Қазақстанда макроэкономикалық тұрақтылық қалыптасты

685

0

Жыл қорытындылауға жақын. Бұрын болжанған макроэкономикалық көрсеткіштер әзірге Қазақстан үшін қолайлы болып тұр. Мұнай нарығында қалыптасқан тиімді баға Қазақстанға ішкі жалпы өнімнің 4 процент өсімін қамтамасыз етуге негіз қалайды.

Қазақстанда жоғары өсім қар­қыны құрылыс-монтаж саласында қалып­тасып отыр. 2019 жылдың 9 айында 2,9 трлн теңгенің құрылыс-монтаж жұ­мыс­тары атқарылды. 2018 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 13,5 процент құрайды. Еліміз бойынша тұрғын үй алаңын пайдалануға беруде Түркістан, Қызылорда, Алматы, Қос­танай, Павлодар облыстары мен Шым­кент қаласы алдыңғы қатарда келеді.

Негізгі капиталға салынған инвестиция елімізде 8,5 трлн теңгені құрады. Қазақстанда ауыл шаруашылығына инвестиция салу тиісті кезеңмен салыстырғанда анағұрлым артты. Бұл келешекке салынған қаржы есебінде агроөнеркәсіп кешенінің болашағынан үміт күттіретінін білдіреді. Сарапшылар Қазақстанның ішкі жалпы өніміндегі өсімнің мұ­най шикізат өнімдерін экс­порт­­тауға қатысы бол­мағанын, бұл Ұлттық эко­но­­мика министрлігінің есеп­­теу методикасындағы ерек­шеліктер мен индустриал­ды-инновациялық бағ­дарла­маны орындаудағы оңды нәтижелердің  жемісі деп атап көрсетеді. Қалай болғанда да осының барлығын оңды көрсеткіш ретінде болашаққа үмітпен қарауға негіз қалайды.

Бірақ сарапшылардың атап көрсет­кеніндей, бүгінгі өсімді ұлғайту үшін экономикада үлкен құрылымдық өз­герістер талап етіледі. Бірқатар депу­­таттар экономиканы банктің несие­­лендіруі төмендеп бара жат­қанына алаң­даушылық білдіріп, тұты­нушы­лық несие көлемінің нақты жа­лақы көле­мінен екі есе асып түскенін мәлімдеді. Бұл тәуекелі көп қадам, ол экономика өсіміне айтарлықтай әсер етпейді. Соңғы уақытта Қазақстан экономикасының осал буындары туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та жиі айта бастады.

Мемлекет басшысының айтуынша, жалпы елдегі макро­экономикалық жағдай тұрақты, Қазақстанның әлеу­­меттік-экономикалық даму көрсет­кіш­терінің динамикасы оң нәтиже көр­сетіп тұр. Алайда отандық экономиканы әртараптандыру, өнімді жұмыспен қамту, халықтың табысын арттыру, әлеуметтік көмектердің қолжетімдігі секілді мәселелер әлі күнге толық шешімін тапқан жоқ.

Президенттің пікірін­ше, страте­гиялық бағдар­ла­маларды сапалы жүзеге асырудың негізгі міндеті халық­тың өмір сүру деңгейін арттырғанда ғана орындалады. Президент әлемдегі әртүрлі жағдайларды ескере отырып, нақты есептелген, елдің макроэкономикалық, қаржылық және әлеуметтік тұрақ­тылығын сақтау жөнін­де кешенді шаралар әзірлеуді тапсырды. Сонымен қатар «Қазақстан – 2050» Стратегиясының қазіргі кезеңде іске асуы тиіс міндет­темелерін орындау қажет екенін айтты.

Президент мемлекеттік шешімдер қабылдағанда сараптамалық жұмыс­тарды түбегейлі күшейту керек екенін, шағын және орта бизнес экономиканы әртараптандыру ісінде тірек күшке айналу керектігін, индустрияландыру бағдарламасы өнеркәсіп өндірісі мен өңдеу секторындағы құлдырауды тоқтатып, жаңа өнімдерді шығаруға мүмкіндік ашқа­нымен, экономика саласында түпкілікті серпіліс болмағанын атап көрсетті.

– Еңбек өнімділігін кемінде 1,7 есеге арттыруға және өңделген қазақстандық өнімнің экспортын едәуір өсіруге басымдық берілуі тиіс. Үкімет дайын өнімнің экспортын 2022 жылы – 1,5 есеге, 2025 жылы 2 есеге арттыруы қажет, – деп тапсырды Президент.

Ия, еңбек өнімділігі түйткілді мәселе, біз бұл көрсеткіш бойынша дамыған елдерден едәуір қалыс келеміз. Бұл – енді парадокс.

