Ерік-жігердің көмбесі – еңбек пен тәртіп

315

0

Шыңғысхан ауырып қалып, қытайдың атақты емшісі Ган Чуннан:

– Өмір дәрісі бар ма? – деп сұрапты.

– Бар, – депті емші.

– Ол қандай дәрі, мәңгілік өлмейтін дәрі ме? – деп хан елең ете қалады.

– Ол – уақытша өмірге арналған дәрі. Ал, мәңгілік өмір сүру дәрісі менде болмай тұр, – депті Ган Чун.

Сол емші айтқандай, мәңгілік өмір жоқ, бірақ сау, ұзақ өмір бар. Оның дәрісі – спорт, яғни, қимыл және салауаттылық.

Сондықтан да бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған әлеуметтік маңызы зор мәселенің бірі – халық денсаулығы болып отыр.

Қимылға, нақтырақ айтқанда еңбектенуге, салауатты өмір сүруге баланы жас кезінен тәрбиелеу ісіне халқымыз айрықша мән берген. «Балаңды бес жасқа дейін хан көтер, бес жастан он бес жасқа дейін құлыңдай жұмса, он бес жастан асқан соң досыңдай сырлас» деген аталар сөзінің астарында қаншама мағына жатыр.

Бұлардың бәрін тізбелеп отыру себебім бар. Мен – дене тәрбиесі пәні мұғалімімін. Алдымыздан әр жыл сайын қанша бала қанаттанып, үлкен өмірге қадам басып жатыр. Алайда, қазіргі балалардың көбі қарапайым мысалмен жеткізсек, кермеге тартыла алмайды, тартылса, екі-үштен аспайды. Көлбей жатып, қос қолының күшімен өз денесін көтеру олар үшін ақырет. Жүгірсе, шаршап отыра кетеді. Тіпті, кейбір балаларды бассейнге түсіруге қорқасың. Жасыратын несі бар, әскер қатарына шақырылған жастардың бой мен салмағы жағынан жарамсыз болып қалатындары да жетеді.

Мұның себебі не? Олар ертең қайтіп Отан қорғайды. Отан қорғамақ өз алдына бір уайым, үлкен өмір сынағына қалай шыдайды?

Себебін іздеп көрелік. Бұрын кеңестік дәуір мектептерінде ГТО («Готов к труду и обороне») деген болды. Әрбір оқушы осы норма сынағынан өтіп, төсбелгісін тағып жүруді мәртебе көретін.

Тәуелсіздік жылдары бұл норма «Президент сынамасы», «Ұлттық сынама» деп ауыстырылды. «Денешынықтыру және спорт туралы» ҚР Заңына сәйкес әзірленген ережелер бекітілді.

«Президенттік сынама» сынақтарының – қашықтыққа жүгіру, орнында тұрып ұзындыққа секіру, биік кермеде тартылу, пневматикалық винтовкадан нысана ату, бассейнде жүзу секілді түрлері бар. Олардың әрқайсына баланың жасына қарай нормативтер белгіленген.

«Президенттік сынама» волейбол, тоғызқұмалақ, футбол секілді жарыс түрлерімен қатар облыстық спартакиада тізіміне енген.

Енді бүгінде осының бәрі ойдағыдай орындалып жатыр ма? Әрине, олай емес, оның себебін мектептен колледжге келген балалардың деңгейі дәлелдеп береді.

Осыған орай мынадай ой келеді. «Президент сынамасын» қайта қолға алып, жетілдіру қажет. Қажетті норманы тапсырған оқушыға арнайы төсбелгі тағылуы тиіс. Сондай-ақ, оған ҰБТ-да «Президенттік сынаманы» орындағаны үшін балл қосылса, құба-құп. Жоғары оқуға түскен баланың дені сау, физикалық бітімі мықты болғаны абзал. Өйткені, ол ертең еліне қызмет ететін азамат болғалы тұр емес пе?!

Мұнымен қоса, әр оқушыға «Ұлттық сынама» тапсыру пән емтиханы секілді міндеттелу керек. Мысалы, бұл деңгейде 15-16 жастағы бала 9-10 рет кермеге тартылуы тиіс. Басқа да осындай қалыпты нормалары бар. Ал, «Президенттік сынама» талабы көтеріңкі, ол арнайы дайындықты қажет етеді. Осыған қарап-ақ, бұл сынаманы тапсырған балаларға Ұлттық бірыңғай тест жеңілдігі болу керек деген ұсынысымыздың төркінін түсінерсіз.

Баланың бәрі спортшы болып кетпейді. Сынамалардың мақсаты да ол емес – дені сау, салауатты ұрпақ өсіру. Осы мақсатқа әрбір ата-ана, әрбір ұстаз жауапты.

Талғат НАЙЗАБЕКОВ,

С.Ысқақов атындағы құрылыс және бизнес колледжі

дене тәрбиесі пәнінің жоғары санатты мұғалімі