Инфляция үдерісінен не күтеміз?

964

0

Газетімізде бұдан бұрын хабарланғандай, халықаралық мұнай өндіру көлемін реттейтін ОПЕК ұйымындағы Біріккен Араб Әмірлігі мен Сауд Арабиясы арасындағы туындаған кикілжің салдарынан алдағы уақытта мұнай өндіру көлемін ұлғайту жөнінде келісімге қол жеткізілмеген болатын. Бұл ОПЕК-тің шілде айының басында өткен мәжілісінде болды.


Арада бірнеше күн өткенде ұйым мүшелері онлайн форматта тағы кездесті. Мәселенің күрделілігін сезінген картель мүшелері ақыры Біріккен Араб Әмірлігінің ұсынысын ішінара қабылдауға мәжбүр болды.

Аталған елдердің энергетика министрліктерінің келісімі бойынша 2021 жылдың соңына дейін мұнай өндіру әлемде тәулігіне 2 млн баррельге ұлғаятын болады. Кейін осы квотаны әрі қарай созуға уағдаластыққа қол жеткізілді.


Кикілжің неден туған еді? 2020 жылдың басына дейін Біріккен Араб Әмірлігі мұнай секторына өздерінің 1 млрд доллар көлемінде инвестиция салғанын, ендігі жерде сол шығыннан қайтарым күткісі келетінін мәлімдеп, әлемде экономикалық ахуал қалыпқа түскен сәтте өнімді өндіру көлемін ұлғайту қажеттігін айтқан еді. Экономикасы әртараптандыруға бейімделген мұнайды көп көлемде өндіретін саудиттер бұған келіспеді.

Бірақ әлемдік мұнай нарығында лайықты орны бар бірқатар елдер мұнай өнімдерін ұлғайтуды қоштады. Қалай болғанда да сарапшылар осындай келісімге қол жеткізілетінін күткен болатын.


Ресей ә дегеннен өзіне тиісті экономикалық тиімділікті атап көрсетті. Өнім өндіруді ұлғайту квотасы Ресейге 2022 жылдың соңына дейін қосымша 22-23 млн тонна мұнай өндіріп, бюджетке 400 млрд рубль түсетінін мәлімдеп үлгерді. Нақты есеп айтылмаса да Қазақстан экономикасына бұдан жаман болмайды. Айта кетейік, пандемия кезінде мәжбүрліктен мұнай өндіру көлемін төмендету жалпы алғанда экономикаға пайдамен бірге залалын қоса әкелді. Мұнай бағасы қымбаттағанмен, жұмыс істеп тұрған тұрақты өндірісті мәжбүрлеп тоқтату, оны кейін қайта іске қосу белгілі бір шығынды талап етеді. Мұнай өндірудің өзіне тән айрықша сипаты осындай.

Өнімді өндіру квотасын арттыру үлесі әр мемлекетте әртүрлі. Келісім бойынша 2022 жылдың мамыр айынан бастап Ресей мен Сауд Арабиясында мұнай өндіру көлемі тәулігіне 11-ден 11,5 млн баррельге, Біріккен Араб Әмірлігінде 3,1 млн баррельден 3,5 млн баррельге артады. Сондай-ақ Ирак, Кувейт мемлекеттерінің өн­­діру көлемі ұлғаяды. Са­рап­­­шылардың атап көр­сет­кеніндей, 2022 жылдың ма­мырынан кейін осы квотаға өзгеріс енгізілетін болады.


ОПЕК+ мүшелері осын­дай уағдаластықтарға қол жеткізді. Біз әлемдік пан­демия зардабы әкелген қиын­­шылықтан бірте-бірте арылатын боламыз. Әлем­­де мұнай өнімдерін көп­теп тұтынатын елдердің қа­тарында Қытай және Үн­дістан бар. Көп жағдайда сарапшылардың айтуынша, мұнай бағасының қолайлы деңгейде қалыптасуы осы елдердегі сұранысқа тікелей байланысты. Биыл мұнай бағасы қандай деңгейде қалыптасуы мүмкін?

Әртүрлі болжамдар айтылуда. Оның негізі барреліне 60 дол­­­лардан төмендемейді де­ген­ге саяды. Бәлкім одан жоғары қалыптасуы да мүм­кін. Барлығы әлем эко­­номикасының қанша­лық­ты жылдам деңгейде қалып­тасуына байланысты болады.


Әлбетте, әлем эконо­микасында күтпеген жағ­дайлар орын алуы әбден мүмкін. Сарапшылар әдетте осы қолайсыздықтан сақ­танады. Көпшілікті тұтыну нарығындағы инфляция қар­қыны мазалайды. АҚШ-тағы триллиондаған доллардың тұтыну нарығына тасталуы алаңдатады.

Қазір елде бюджет тапшылығы 13-14 процентке жетті. Егер оның тиімді көлемі 3,5-5 процент ретінде бағаланса, АҚШ-тағы бюджеттің тап­шылығы бірқатар елге кері ықпалын тигізуі мүмкін. Доллар күзге қарай қымбаттайтын сыңайлы. Егер қазірдің өзінде АҚШ-та инфляция 5,5 процент көлемінде болса, сарапшылар оның жылдар бойы қалыптасқан орнықты жүйенің бұзылуы деп санайды. Бюджет тапшылығы ақшаның жетіспейтіндігінен болады. Ал егер ақшаны станокпен зырылдатып басып шығарып, материалдық игі­лікке негізделмеген көлемі ұлғайса, қымбатшылық өзі­нен-өзі туындайды.

Бұл негізі әлемде ақшаның күн сайын құнсызданып бара жатқанын айқындайды. Жалпы қым­батшылыққа әсер ететін негізгі факторлардың бірі – тұтыну нарығына ықпал жасайтын ақша тас­қыны. Егер бір ғана Қазақстан экономикасына 2020 жылдың ортасынан бастап 2021 жыл­дың алғашқы айларына дейін халықты әлеуметтік қолдау үшін 3 трлн теңгеге дейін қаржы бөлінсе, биылғы жыл­дың соңына дейін жалақының өсуі жаңа ақша тасқынын туғызады. Бұл, әлбетте, тұ­тыну нарығындағы қым­бат­­шылыққа әкеп соғатыны сөзсіз.


Әзірге айтпағымыз осы. Әлем экономикасындағы жағдайдың өзгеруіне орай біз оқырмандарды тиісті хабар­лармен қамтамасыз ететін боламыз.

Жолдасбек Ақсақалов,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<