Мемлекет басшысы өңірлік деңгейде бәсекеге қабілетті технологиялық дамыған ең кемінде 3-5 саланы қалыптастыру керек екенін айтты.

– Индустрияландыру бары­сын жергілікті және шетелдік сарапшылар жіті бақылап отыр. Бұған дейінгі бағдарламаларға олар байсалды қараған еді. Бізге индустрияландыру идеясының беделіне нұқсан келтіруге болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президенттің пікірінше, ЕАЭО аясындағы экономи­калық интеграция еліміздің экономикалық әлеуетін дамытуға септігін тигізеді. Президент ЕАЭО ұйымында біздің елдің мүддесін нығайту мақсатында сараптамалық жұмыстарды күшейтіп, өнімдерін еуразиялық нарыққа экспорттайтын отандық тауар өндірушілерді қорғау қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ ол инвестиция тарту ел экономикасын жаңғыртудың аса маңызды міндеті болып саналатынын айтты.

– Біз инвестициялық ахуалды үнемі жақсартып келеміз. Бірақ мұндай жағдай инвестиция көлеміне қаншалықты әсер етіп отыр? Неге айтарлықтай серпін байқалмайды? Шетел инвестициясын тартуда тек фискалды ынталандырулар ғана маңызды емес. Ішкі нарық ауқымының тарлығы, та­уарды экспортқа шығарудың қиындығы, орталық және жергілікті деңгейлердегі мемлекеттік органдар іс-әрекеттерін үйлестірудің жеткіліксіздігі жүйелі проб­лемалар болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.

Қазір әлемдік экономиканың өсуіне қатысты болжамдар тұрақсыз. 2020 жылы нарығы қалыптасып келе жатқан елдер мен дамушы елдердің экономикалық өсімі 2019 жылғы 4%-тік көрсеткішпен салыстырғанда 4,6%-ке дейін артады деп күтілуде, алайда оның болашағына сауда мен қаржылық дағдарыс қаупі төніп тұр. Осыған орай, көптеген елдің алдында экономикалық өсуге қол жеткізуде шешуші рольге ие адами капиталды дамыту секілді өзекті міндет туындайды.

Соңғы жылдары Қазақстанда адами капиталды дамытуға ерекше көңіл бөліне бастады. Мемлекеттік бюджеттің атқарылуы туралы есепке сәйкес, 2018 жылы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, әлеуметтік көмек пен қамтамасыз етуді қаржыландыру жалпы шығын көлемінің 55,7%-ін құрады. Ішкі жалпы өнімге шаққанда оның жиынтық үлесі – 9,5%. Интеллектуалдық сер­пі­ліс­ке жету үшін адами капиталдың әлеуетін пайдалану денсаулық сақтау мен мәдениеттің дамуынсыз мүмкін емес. Соңғы 10 жыл ішінде денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге инвестициялардың жыл сайын орта есеппен 12%-ке артуы байқалады. 2018 жылы инвестиция көлемі 113,2 млрд теңгені құрады, ал 2019 жылдың соңғы 7 айында 57 млрд теңгеге жетті. Инвестициялардың негізгі көлемі республикалық бюджет пен кәсіпорындардың меншікті активтері есебінен құрылды, олардың үлесі сәйкесінше 38,3% және 36,6%-ті құрады. Жергілікті бюджеттің қаражаты оның тек бестен бір бөлігіне ғана тиесілі. Былтыр денсаулық сақтау саласына мемлекеттік бюджеттің шығыстары 1,17 трлн теңгені, ал әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етуге 2,75 трлн теңгені құрады. Президент коммерциялық банктердің пайда табу мақсатында қаржыны тұтынушылық несиеге қарай бұрып, бизнесті несиелеу көлемін төмендетіп жібергенін сынға алды.

Қаржы реттеушісінің мәліметі бо­йынша, экономиканың әр секторының 50 проценттен астамы – банктердің мүдделерін көздейтін орнықты әрі қаржылай тәуелсіз кәсіпорындар. Алайда олар банк несиелерін тартуға құлықсыз. Неге? Мүмкін коммерциялық банктер белгілейтін шарттарды ол кәсіпорындар тартымсыз деп санайтын шығар? Қаржы секторының тұрақтылығын қамтамасыз ету мен нақты секторды несиелеуді дамыту туралы таңдаудың алдында тұрған Ұлттық банк тиімді шешімдер қабылдауы керек, – деді Мемлекет басшысы.

Қорыта айтқанда, осының барлығы Қазақстан экономикасы үшін таяу перс­пективада атқарылатын міндеттер қатарына жатады. Ол өсімді жеделдетеді, халықты өнімді жұмыспен қамтамасыз етудің кепілі болып табылады.

Жолдасбек Ақсақалов.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<