БЕЙБІТШІЛІК ПЕН КЕЛІСІМ, ОРТАҚ БАЙЛЫҚ ЕЛ ҮШІН

695

0

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев 2018 жылы Қазақстан халқына Жолдауында «Еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім» деген болатын.

Қазақстанның қандай да бір жетістіктері сенімді тірек саналады. Мемлекет басшысы Жолдауда белгілеген 10 міндетті орындап шығу үшін ең бірінші кезекте елімізде тыныштық, бейбітшілік заман болып тұруы тиіс.

Иә, Ислам дініндегі құнды­лықтарының төресі – бейбітшілік пен келісім. Өйткені бейбіт өмір ғана дін адамына Жаратушының алдындағы пенделік міндеттерін орындауға мүмкіндік береді. Ал зайырлы қоғам тұрғысынан қарасақ, бейбітшіліктің маңызы тіпті өлшеусіз. Дін ісі де, дүние ісі де бейбітшілік жағдайында ғана көгеріп-көктейді. Осыны түйсіну өз кезегінде отансүйгіштік сезімдерге тәрбиелеп, елдік мұраттарға жетелейді. Өйткені тыныштық, тұрақтылық пен татулық тек заңдылыққа, тәртіпке, жүйеге негізделген біртұтас құрылым – мемлекет аясында ғана орнайды. Сондықтан да Исламда «Отанды сүю – иманнан» делінеді, дінге қызмет елге қызмет деп бағаланады. Діннің рухани әлеуеті мен шынайы мазмұны адамзат өміріне терең рухани мағына дарытатын, оны өркениет шыңына жетелейтін осындай кең өрісті дүниетанымнан бастау алады.

Қазақ халқы ғасырлар бойы ұстанып келген дәстүрлі Ислам діні қоғамда, мемлекетте тыныштықты, адамгершілікті, парасаттылықты насихат етеді. Алла Тағала адам баласын Құран Кәрімде: «Ол жаратылғандардың ішіндегі ең абыройлысы», – деп дәріптейді. Сондықтан, ата-бабаларымыз осы ұстанымды басшылыққа ала отырып, ұрпағын ізеттілікке, ізгілікке тәрбиелеген. Халқымыз ғасырлар бойы дінді руханияттың негізі санап келді. Ұлттың рухани құндылықтары дін қағидаларымен үндесіп жатты. Ата дініміз Исламдағы адамгершілік, сыйластық, өзара құрмет, келісім, имандылық, білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты асыл құндылықтар мен қасиеттер ұлтымыздың болмысында бұрыннан бар мінездермен астасып, рухани құндылықтардың қайталанбас кешенін құраған болатын. Яғни, дін руханияты дәстүрлі құндылықтарға негіз болып қаланды.

Елбасымыз айтқандай: «Еліміз­дің бірлігі мен тұтастығын, ынтымағы мен бейбітшілігін сақтап қалу әр қазақ­стандықтың ел алдындағы, мемлекет алдындағы борышы. Жастар еліміздің тірегі. Елдің ертеңгі болашағы! Ата-бабаларымыз аманат етіп кеткен салт-дәстүрімізді, тілімізді, мәдениетімізді, дінімізді келер ұрпаққа жеткізетін — ол жастар». Иә Президентіміз ел болашағы білімді жастар екенін үнемі айтып келеді. Осы бағытта жас буынға білім берудің барлық деңгейінде оқыту сапасын күшейту қажет болады. Діни сауаттылықты арттырып, қоғамда орын алып жатқан түрлі көзқарастарға білім арқылы тосқауыл болуымыз керек.

Алла тағаланың ең алғашы аяты да «Иқро», яғни, «Оқы» деп басталатынын әрбір мұсылман жақсы біледі. Міне, бұл дініміздің білім мен ғылымды ізденуге қаншалықты көңіл бөлгендігінің көрінісі. Осы сияқты аяттар Алланың қасиетті кітабында көптеп кездеседі. Осымен қатар білім мен ғылым туралы көп айтылған. Алла бір нәрсенің маңыздылығына назар аудартқысы келсе, оны кітабында көп қайталаған.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұстанатын дәстүрлі мектебіміз Әбу Ханифа мәзһабын ұстанып, салт-дәстүрімізді дәріптеп, ғибратты ғұмыр кешу – адамгершілігіміздің, мұсыл­манды­ғымыздың белгісі.

Жеңіс САДЫҚОВ,

Құддыс ишан мешітінің имамы.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<