Жаңсақ пікір жанға медет емес

1520

0

11 мамыр күні елімізде екі айға созылған төтенше жағдай режимі аяқталды. Бірақ пандемияның қауіптілігіне байланысты карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынады. Сақтық шаралары халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігі үшін ауадай қажет.

Алты құрлыққа ауыз салған қауіпті індеттің бетін қайтаруда ақ халаттылардың еңбегі ерен. Бүгінде бүкіл халық дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің қайсарлығына тәнті. Оларды адам өміріне араша түсуші бүгінгі күннің батырлары деп есептейді. Аурумен күрестің алдыңғы шебінде жүргендер үшін Үкімет қосымша қолдау шараларын қабылдады. «Әрине, ақ халатты абзал жандар бұдан да зор қолдауға лайық», – деп атап өтті Мемлекет басшысы.

Өңірде алғашқы науқас тіркелген 28 наурыздан бері негізгі ауыртпалық денсаулық сақшыларының мойнына түсті. Олар күні-түні үй бетін көрмей еңбек етіп келеді. Бірақ әлемді әбігерге салған кеселге тойтарыс беруде халықтың түсіністік танытып, қауіпсіздік шараларын орындауы да маңызды. Өйткені бірлігі мықты ел ғана індетті берге жеңеді.

Бір жарым айдан бері карантин жарияланған Қызылордадағы эпидемиологиялық ахуал және көпшілікті қызықтырған басқа да сұрақтар жөнінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Абдусаметовтен сұрап білдік.

– Жақсылық Әбілқасым­ұлы, алдымен, елдегі, оның ішінде облыстағы эпиде­мио­­логиялық ахуалға тоқ­тал­са­ңыз…

– Бүгінде әлем жұртшылығы сын сағаттарды бастан кеші­руде. Коронавируспен күрес жер жүзінің әр қиырында жүр­гізіліп жатыр. Қауіпті індет тіркелген алғашқы күннен бас­тап елімізде ауқымды сақтық шаралары қолға алынды. Рес­публика көлемінде төтенше жағ­дай режимінің енгізілуі нә­тижесінде дерттің жаппай та­ралуына тосқауыл қойылды.

Біз сәл шегініс жасап, 11 мамыр күнгі мәліметке назар салайық. Ол күні Қазақстанда коронавирус инфекциясын жұқ­тырудың 5138 дерегі есеп­ке алынды. Олар: Нұр-Сұл­тан қаласында – 1074, Алматы қаласында – 1593, Шымкент қа­ласында – 233, Ақмола об­лысында – 110, Ақтөбе об­лысында – 174, Алматы об­лы­сында – 183, Атырау об­лы­сында – 302, Шығыс Қа­зақстан облысында – 51, Жам­был облысында – 179, Батыс Қазақстан облысында – 252, Қарағанды облысында – 196, Қостанай облысында – 62, Қызылорда облысында – 230, Маңғыстау облысында – 129, Павлодар облысында – 154, Солтүстік Қазақстан облысында – 36, Түркістан облысында – 180. Науқастардың 1 941-і ем­деліп шықса, 31-і көз жұмды.

Ал Қызылорда облысында 230 жағдай тіркелді. Олар: Қы­зылорда қаласында – 93, Жаңақорған ауданында – 31, Арал ауданында – 6, Сырдария ауданында – 26, Қармақшы ауданында – 5, Шиелі ауданында – 66, Қазалы ауданында – 3. Соның 160-ы жазылып шықты. Қайтыс болғандар жоқ.

Ауру ошақтары негізінен облыс орталығы мен Жаңа­қорған, Шиелі, Сырдария ау­дандарында тіркелді. Індеттің күнделікті өсу қарқынына кел­сек, 30 наурызда – 150, 8 сәуірде 39 процентке жеткен кездері болды. Қазіргі кезде 7 процентке дейін тұрақталды. Бірақ босаңсуға болмайды. Карантин тәртібін жеңілдету, өзге аймақтар мен шет елдерден келушілер миграциясы қосым­ша қауіп тудырады. Сондықтан үнемі аурудың алдын алу, оны ерте анықтау шараларын сапалы жүргізуге тиіспіз.

