Алтын діңгек

798

0

Адам баласына тарихтың беретін үлкен бағасы, ол – есіміңді ғасырлардың жадында қалдыру. Тарих мұны қай қырымен екшеп алады?  Әрине саналы ғұмырыңда айналаңа істеген игі істерің мен халқыңа көрсеткен адамгершілігіңмен, азаматтығыңмен өзгелерден ерекшеленесің.

Республика жұртшылығына танымал тұлға, парасаттылық пен қарапайымдылығы, адалдығы мен кәсібилігін ту еткен, Қызылорда облысының денсаулық сақтау саласының атасы атанған, ұстазымыз Ернияз Омарұлы туралы айту, кейінгі шәкірттерінің басты парыздарының бірі деп білемін.

Ернияз Омарұлының өмірдерегіне көз жіберсек, балалық кезеңі ашаршылық пен соғыс жылдарына тура келген екен. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» дейді халқымыз. Ернияз Омарұлы өз естеліктерінде ашаршылық, елдің күйзелісі, соғыстың зардабы, бала еңбегін пайдалану, балалық шақтың болмағандығы туралы көп айтып отыратын. Еңбекке ерте араласқандықтан, оқуға деген ерекше құштарлықтың болуы заңдылық еді. 1947 жылы Қызылорда қаласындағы медициналық техникумға оқуға түсіп, үздік тәмамдайды. Екі жыл еңбекке араласып,  фельдшер болып жұмыс жасайды.

Екі жылдан соң Қызылорданың қатарлас жүрген 19 жас азаматы Алматы мемлекеттік медицина институтына оқуға тапсырады. Олардың қатарында, Ғани, Махамбетқали, менің әкем Шәріпбай, Мақатай, Елемес Көшкінбаев, Иманғали Әбдіхалықов, тағы да басқа азаматтар болды. Шындығына келгенде, ол кезеңде медициналық институттарға көбіне өзге ұлттардың азаматтары оқуға түсетін. Ал Сыр өңірінен аттанған 19 жас  дәл осы қағиданы бұзып, барлығы оқуға түсіп кетеді.

Атақты В.П.Рощин, А.П.Полосухин, П.П.Очкур, Н.К.Войткевич, А.Н.Сызғанов, А.Рақышев, Н.И.Севрцов сынды медицина ғалымдарынан дәріс ала жүріп,   Алматыдағы әскери госпитальда  фельдшерлік қызметін жалғастырады. Бұл Ернияз Омарұлының кейінгі өміріне бағдаршам болды десек те жарасады. Біліммен қа­тар, тәжірибеге сүйену кәсіби біліктілікті артыруға жетеледі.

Ернияз Омарұлының әрі қарайғы өмірдерегінде жас маманның облыстық аурухананың хирургиялық және жедел жәрдем бөліміне хируг болып орналасқаны, арада екі жыл өтпей жатып, қалалық денсаулық сақтау бөлімінің меңгерушісі, 1967-1982 жылдар аралығында біріккен қалалық аурухананың бас дәрігері қызметтерін атқарғаны белгілі.  1982-1994 жылдар аралығында облыстық денсаулық сақтау бөлімін басқарса, зейнетке шыққан соң өмірінің ақырына дейін кәсіби мамандығына деген адалдығын жоғалтпағанын көреміз. СПИД-ке қарсы орталықта, қалалық ауруханада травматолог маман ретінде күні кешеге дейін кеңес беріп, қызмет жасады.

Тұтас бір ғасыр.  Ернияз Омарұлының өмір тарихы қалай жазылды және жазыла бермек? Сонау институтты бітіріп келген жас маман неге назар аударды, кейін бұл еңбек қалай бағаланды?

Ол махаббатты еңбектен табуға талпынды. Жастығы мен мүмкіндігін халықтың денсаулығын сауықтыруға арнады. Әсіресе, балалардың денсаулығына көп алаңдайтын еді.  Балалар арасында кез­десетін ұршық басының туа бітті ақауына назар аудара бастады. 1959 жылы Мәскеуде травматология-ортопедия саласы бойынша біліктілігін арттырып, сынған сүйекті темірмен ұштастыру, жамбас және мойын сүйектерінің қисаюын консервативті-оперативті емдеудің жолын үйреніп келеді. Осылайша ғылымның баспалдағына да ден қойған еді.

