Жедел жәрдемнің жұмысы қауырт

763

0

Науқастанған адам үшін алғашқы медициналық көмектің маңызы зор. Мұндайда «жедел жәрдем» қызметіне жүгінеміз. Жай күндердің өзінде қызметі қауырт бұл орталықтың пандемия кезінде міндеті еселеніп,  жүктемесі ауырлай түскені анық.

№3 қалалық емханадағы «Жедел жәрдем» бөлімі мамандары да уақытпен санаспай жұмыс істеуде.

Тұрғындарға дер кезінде медициналық көмек көрсетуді мақсат ететін бұл бөлімде қазір 24 фельдшер, 4 диспетчер, 1 аға фельдшер, 1 дәрігер, 6 жүргізуші жұмыс істейді.

Айта кету керек, фельдшер мамандар «Шұғыл жедел жәрдем фельдшерінің жұмысы», «Кеңейтілген өкпе-жүрек реани­мациясы» бойынша арнайы оқытылған.

– Тәулік бойы жедел жәрдем бөлі­мінде 3 жинақталған бригада екі ауысыммен халыққа қызмет етуде. Бригаданың барлығы дәрі-дәрмекпен, ЭКГ аппаратымен, пульсоксиметр, глюкометр, оттегі, дефибрилятор және басқа да қажетті құралдармен  қамтамасыз етілген, – дейді аға фельдшер Фариза Атажанова.

Жыл басынан бері 4 айда жедел жәрдем бөлімі барлығы 6207 шақырту қабылдаған. Оның ішінде созылмалы аурулармен шақырту саны 1186-ны құраса, 684 шақырту дене қызуының көтерілуімен байланысты болды. 6207 шақыртудың 759-ы ауруханаға тасымалданып, 163-і ауруханаға жатқызылған.

Айта кету керек, №3 қалалық емхана – облыс орталығындағы ірі алдын алу және емдеу мекемесінің бірі. 64 мыңға жуық тұрғынға медициналық қызмет көрсететін ұйымның жұмыс ауқымы да кең.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, пандемия кезі – жедел жәрдем бригадалары  үшін ең қиын кезең. Өйткені қауіпті аймақта ең бірінші болып солар жүр. Жедел жәрдем мамандары қай кезде де  қауіп пен қатердің арасында, жағдаймен  бірінші бетпе-бет кездесетіні белгілі. Қазіргі кезде де солай, жұқпалы ауру жұқтырған науқасқа көмектесу арқылы өз денсаулығына да қауіп төндіреді.

– Былтыр жаз айларында ауру өршіп, шақыртулар еселеп артты. Вирустың ауыр түрімен ауырып жатқандар көп болды. Біздің мамандарымыздың денсаулығына да едәуір қауіп төнді. Жұмыс барысында науқастанып қалғандар да кездесті. Мәселен, маусым, шілде, тамыз айларында барлығы 6665 шақырту, бір тәулікте 150, 170, 180 шақыртуға дейін түсетін. Біздің бөлім тек күндіз ғана емес, сонымен бірге түн мезгілінде де шақыртуларға барады. Қазір жағдай әлдеқайда жақсы. Бүгінде тәулігіне 70-80 шақырту түседі. Оған да қуанамыз, – дейді аға фельдшер.

Олар тұрғындардан сақтық шарасына мұқият болуды сұрайды.

– Қазір қайтадан «сары аймаққа» өттік. Қанша уақыт бойы эпидахуал күрделі болып тұрды. Осы орайда тұрғындарды сақтық шараларын ұстануға, вакцина алуға шақырамын. Өйткені қауіп әлі сейілген жоқ. Жақындарымызға, айналамызға жанашыр болайық, – дейді Фариза Атажанова.

Айнұр батталова,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<