Жеке мектеп: Баға мен сапаны бәсеке шешеді

1596

0

Облыста жеке мектептердің саны көбейді. Кейінгі кезде «жеке мектеп қажет пе?» деген сұрақтың өзі трендте емес. Бұрынғының «талапты бала әйтеуір бір жерді жарып шығады» деген ұстанымы ескірді. Ата-ана баласының білімі үшін қолдан келгенше жағдай жасау керегін түсінді. Сондықтан оқу кестесі, имиджі, беделі мен бағасына қарай мектепті де таңдай бастады. Бұл білім саласындағы бәсекеге әсер ететіні сөзсіз.

Жеке мектептің тиімділігі неде?

Бүгінде Үкімет жеке мектептердің санын көбейтуге мүдделі. Өңірде оқушылардың орын тапшылығын шешу бағытында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде кәсіпкерлермен бірлесіп, жеке мектеп салу жұмыстары жүргізілуде.

Қазір аймақта 16 жеке мектеп бар. Оның ішінде жаңа оқу жылында облыс орталығында 2 жеке мектеп ашылды. Бірі – «Саяхат» шағын ауданындағы 348 орындық «Ұлағат білім ордасы» болса, екіншісі – «Шұғыла» мөлтек ауданындағы 100 орындық мек­теп. Ал, Жаңақорған кентінде Ө.Жұмаділда атындағы дарынды балалар мектебі, «Сана» бастауыш мектебі, «Заңғар» интеллектуалды мектебі, «Darynschool» білім беру жеке мекемесі пайдалануға берілді.

Жеке мектептер санын көбейтудегі басты мақсат орын тапшылығын азайту, білім беру сапасын жақсарту, педагог мәртебесін арттыру екені белгілі.

– Статистикалық мәліметтерге сәйкес соңғы жылдары облыста, оның ішінде Қызылорда қаласында оқушылар контингенті қарқынды өсуде. Бұл өз кезегінде орын тапшылығына әкеліп, жаңа мектеп салу қажеттілігін туындатады. Сондықтан аймақта жеке мектептердің ашылғаны біз үшін тиімді болмақ.  Жеке мектеп жұмысы Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңына және осы заңнан туындайтын нормативтік-құқықтық актілерге, сондай-ақ құрылтайшы бекіткен мектеп жарғысы негізінде реттеледі, – делінген білім басқармасының хабарламасында.

Құрылтайшы бекіткен мектеп жарғысында айқындалған жылдық күн­тізбелік оқу кестесіне сәйкес оқу-тәрбие процесі күні бойы жүргізілуі мүмкін, яғни, түске дейін сабақ процесі орындалса, түстен кейін пәндерді терең­дету, қосымша білім беру бағдарламаларын игеру, үй тапсырмасын орындау мүмкіндігі қарастырылады. Ата-аналардың балаларын жеке мектепке беруінің де бір себебі осында болса керек. Бірі физика-математика пәнін тереңдетіп оқытса, бірі ағылшынға көбірек мән береді, бала тіпті тапсырмаларын орындап, үйге бір-ақ қайтады.

Мектеп ашу бизнес пе?

Үкіметте өткен жиында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов «Мемлекет үшін, бұл – бюджетке түсетін жүктемені төмендету, орын тапшылығын азайту, білім беру сапасын жақсарту, педагог мәртебесін арттыру. Инвестор үшін, бұл – тұтыну кепілдігі бар табысты әрі ұзақмерзімді бизнес-жоба» деп атап өткен-ді. Бизнесте инвестициялардың кірісі мен шығынына басымдық берілетіні белгілі. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы кейбір мектептердегі жылдық оқу құны 5-9 млн теңге болатынын ескерсек, бұл – бизнес. Сәуір айында «Forbes Kazakstan» журналы Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласындағы үздік жекеменшік мектептерді анықтады.

Бірінші орын – «Haileybury Almaty». Оқу үшін орташа айлық төлемақы – 1,03 млн теңге. Ұлыбританиядағы «Haileybury and Imperial» колледжімен әріптестік байланыстағы мектеп 11-сынып бітірген оқушыларға IGCSE орта білім туралы халықаралық сертификатын және 13-сыныпты бітіргенде A-Level халықаралық сертификатын алуға мүмкіндік береді. Білім беру мекемесінде 60 жоғары білікті шетелдік мұғалім жұмыс істейді, олардың көпшілігі – Ұлыбритания азаматтары.