– Өңірде аурудың өршуін немен байланыстырсақ бо­лады? Науқастардың көбі қай жас шамасында, олардың ішінде жасанды тыныс алу аппаратына қосылғандар бар ма?

– Жалпы, вирустың жұғу қаупі отбасында, жұмыс орнын­да, қоғамда сақтық шараларын орындамаған, қорғанбаған, көп­шілік ортада жиі жиналған жағ­дайда жоғарылайды. Біздегі вирус жұқтырып тіркелген­дер­дің көбі – 20-29 жас ара­лығындағылар. COVID-19 ви­русын жұқтырған 230 адам­ның 22-сі – 14 жасқа дейінгілер, 11-і – 15 пен 19, 67-сі – 20 мен 29, 33-і – 30 бен 39, 39-ы – 40 пен 49, 28-і – 50 мен 59 жас аралығындағылар, ал 30-ы – 60 жасты еңсергендер. Олардың арасында сіз айтып отырған жасанды тыныс алу аппаратына таңылғандар жоқ.

– Есесіне ауруынан айық­қандар көп. Коронавирустың вакцинасы табылмаса, сіздер қалай емдеп жатсыздар?

– Коронавирус вирустық ин­фекция болғандықтан, оны жұқтырған науқастар вирус­қа қарсы препараттардың кө­ме­гімен емделеді. Емдеу ісі Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен клиникалық хаттамаға сәйкес жүргізіледі. Хаттама әлемдік озық тәжірибелерге сүйеніп әзірленген және бұл жерде коронавирустың сезім­талдығы негізге алынған.

– Қазір зімбір, лимон, мен сарымсақтың саудасы қызып тұр. Біреулер «алкоголь қор­ғайды» екен дейді. Бұған не дейсіз?

– Коронавирус инфекциясы­нан дәл осы нәрсе қорғайды дей алмаймыз. Бірақ иммунитетті, ауруға қарсы төзімділікті арт­тыру үшін зімбір, лимон, са­рымсақты пайдалану артықтық етпейді. Ал «алкогольді ішімдік қорғайды» деу – өте жаңсақ пікір. Спирттік өнім, керісінше, адам ағзасын әлсіретіп, вирус жұқтыру қаупін жоғарылатады.

– Медициналық масканың вирустан қорғайтынына кү­мәнданатындар кездеседі…

– Бұл да дұрыс емес. Ко­ронавирус инфекциясы респи­раторлы вирус болғандықтан вирус ауа тамшылары арқылы жұғады. Оның таралу қаупінен бетперде, қолғап сияқты қор­ғаныш құралдары қорғай ала­ды. Бетперде ауырған адам­ның вирусты таратуына ке­дергі келтірсе, сау адамның қор­ға­нуына септігін тигізеді. Қор­ға­ныш құралдары сапалы болуы және тәртіпке сай қолданылуы шарт.

– Дерт жұқтырғандардың дені бұрыннан созылмалы, маусымдық ауруы бар адам­дар көрінеді. Бұл бәлекеттің иммунитеті төмендерді төңі­ректейтіні анық боп тұр ғой, әлде оған қарамай ма?

– Әрине, кез келген ин­фекцияны бірінші кезекте әл­сіз топ жұқтыратыны белгілі және оның өту ағымы да ауыр­лау болады. Әлсіз топ деп отыр­ғанымыз – қарт кісілер, бірнеше созылмалы ауруы бар адамдар, жүкті әйелдер. Сондықтан осы азаматтардың өте сақ болғаны жөн. Дегенмен, COVID-19 аса қауіпті жұқпалы вирус болғандықтан, жасына қара­мас­тан науқастар тіркеліп жатыр.

– Жұмыс барысында ауру жұқтырып алған әріптес­те­ріңіздің жағдайы туралы ай­тып берсеңіз…

– Індет жұқтырған медицина саласының қызметкерлері басқа науқастармен бірдей жағдайда ем алып жатыр. Жалпы, ауру жұқтырғандардың жағдайы түгел бақылауда, бірқалыпты. Жоғарыда айтып өткенімдей, қатты ауырып жатқандар жоқ.

