10 ай: көрсеткіш оң сипатқа ие

843

0

Кеше облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың төрағалығымен осы жылдың 10 айдағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен бюджеттің орындалуы бойынша мәжіліс өтті. Жиында облыстық қаржы басқармасының басшысы Елена Шаврова, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ринат Құдайбергенов атқарылған жұмыстарды баяндады.

Облыстық қаржы басқар­масы­ның басшысы Елена Шаврованың айтуынша, 2021 жылғы 1 қарашадағы көрсеткішпен облыс бюджеті түсімдер бойынша болжам 101,8%, оның ішінде меншікті кірістер 109,4% орындалып, облыс бюджетіне 5,4 млрд теңге артығымен түскен. Сондай-ақ, негізгі капиталды сатудан түсетін түсімдер 958 млрд теңгеге орындалған. Бұл көрсеткіш те межеден асып тұр.

2021 жылдың 10 айында облыс бюджеті шығыстар бойынша 98,4% орындалды. Оның ішінде үнемделген қаржы 731 млн теңгені құрайды.

Ал, Ринат Құдайбергенов осы жылдың қаңтар-қазан айларында облыс әкімінің іс-шаралар жоспарын орындау және облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытында атқарылған жұмыстарды баяндады.

Атап айтқанда, биылғы қаңтар-қазан айларында 620,5 млрд теңгеге өнеркәсіп өнімі өндірілген, бұл 2020 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 0,3% артық. Өнеркәсіптің өңдеуші секторы бойынша негізгі капиталға инвестиция көлемі 218,8 млрд теңгені құрады.

Сондай-ақ, қаңтар-қазан айларында облыста жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны 5,8%-ке артып, 50 492 бірлікті құраған. 2021 жылдың 1 қарашасына 14 114 жаңа жұмыс орны құрылды.

Мәжіліс қорытындысы бойынша облыс әкімі басқарма басшыларына жұмыс қарқынын күшейтіп, жыл соңына дейін бюджет қаржысын толық игеруді қамтамасыз етуді және жоспарланған жұмыстарды уақытылы әрі сапалы орындауды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<