Дегенмен, алғыр да жігерлі маман 1961 жылдан бастап, қалалық емдеу ұйымдарының жұмысына тікелей араласып, басшылық қызмет атқарды. Ернияз Омарұлының қалалық емдеу ұйымдарының жұмысын ұйымдастыруда жасаған таптырмас бір тәжірибесі болды.  Ол – қалалық емханалар дәрігерлерінің, аптасына бір рет қалалық ауруханада кезекшілік жасауы еді. Бұл дегеніміз – күнделікті науқасты қарау ғана емес, сол науқастың емделуіне тікелей араласу. Осыдан келіп мамандардың біліктілігі мен кәсібилігі арта түсті. Сол кезеңдердегі дәрігерлік қызметте жүрген көптеген азаматтар кейін білімі мен біліктілігінің арқасында, жоғарғы қызметтерге көтерілді.

1982 жылы ұстазы София Өтегенқызы Махашеваның орнына облыстық денсаулық сақтау бөліміне басшылыққа келді. Енді облыс халқының, әсіресе шалғай елді мекен тұрғындарының денсаулығын көзімен көруді шешті. Мәселеге тік қарады және сол мәселенің оң шешілуі, тұтас бір саланың алға жылжу рычагі екенін білді.  Аралдың атырабынан Қаратаудың сілемдеріне дейін бармаған ауылы, мал фермасы қалмады. Түйіні облыстағы сырқаттарды емдеу төсегінің жеткілікті болуы және салалық бағытта дамыту қажеттілігі деп шешті.

Ең бірінші ана мен балаға көрсетілетін көмекті жетілдіруі, педиатрлық аймақтардың ашылуы, мектеп пен балабақшалардағы дәрігерлер қызметіне мән берілді. Жүкті әйелдер мен шала туған нәрестелерге көрсетілетін реанимациялық-анестезиологиялық көмекті арттыру мақсатында барлық аудандарда жансақтау бөлімдері ашылды. Оларды кадрлармен қамту, материалдық-техникалық базасын толықтыруға күш салды.

Ернияз Омарұлы еңбек еткен жылдары 5 облыстық, 3 қалалық, 3 аудандық, 29 ауылдық медициналық нысанның салынуы ол кісінің іскерлігін таныта түседі. Сонымен бірге, барлық елді мекендерде медициналық ұйымдарды аша отырып, мал фермаларына көшпелі фельдшерлік қызметтің жүйесін енгізді. Түкпірде қоныс тепкен елді мекеннің бір тұрғыны болса да, медициналық қызмет қолжетімді болуы тиіс деп санады.

Ернияз Омарұлы тұсында пульмонология, травматология, торокальді хирургия, нейрохирургия, гематология, аллергология салалары бойынша жаңа бағыттар дамыды. Ғылымға жол ашылды. Өзі де балалардың туабітті жамбас буынының шығуына байланысты 56 ғылыми еңбектің авторы атанды. Науқас балаларды емдеп жазуда  Одақ көлеміндегі білікті хирург атанды.

Әлемнің әміршісі – еңбек. Еңбегі бағаланды. Көп азаматтың алғысын алды. Мыңдаған сәбидің екі аяғын тең басып кетуіне себепші болды. Ернияз Омарұлы өз еңбегінің бағасын алған жан. «Құрмет белгісі», «Халықтар Достығы» ордендерінің иегері, денсаулық сақтау саласындағы ең жоғарғы марапаттарға ие болған.

Ғибратты ғұмырын жас ұрпаққа мұра етті. «Өмір белестері» атты ғұмырнамалық хикаят, Ұлы Отан соғысының 60 жылдығына «Ажалға араша», «Сыр медицинасы» кітаптарын кейінгі ұрпаққа аманаттап кетті.  