– Кейбір адамдар бұған дейін коронавирус жұқ­ты­рып, қайтадан жазылып шық­қанына сенімді. Бірақ олар мұны кәдімгі тұмау деп ойлаған. Жақсылық Әбіл­қа­сымұлы, ел аузындағы әң­гімеге қатысты сіздің пікі­ріңізді білсек…

– Алдымен, COVID-19 вирусының негізгі белгілерін бір ауыз айтып өтейін. Олар – дене қызуы, әлсіздік және құрғақ жөтел. Кейбір науқас­тар ауырсынуды сезінеді. Мұ­рынның бітелуі, ағуы, фарингит немесе диарея байқалуы мүмкін. Әдетте, бұл белгілер біртіндеп дамиды. Вирус жұқтырған енді біреулер олардың бірде-бірін, індетті жұқтырғанын сезбейді. Сондықтан шын мәнінде ау­рудың жеңіл түрін басынан өт­кізген болуы әбден мүмкін. Оны анықтау үшін арнайы зерттеу жүргізіп, ағзадағы коро­навирусқа қарсы арнайы им­муноглобулиндердің бар-жо­ғын анықтау қажет. Адамның бұрын ауырған-ауырмағанын экспресс-тест көрсете алады.

– «Ондай ауру жоқ» дей­тіндерді де кездестіріп жүрміз. Әлем әлекке түсіп жатқанда бұлай деу қаншалықты орын­ды?

– Коронавирус індетімен әлем күресіп жатыр. Еліміздегі, аймақтағы жағдайды әлгінде айттым. Мұндай пікір науқас­тардың 80 процентінде аурудың жеңіл түрде өтуіне байланысты туындауы мүмкін. Бірақ біз жазылғандар мен жеңіл түрде сырқаттанғандарға емес, ауыр ағымдағылар мен қайғылы жағ­дайға душар болғандардың үле­сіне басты назар аударғанымыз дұрыс. Мұндай жағдайға жет­кізбегеніміз абзал. Сондықтан олай деуге еш негіз жоқ.

– Медицина қызметкер­леріне рахмет, күн сайын қаншама адам жазылып шы­ғып жатыр. Дегенмен, көптің көкейінде «ол кісілер енді ешкімге ауру жұқтырмай ма?» деген сұрақ бар…

– Аймақта тіркелген нау­қастар күн санап айығып шы­ғып жатыр. Мұның бәрі ма­мандарымыздың ерен еңбегінің арқасы дер едім. Ал індеттен жазылған науқастар ауруханада 2 рет тест сынамасы алынып, ол теріс нәтиже көрсеткесін ғана шығарылады. Шыққаннан кейін де екі апта аймақтық дәрігерлердің бақылауында бо­лады. Сосын тағы тест сы­намасы алынып, толық жазыл­ғанына көз жеткізуіміз керек.

– Жақсылық Әбілқасым­ұлы, пандемия қашан тоқ­тауы мүмкін? «Вирус күн қатты ыстықта өледі» деп жүр біреулер…

– Пандемияның тоқтау мер­зімі әзір белгісіз. Бұл әлемдік процестерге байланысты. Күн­нің жылынуы вирустың тара­луына белгілі бір деңгейде кедергі келтіреді. Өйткені вирус күн көзіне тұрақсыз. Елімізде төтенше жағдай режимі тоқтаса да, тұрғындар сақтық шаралары аясында өмір сүруді дағдыға айналдыруы керек. Көпшілік орында, қоғамдық көлікте бет­перде пайдалану, үнемі ан­тисептик қолданып жүру, қол беріп амандаспау сияқты қа­рапайым ғана ережелерді ұс­тану соншалықты қиын да емес.

– Қауырт жұмыстың ара­сында уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет.

Әңгімелескен

Назерке САНИЯЗОВА,

«Сыр бойы».

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<