Соғыстың отты жылдары алыстаған сайын, сол бір сұрапыл кезеңнің ауыр салмағы мен ел үшін жанын қиған ерлердің ерлігі ұрпақ жадында жаңғыра бермек. Бүгінде майдан даласында от кешкен батырлардың қатары сиреп барады. Алайда олардың есімі мен өнегелі өмір жолы халық жүрегінде мәңгі сақталады. Сондай ардақты азаматтардың бірі майдангер Махамбетжан Сражадинов Сырдария ауданына қарасты Амангелді ауылында дүниеге келген. Ол ел басына күн туған қиын кезең еді. Аштық пен жоқшылықтың тауқыметін көріп өскен бозбала жастайынан еңбекке араласып, маңдай тердің қадірін түсініп өсті. Ауыл тіршілігінің ауыр жұмысына шыныққан ол қайсар мінезді, адал да еңбекқор азамат болып қалыптасты.
1942 жылдың ақпан айында Махамбетжан атамыз өз еркімен сұранып, майданға аттанды. Қызылорданың теміржол бекетінен Уфа қаласына жол тартқан жас сарбаз сол жерде әскери дайындықтан өтеді. Кейін артиллерия құрамына қабылданып, жаумен шайқасқа кіреді.
1943 жылдың көктемінде екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ең шешуші шайқастардың бірі – Курскідегі қанды ұрысқа қатысады. Сол сұрапыл күндердің бірінде оның бөлімшесі жау қоршауында қалып қояды. Төрт тәулік бойы көз ілмей, аштық пен шөлге қарамай, жаудың толассыз шабуылына қарсы тұрған сарбаздардың ерлігі ерен еді. Сәт сайын ажалмен бетпе-бет келді. Бірақ туған жерге деген сүйіспеншілік пен Жеңіске деген сенім олардың жігерін жасыта алмады.
Махамбетжан Сражадинов сол қоршаудан аман шығып, майдан жолын жалғастырды. Ерлігі мен батылдығы үшін екі мәрте «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен және «Германияны жеңгені үшін», Жуков медалі секілді көптеген марапаттармен наградталды. Бұл – оның Отан алдындағы өлшеусіз еңбегінің айқын дәлелі.
Соғыс аяқталғаннан кейін де майдангер ел ісінен шет қалған жоқ. 1947 жылдың наурыз айында туған жеріне оралған ол ауылды қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласты. Ауылдық кеңес төрағасының орынбасары болып қызмет атқарып, кейін Айдарлы мен Амангелді ауылдарындағы астық қабылдау пунктін басқарды. Одан соң «Комсомол» совхозында ферма меңгерушісі қызметін атқарды. Қай қызметте жүрсе де, елдің қамын ойлап, адал еңбек етті.
1947 жылы Махамбетжан атамыз тыл еңбеккері Шарапат Хұсайынқызымен шаңырақ көтерді. Соғыс жылдарында тылда аянбай еңбек еткен Шарапат анамыз да Жеңіске өз үлесін қосқан жан еді. Екеуі тату-тәтті ғұмыр кешіп, он бала тәрбиелеп өсірді. Ұл-қыздарының бойына адалдықты, еңбекқорлықты, елге деген сүйіспеншілікті сіңірді.
Ардақты жанның жарқын бейнесі туған-туыстары мен ауылдастарының жүрегінде мәңгі сақталып қалды. Батыр майдангердің ғибратты ғұмыры – кейінгі ұрпаққа үлгі, елге қызмет етудің, Отанды шексіз сүюдің өнегесі. Бүгінгі бейбіт өмір – осындай ерлердің жанқиярлығының өтеуі. Сондықтан майдангерлердің ерлігін ұмытпау – кейінгі ұрпақтың қасиетті парызы.
Бағлан АМАНЖОЛ,
«Сыр бойы»





