«Локомотив» стадионында Қыпшақбай Қайнаровты еске алуға арналған шағын футболдан облыстық ашық турнир мәреге жетті. Ардагерлер арасындағы екі күнге созылған бәсеке тартысты өтті.
Саналы ғұмырын Сыр спортына арнаған Қыпшақбай Амантайұлы жаттықтырушы-оқытушы қызметінде көптеген спортшыларды тәрбиеледі. Елге танымал шәкірттері Қыпшақбай Қайнаровтай даңқты ұстаздың ғибратты ғұмыры әлі талай жанға үлгі болатынын айтады.
– Ол спорт пен ұстаздықты ұштастыра білді. Өмірін осы салаға арнады. Жаттықтырушы болудың не екенін кәсіби тұрғыдан түсінді. Көптеген облыс спортшыларының жетістікке жетуіне себепкер болды, – дейді спорт ардагері Тәшкенбай Нұрымбетов.
Әуесқой ойыншылар тартысты бәсекені қыздырды. Бұған дейін топ арасынан суырылып шыққан үздік екі құрама «Ардагер» және «Байқоңыр» командасы финалда кездесіп, өзара сынға түсті.
Қос команда да талай жарыстан жүлде алған мықты ұжым қатарында. Алайда, жеңіс тұғыры бір командаға ғана тиесілі. Ойын барысында жеңімпаз атағын тағы бір мәрте дәлелдей білген «Ардагер» қарсыластарын ойсырата жеңіп, облыстың чемпионы атанды. Ал, «Байқоңыр» командасы екінші орынды місе тұтты. Үшінші орын қайсарлықтарға бұйырды.
Жарыста үздік ойыншылар да анықталды. Атап айтсақ, Кенжетай Жұмахметов («Ардагер»), Гагик Сукиасян («Байқоңыр»), Алпысбай Жұмабек («Ақ Барыс»), Қалдыбек Қиясов («КГУ»), Давид Келехсашвили («Қайсар») сынды ойыншылар облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының номинацияларымен марапатталды.
Н.САҒАТҰЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<