Әлем дертті дендетпеуге күш салуда

448

0

Әлемдегі ахуалды саралайтын болсақ, COVID-19 ауруы мен өлім-жітімі бойынша жағдай әлі де күрделі. Бүгінгі таңда әлемде КВИ-дің 154 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 700 мыңнан астам ауру анықталуда. Бүгінге дейін 3,2 млн-нан астам адам қайтыс болып, өлім көрсеткіші 2,1% құрады. ДДСҰ-ның алты аймағының бесеуінде аурудың өсу тенденциясы байқалады. 221 ел қатысатын әлемдік рейтингке сәйкес, Қазақстан сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша 110-орында, ал өлім-жітім көрсеткіші бойынша 107-орында тұр.

Қазір Үндістанның эпидемелогиялық ахуалы тым ауыр жағдайда. Соңғы уақытта бұл ел коронавирус жұқтырудан рекорд орнатып тұр. Бір тәулікте шамамен 350 мыңдай адам вирус жұқтыруда. Егер бұл қарқынды тежемесе тәулігіне жарты миллион адам жұқтыратын көрсеткішке жетіп қалуы ықтимал деп болжам айтылуда.  Мамыр айының басында мұнда бір тәулікте 3689 адам қайтыс болған. Жалпы бұған дейін елде қайтыс болған саны 220 мыңға жуықтаған. Ал коронавирус жұқтырған адамдар саны 19,6 млн деп көрсетілген. Үнді Үкіметі коронавирусты жеңудің жалғыз амалы вакциналауда екенін жақсы түсінеді, бірақ, миллиардан асатын тұрғынына жаппай вакцина тауып бере алмай отыр.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлімдеуінше  әлем халқының шамамен 10%-нің ғана коронавирусқа қарсы антиденесі бар, ал вакцинация ұжымдық иммунитетке қол жеткізудің жалғыз тәсілі болып табылады, Сондықтан да әлем елдері COVID-19 пандемиясымен үздіксіз күрес жүргізіп,  өз тұрғындарына вакцина егу жүргізу үстінде.

         Өткен аптадағы дерек бойынша дүние жүзі бойынша жүзден аса мемлекетте 300 млн екпе егілген. Әлемнің әр түкпірінде вакцинация қарқыны біркелкі болып тұрған жоқ. Бірқатар елдерде тұрғындардың басым бөлігі вакцина ектірген болса, біраз мемлекет алғашқы партияларын күтуде. Бүгінгі таңда коронавирусқа қарсы екпе егуден лидер болып отырған елдер Қытай мен АҚШ. Ал халықтың егілген үлесі көрсеткіші жөнінен Израил мен БАЭ мемлекеттері алда келеді. Әзірге халқының 80%-не вакцина салдырып, маскалық режимді алып тастаған, енді 12 жастан асқан жасөспірімдерге коронавирусқа қарсы екпені еге бастаған Израиль мемлекеті ғана болып отыр.

Биыл жазда Токио олимпиадасы өткізіледі. Оның ашылу салтанаты 23 шілдеге белгіленген. Бірақ салтанатты шараға қатысатын 78 мың волонтердің барлығы бірдей коронавирусқа қарсы вакцина ектіруге үлгіре алмайды деген қауіп бар. Сондықтан олар екі бетперде тағып, қолдарын жиі зарарсындарып тұруы тиіс екені айтылуда. Жапон билігі жазғы олимпиаданың шетелдік көрермендерсіз өтетінін хабарлап отыр.

Ал бүгінгі таңда вакцина – дертті дендетпеудің жалғыз амалы екенін барлығы түсініп келеді.. Сол себептен дүние жүзі бойынша бұл бағыттағы жұмыстар қарқын ала бермек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының басшысы Тедрос Адханом Гебрейесус 2022 жылы әлемде ересек тұрғындарының басым бөлігін коронавирус инфекциясына қарсы вакцина егу үшін  35-45 млрд доллар шамасында қаржы қажет болатынын жеткізді.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<