлендірілді. Дәл сол кезде еліміздегі ешқандай оқу ор­ны білім жүйесіне ғана емес, адам жан дүниесінің жаңаруына да әсер ететін мұндай ақпараттық революцияға жете қоймаған еді.

ҚМУ-дың Еуразия-Тынық­мұхит университеттерінің халық­аралық желісіне енуі – алғашқы сәтті қадамы. Мұнан әрі Литва астанасы Вильнюс қаласында шешім қабылданып, Еуропалық ЖОО қауымдастығының мүшесі болды. Италияның Болонья қа­ласында университеттердің Ұлы Хартиясына қол қойды. Ізде­ніс пен ізгілікті өмірінің өзегі санай­тын Бисенов аймақтағы бірден-бір классикалық үлгідегі көпсалалы университеттің негізін қалап, оны заман талабына сай келетін ЖОО ретінде жан-жақты дамытты.

Осы кезеңде білім беру қыз­меті жаңа сапалық деңгейге кө­теріліп, қосдипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыру, ака­демиялық ұтқырлықты дамыту, оқу үдерісіне инновациялық тех­но­логияларды ендіру арқы­лы ең­бек нарығында бәсекеге қабі­летті бакалаврлар, магистрлар, PhD докторлар даярлауға кең мүмкіндік туып,  ғылым саласы­ның басым бағыттары бойынша кешенді зерттеулер жүргізілді.

Ректор Бисенов университетті инновациялық технологиялар мен жаңа басқару қағидалары не­гізінде мамандар даярлайтын ин­новациялық-кәсіпкерлік тип­те­гі жоғары мектепке айналдыру бағытында аянбай еңбек атқар­ды. Оқу мен ойдың биігінен ала­сармайтын Бисенов сонымен қа­тар жергілікті табиғи және тех­ногенді шикізат қорлары негі­зінде құрылыс материалдарын шы­ғарудың энергия-қор үнем­деу­ші технологиясын жасау мен жетілдіру жөніндегі ғылыми мек­тептің негізін қалаған көрнекті ғалым екенін мойындатты.

Жетіқат

жер астынан

мұра қазған

Бисенов университетте архео­логтар мектебін қалыптастыруға ерекше назар аударды. Универ­ситет жанынан 2011 жылы «Ар­хео­логия және этнография» ғы­лыми-зерттеу орталығы құрылды. Мұндай мамандықтың еліміз бо­йынша санаулы ғана оқу орын­дарында бар екенін айтсақ, тағы да Қ.Бисеновтің ізденгіш жастарды ғылымға баулудағы еңбегі көрі­неді. Бүгінде университетті осы мамандық бойынша бітірген жүз­ден аса маман өлке тарихы мен мәдениет саласында жемісті қызметтерін атқарып отыр.

Университет басшысы қай жерге барса да сол елдегі ЖОО-лармен келісім-шарт жасасуды басты жұмыс қылды. Мұндай ғылыми орталықтар қатарында – Ресей Федерациясының РҒА Н.Н.Миклухо-Маклай атындағы этнология және антропология институты, География инсти­туты, М.В.Ломоносов атында­ғы Мәскеу мемлекеттік универ­ситеті, Германияның Тюбинген университеті, Татарстан Рес­пуб­ликасының белгілі оқу орын­дары сияқты беделді білім шаңы­рақтары бар. Міне, дәл осы қам­­қорлықтың арқасында қызыл­ор­далық талай жас оқытушылар аспирантура оқып елге оралып, ғылым жолын қуды.

Шын мәнінде Қорқыт ата уни­верситеті Сыр өңірінің ежел­гі және ортағасырлық ескерткіш­терінің сырын ашуға, сол арқылы еліміздің тарихын жаңа ғылыми мәліметтермен толықтыруға жа­сал­ған нақты қадамдарға бара білді.

Университеттің «Археология және этнография» ғылыми-зерт­теу орталығы Қорқыт заманын­да­ғы оғыздық асарларға, Арал ма­ңы сақтарының діни-рухани ор­та­лығы ежелгі Шірік-Рабат жә­не оғыздардың ордасы болған орта­ғасырлық Жанкент қалашық­тарында кешенді археологиялық зерттеу жұмыстарын үздіксіз жүр­гізіп келеді. Ғылыми-зерттеу орталығының құрылымында ар­хео­логиялық заттарды сипаттап, өңдеп қалпына келтіретін зерт­ханасы және жәдігерлерді қоятын көрме залы бар.

Осы ескерткіштердің ішінде ортағасырлық Жанкент қалашы­ғындағы зерттеулер үлкен ма­ңызға ие. Себебі, өлкемізде алғаш рет Жанкентте университет ға­лымдары отандық және шетелдік мамандармен бірлесе отыра ар­хео­логиялық қазба әдістерімен қатар, жаратылыстану ғылымының әдіс­терін кеңінен қолдануды қолға алды.

Жанкентті туризм нысанына айналдыру мақсатында музейлен­діру және ғылыми консервация жұмыстары да қатар жүргізілді.

Білім шырағының

жарығы

Бүгінгі университеттің бет-бей­несіне қызыға қарайсыз. «Элект­рондық университет» бағ­­дар­ламасы деген ғажап бар. Бұ­рынғы кезде оқытушылар рек­­торға хат жазып, қабылдау бөл­месіне әкеліп тастайтын. Қа­зір университет басшысына тіке­лей хат жазу және жауап алу рек­тор блогы арқылы іске асады. Анық­тамаларға тапсырыс беру, өтініш жазу, жатақханадан орын алу, басқа да жұмыстар бағдарлама арқылы орындалады.

Мәселен, «Деканат» ақпарат­тық жүйесі бағдарламасы ар­қы­лы сабақ кестесі, білім алушы­лар­ға арналған хабарлама т.с.с. ұйымдастыру жұмыстары атқа­рылады. 

Бұрын қағазбастылықпен бі­те­тін қанша жұмыс Платонус және Е-univer бағдарламаларына бекітілген.

Жазбаша емтихан кезінде әрбір студенттің жауап парағына штрих-код  беріледі. Бұл жауап па­рағында студент жайлы еш­қандай ақпарат болмайды. Сондықтан тек­серуші эксперттер кімнің жұ­мысын тексеріп жатқанын алдын ала білмейді. Эксперттің қойған балын бағдарлама өзі сканер арқылы оқып, базаға енгізеді және бір енгізілген баға өзгертілмейді.

Аға буынның көзқарасымен қарағанда осындай оқу орнына қайта түсіп, студент болуды аңсайсың, бірақ, бұл бақытты уақыт – бүгінгі күндікі.

Сыр еліндегі білім қарашаңы­рағының заманауи жетістіктерін жүйелеп шығуға бір мақаланың белі шыдамайтынын әрине, бі­ліп отырсыз. Бұл парасат орда­сын­­дағы ғылыми-техникалық кі­­тап­ханада үш ғасыр тарихын қам­титын әдебиеттер сақтал­ған. Сон­дықтан, корей оқымыстыла­рының Қызылордаға келіп, айлап жатып кітап оқитын оқиғасы да бір қызық дүние.

Сөзіміздің жібек түйіні – мынау.

Қорқыт ата атындағы универ­ситеттің біз көрмейтін ғасырлар келбетіне жарық шашып тұратын шамшырағын жаққандардың ал­дыңғы сапында бүгінгі күні об­лыстық мәслихат хатшысы болып қызмет атқарып келе жатқан ерен тұлға, ел сыйлаған азамат Қылышбай Бисенов тұр. Өйткені, бұл есім Сыр жыл­намасымен сабақтас, туған жер тарихымен тектес.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<