Облыстың денсаулық сақтау саласында жемісті еңбек атқарған мемлекет және қоғам қайраткері Ернияз Омаров – «Сырдария ауданының құрметті азаматы», «Қызылорда қаласының құрметті азаматы», «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атақтарының иегері.

Ал, азаматтығы, адамшылығы, тұлғалығы, адами биік болмысын қайда қоямыз?! Ол ең бірінші жүрегі ашық, аңқылдаған қамқоршы жан еді. Көкірегі имандылыққа толып тұратын Ернияз Омарұлының жанында өзіңді еркін сезіне аласың. Оның рухани дүниесі бай, табиғи   таза болмысы, кішілігі мен кісілігі, бекзаттығы кез келген адамды баурап алатын еді. Қызмет барысында талап қойғанымен, адамдық қасиеті ерекшеленіп тұратын. Үлкеннің де, кішінің де көңілін тауып, көпшіліктің көкейіне ұялап кететін. Майда қоңыр дауысымен ән айтып, өмірге деген сағынышын жырмен басқан кезеңдеріне де куә болдым.

Ернияз Омарұлының еңбекқорлығы мен қарапайымдылығы ерекше болатын.  Сонан да ол кісімен сұхбаттасқан, өмірде жолдары түйіскен азаматтардың көкірегінде жылылығымен қалды. Ол денсаулық сақтау саласы ардагерлер кеңесінің жұмысын басқарды. Сол уақыттарда облыстағы сала ардагерлерінің барлық мүмкіндігін жасауға тырысып, әрбіріне қамқорлық танытты. Зейнетке шыққан ардагерлер «Ернияз Омарұлы хабарласты» деп, ерекше бір ілтипатпен айтып отыратын еді.

Ол достыққа адал болды. Сонау бір алып ұшқан Алматының медициналық институтының түлектері, Сырдың 19 өренінің жұбы жазылмады. Олар Сыр медицинасының түлеуіне атсалысты. Достықтың шынайы бейнесі ретінде азаматтардың қолтығынан демеп, бүгінге дейін отбасымен араласып, өмірдің ащысы мен тұщысын бірге көрді. Осы жолда Ернияз Омарұлы өз қамқорлығын өмірінің аяғына дейін жоғалтпады.  

Ернияз Омарұлы халықтың адамы болды, елге қызмет жасады. Осы қызмет барысында талай азаматтармен ат үстінде жолықты, сыйлас болды. Елдің, жердің тағдырын шешуде іскерлік кәсібилікпен қатар, адами қасиеттер қажет еді.  Ол – әйелдің дастарханы болатын. «Жақсы әйел жаман ерін хан қылады» деген тәмсіл бар.  Ол әйелдің даналығы мен сабырлығы, көрегендігіне байланысты. Ерін құрметтеген, шынайы сезімі мен құрметі бар Хадиша апай Ернияз Омарұлының 65 жыл сенімді серігі ғана емес, шынайы досы да бола білді. Отбасының ұйтқысы, бес баланың анасы ғана атанып қойған жоқ, ғұмыр бойы еріне қызмет көрсеткен отанасы атанды. Хадиша апайдың дастарханы әлі де жаюлы. Ерінің жетістігінің белгілі бір үлесі Хадиша апайдың еңбегі деп бағалауымыз қажет. Ұрпағының төртеуі әке жолын жалғастырды.

Біз бүгін ұлы ұстаз туралы ойды қағаз бетіне түсірдік. Ернияз Омарұлы – өз биігін бағындырған жан. «Адал жанды өнеге тұт өзіңе» дейді дана халқымыз. Ернияз Омарұлының адамдығы мен болмысы, қарапайымдылығы мен қамқорлығы, асыл қасиеті мен тектілігі, үлкен жүректілігі туралы әлі талай   жазылатынына сенімім мол. 

Рас, біз үлкен қазына сандығымызды жоғалттық. Өкініш бар, сағыну бар. Бірақ, тарих бізге тағы бір тұлғаны үлгі етіп берді. Ұрпақ осы тұлғаларға қарап бой түзейді деп сенемін.

Ақмарал ӘЛНАЗАРОВА,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<