Екінші орын – Алматы қаласындағы «TAMOS Education» физика-математика мектебі. Оқу үшін орташа айлық төлемақы – 217 мың теңге. Мектеп 1998 жылы құрылған. Өткен жылы Кембридж халықаралық мектебі (ТМД) мәртебесін алды. Мекеме жеке оқу бағдарламасы бойынша жұмыс істейді. Оқушылар мұнда математика, физика және ағылшын тілін тереңдетіп оқиды.

Үшінші орын – «Haileybury Astana». Оқу үшін орташа айлық төлемақы – 1,04 млн теңге. Мектеп түлектері әлемнің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарына түсуімен әйгілі.

Төртінші орынға Нұр-Сұлтан қаласындағы QSI халықаралық мектебі орналасса, бесінші орынға Алматы QSI халықаралық мектебі жайғасқан.

Алматы менеджмент университетінің президенті Асылбек Қожахметов жекеменшік мектептердің қаншалықты жақсы білім беретіні құрылтайшыларының оқу орнын қандай мақсатпен ашқанына да байланысты екенін айтыпты.

«Қазақстанда жекеменшік мектептер көп болуы тиіс. Сонда бәсеке пайда болады, ал бәсеке болған жерде баға төмендейді және жекеменшік мектептің мемлекетпен әріптестігі артады. Осылай болғанда мектеп оқушыларының үштен бір бөлігі жекеменшік мектептерде оқуға қол жеткізеді.

Мен кәсіпкер ретінде мұны бизнес түріне жатқыза алмаймын. Егер бизнес көзі болса, клиенттерінен, кірісінен айырылмау, дәулетті ата-аналардың оқу ақысынан қағылмау үшін оқушылардан да ештеңе талап етпейді. Баланың қаншалықты жақсы оқитыны отбасы мен ата-ананың балаға қоятын талаптарына байланысты» дейді А.Қожахметов.

Расымен де, жеке мектеп ашуды кәсіпкер бизнес деп қарастырғанымен, бұл табиғаты жағынан әлеуметтік жоба дейді мамандар. Себебі, басты нәтиже ақшамен емес, оқу сапасы, балалардың интеллектімен анықталады.

Мектеп ашудағы мақсатын бір сұхбатында білім саласына қыруар қаржы құйған меценат, облыс орталығындағы «Зерде» интеллектуалды мектебінің негізін қалаушы Сейітқали Алшынбаев атап өткен еді.

– Көп уақыт бойы мені мазалаған ой – өскелең ұрпаққа ұлағатты із қалдыру. Осы керемет туындыны аңсап, «Зерде» деген мектеп құрылысын салуға ниет еттім. Қазіргі заманда кез келген қоғамның болашақ дамуын интеллектуалды адами капитал айқындайды. Сондықтан, білімге жұмсалған инвестицияның пайдасы орасан зор. Біздің балабақшалар мен мектепте білім алған балалар келешекте елге қызмет етеді. Дәулетін тасытатын, руханиятын жаңғыртатын мамандарға айналады деген сенімім бар.

…Кейбір кәсіпкерлердің банкте миллиардтап жиналған ақшасы, ол – әншейін қағаз. Байлық келешек ұрпаққа қызмет жасауы керек. Сондықтан Алла Тағала маған кішкене мүмкіндік берген екен, соңымда із қалсын, қызығын балалар мен халық көрсін деп ойладым, – дейді ол.

Бүгінде облыстағы жеке мектептер саны біртіндеп көбейіп келеді, әзірге оқу бағалары да аса қымбат емес. Жеке сектордың мүмкіндігін жеке мектеп салдыруға жұмылдыру орын тапшылығын азайту, бюджетке түсетін жүктемені төмендетуге әсер ететіні рас. Бастысы, білім саласындағы бәсекеге әкеледі. Өйткені, мұндағы баға мен сапа бәсекемен тікелей байланысты.

Айдана ЖҰМАДИНОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<