ӨРІСІ МАЛҒА ТОЛҒАН, КӘСІБІ ӨРКЕН ЖАЙҒАН

625

0

Жаңақорған ауданы  кәсіпкерлік саласы бойынша үздіктер қатарында. Ондағы әрбір ауылдың өз кәсібі бар. Бірі егіншілік болса, бірі шаруашылық, енді бірі жеңіл жұмыстың көзін тауып кәсіпке айналдырып отыр. Со­лар­дың қатарындағы Аққорған ауылында мемлекеттік бағдарламаның ар­қасында қайтарымсыз грант, жеңіл­детілген несие алып, мал басын кө­бейтіп, кәсібін кеңейтіп отырған кәсіп­­керлер жетерлік.

Ауылдағы ағайынның ауыз­бір­шілігі арқа­сында біршама тындырымды тірліктер атқа­рылған. Жаңа мектеп, дәрігерлік амбулатория, балабақша мен спорт кешені ел игілігіне берілді. Екі қолға бір күрек таба алмай сенделген жас жоқ.  Олар білім алып, кәсіптің қыр-сырын үйрететін түрлі курстарға қатысып, шаруаға икемді екендіктерін дәлелдеп жүр.

Елді мекенде 5 мыңға жуық жан түтін түтетіп отыр. Тіркелген кәсіпкерлер саны – 242.  Оның барлығы дерлік жұмыс жасап тұр. Басым бөлігін  шаруа қожалықтары, мал бордақылау алаңдары мен мейрамхана, наубайхана сынды кәсіп түрлері қамтиды. Сонымен бірге өткен жылдың қаңтар айынан бастап жаңадан  ісін бастаған 24 жеке кәсіпкер тізімге енген. Шаруасын кеңейтемін деген жандар мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, жеңілдетілген несие алды. Мал басын көбейтіп, асылдандырды. Атап айтар болсақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-дан 3 кәсіпкер несие алса, оның біреуі мал басын көбейткен, бірі техника алды, енді бірі қоғамдық тамақтану орнының жиһаздарына жұмсаған. Өңірлік инвестициялық орталықтан 3 кәсіпкерге мал шаруашылығын дамыту бағытында 8 млн теңге берген. «Қамқоршы» несие серіктестігі арқылы да 3 кәсіпкер  шаруасын дөңгеленту үшін 10 млн теңге көлемінде ақша алып, мақсатты жұмсаған. «Бизнестің жол картасы –2020» бағдарламасы шеңберінде  1 кәсіпкер  840 мың теңгелік  грант жеңіп алып, нау­байхана ашты. Ол ауыл тұрғыны – Аманкүл Құдайбергенова. Кәсіпкер бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Наубайханашы күніне 300-ге жуық нан өнімдерін пісіреді. Жергілікті халықтан өзге өнімді мектеп пен балабақшаға өткізеді. Есік алдындағы шағын цех заман талабына сай құрал-жабдықтармен толық қамтылған. Жұмыс қол еңбекті қажет етпейді, дайын  аппарат атқарады. Мәселен, ұнды елеп, қамыр илейтін арнайы құрылғы бар. Ұнды жергілікті кәсіпкерлерден алады. Нан бағасы 70, 60 теңге, салмағы 500 грамм. Сонымен бірге жеке кәсіпкер той, жиындарға да тапсырыс қабылдайды. Тәтті тоқаштардың сан алуан түрлерін пісіреді. Енді Аманкүл келешекте наубайханасын кеңейтіп, кәсібін одан әрі дамытуды көздеп отыр. Қазіргі кезде осы бағыт бойынша жұмыс жасап жатыр. 

Ауылда «Сыбаға» бағдар­ла­масының игілігін көрген шаруа­шылықтар бар. Мемлекет қол­дауы­ның арқасында төл өсіріп, тірлігін жақсартып жүргендердің бірі – «Есім» шаруа қожалығы.  Қожалық 2007 жылы құрылған, төрағасы Молдахмет Ибрагимов. Жігіт ағасы бағдарламаның арқасында жеті миллион теңге несиені 6  процентпен алды. Қаржыға ет бағытындағы 55 сиыр мен 2 асылтұқымды бұқа сатып алынды. Мұнан өзге уақыт өткен сайын мал басын көбейтті. Қожалық төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.  Молдахметтің айтуынша, бір кездері мал саны 300-ге жеткен. Алайда белгісіз кеселдің кесірі тиіп, саны азайып, бүгінде шаруашылықта 100-ге жуық ірі қара, 70-тен астам қой мен жылқы бар.

– Төрт түлікті түгел өргізу үшін тынымсыз еңбек қажет. Қорасындағы азын аулақ малының басын көбейту мақсатында мемлекеттік бағдарламаға қатысып, шаруасын дөңгеленткен жандар жетерлік. Біздің қожалық та «Сыбаға» бағдарламасына қатысып, жеңілдетілген несиеге қол жеткіздік. Шүкір, түлік санын еселеуде барынша жұмыс жасап жатырмыз. Дегенмен, мәселе жоқ  деп айта алмаймын. Бізде жайылымдық жер аз. Себебі жан-жағымыздың бәрі де егіншілік. Ал, егістікке мал түссе, диқандарға қиын,–дейді ол.

Ел ырысын еселеген азаматтар еңбегі қашанда зор құрметке лайық. Аққорған ауылының диқандары өткен жылы да қамбаларын алтын астыққа толтырған. Егін егіп,  мол астық алып отырғандар қатарында «Нұрасыл – Б» шаруашылығы да бар. Жыл сайын күрішпен қатар бидай, жоңышқа егетін кәсіпкер Нұрмұхаммед Өтенбаев екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.  Егістікке қажетті техника  жеткілікті. Өнімді жергілікті халыққа өткізеді. Шаруашылық басшысы енді егін егумен қатар жылқы өсіруді қолға алмақшы.

Сонымен қатар ауылда кәсіп бастауға ниетті жандар қатары артқан. Мәселен, «Бас­тау-Бизнес» жобасына 2 азамат қатысып, білімін жетілдірді. Ал, қысқа мерзімді кәсіби білім алуға 11 азамат қамтылған. 

Ауыл жастары «Zhas project» жобасына қатысып, тың идеяларын іске асыруда. Олардың арасында 8 жоба үздік танылып, жұмысын жасауда. Солардың бірі – Асылбек Әбілқайырдың «Жылқы – табиғи тренажер» жобасы. Онда жылқымен емдеу арқылы сергіту, серуендеу ісі қолға алынған. Мәселен, бел ауруы, мүмкіндігі шектеулі, ДЦП-ға шалдыққан балаларды  атқа отырғызу арқылы ем жүргізеді. Қазір 20 адам осы ем түріне жүгінуде екен.

Сара АДАЙБАЕВА.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<