Түліктің төресін баққан

1029

0

Бүгінде кәсіпке бағыт алған жастар қатары артып келеді. Себебі, мемлекет  іс бастаймын деген жас кәсіпкерлердің қолын қағып отырған жоқ. Қайта қолдау білдіріп, жобасын дамытуға мүмкіндік сыйлауда.

Жақында жалағаштық Ғалияш Керейтбай түйе шаруашылығын қолға алды. Ол нәтижелі жұмыспен қамту, жаппай кәсіпкерлікті дамытудың  «Еңбек» бағдарламасы аясында 4 млн теңге қаражат иемденді.  Тиімділігі сол жеңілдетілген несиені 6 процентпен қайтарады. Бұл қаржыға 8 бас түйе сатып алып, шаруасын дөңгелентіп отыр.

– Менің салам мүлде бөлек. Жоғары оқу орнын мұнай-газ мамандығы бо­йынша бітірдім. Кәсіпкер атануыма түрткі болған – мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдау. Мал шаруашылығы біздің – атакәсіп. Сондықтан бала күнімізден төрт түліктің жайын біліп өстік. Сол себепті түйе өсіруді қолға алдым. Пайдасы шаш етектен. Кәсіп бастағаныма аз уақыт болса да біршама ілгерілеу бар. 3 мезгіл түйе сауамын. Өнімін алушылар көп. Кезекпен алатындар да жетерлік. Қай істе де батылдық керек. Басында қиыншылық болатыны заңдылық. Бірақ төзе білсең, жемісін көресің, – дейді ол. 

Жас кәсіпкер алдымен қоражайын жөндеді. Енді мал азығын дайындауға кірісті. Төлдердің күтімі ерекше болғандықтан, уақытылы жем-шөбін береді. Шаруаның жайын бізге баяндап жүріп, қорасын тазалады.  Қыстың қамына орай жұмысын пысықтап жүр. Ғалияштың ісін құптаған отбасы да оған қолғабыс етіп келеді. «Кәсіп түбі – нәсіп» деп бекер айтылмаған. Кейіпкеріміз түйе сүтінің литрін 1000 теңгеден сатады. Сауғаны сол мезетте өтіп кетеді. Бұл сусынның пайдасы жайында тәптіштеп жатудың қажеті жоқ. Індет тараған уақытта шұбат тұтынатындардың тіпті қарасы көбейген. Мұны жас кәсіпкердің сөзінен де аңғаруға болады.

–  Қазір қора-жай есік алдында орналасқан. Келешекте жайылымдық жер алып, шаруашылықты кеңейтуді көздеп отырмын. Ауыл адамдарын да жұмыспен қамту ойда бар. Мал басын арттырып, шұбат өндірісін бастасам деген ниет те жоқ емес, – дейді ол.

Тірлігі тындырымды қыз­дың шаруасына сүйсінетіндер жетерлік. Ғалияш үш ай бұрын аудан орталығынан шаштараз да ашты. Қайтарымсыз грант жеңіп алды. 505 мың теңгеге сән үйіне қажетті құрал-жабдықтарын түген­деп,  бірнеше адамды тұрақты жұмыспен қамтыды.

– «Жұмыс жоқ» деген жастарға таңғаламын. Төрт жыл оқыған диплом сандықта жатыр. Меніңше, бұл – тек сылтау. Әрекет етсең, берекет болады. Қазір жұмыс табудың жолы көп. Қалаға да қармана беруге болмайды. Мемлекет ауыл жастарында назардан тыс қалдырып жатқан жоқ. Кәсіпкерлік бағытта білім алып, мал, егін, құс шаруа­шылығымен айналысуға қолдау қарастырылған.  Бас­тысы, жолын іздеп, еңбектену керек, – дейді ол.

Сара АДАЙБАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<