Кеніш басында

1445

0

Елімізде уран өндіретін санаулы аймақтар қатарында Сыр өңірі де бар. Облыс аумағында «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» ҰК-ға қарасты бірнеше кәсіпорын ел қазынасына қомақты қаржы түсіретін өндіріспен айналысып жатыр. Соның бірі – Шиелі ауданында орналасқан «Иіркөл» кеніші.

Аталған кеніш «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ қарамағына кіретін «Семізбай-U» компаниясының филиалы саналады.
Кеніш 2008 жылы іске қосылып, екі жылдан кейін өзінің жобалық қуаты 700 тонна өнім өндіруге қол жет­кізді. Ал 2018 жылы «Қаз­атом­өнеркәсіп» ҰАК» АҚ бүкіл еліміз бойынша уран өн­діру көлемін азайту туралы шешім қабылдағаны белгілі. Соған байланыс­ты «Иіркөл» ке­нішінде бір жылдық жоспар 432 тонна шамасында бекітілген болса, бүгінде жартыжылдық жоспар толығымен орындалды.


Иіркөл кен орнында табиғи уран 350-450 метр тереңдікте жатыр. Бірақ уран рудасы жерас­ты шахтасынан немесе карьерден тау жыныстарын қопарып алғандай етіп шы­ғарылмайды. Сонымен қатар оны тас диірмендермен майдалап, содан соң арнаулы ыдыстарға салып қышқыл заттармен ерітеді деген түсінік қалыптаспаған дұрыс. Барлық жұмыстар жабық бұрғылау тәсілімен жүргізіледі. Арнаулы құбырлар салынған ұңғы­мамен тереңдікке күкірт қыш­қылы айдалады. Қазіргі геотехнологиялық жүйе бойынша тереңдікте пайда болған ерітінділер қатарлы және ұялы орна­ласқан ұңғылар жүйе­сімен жоғары көтеріледі. Осылайша қоршаған ортаның экологиялық ахуалына зиян келтірмеу үшін барлық жұ­мыстар тереңдікте жерасты тау жыныстарының орналасқан аумағында жүр­гізіледі. Сол себепті де ауаны лас­тайтын шаң-тозаң, қышқыл зат­тардың буы жер бетіне көтерілмейді. Көптеген дамыған елдерде осындай жер асты айыру әдісі қолданылып келеді. Кен орны мен шахтаны қажет етпейтін нәтижелі әрі экологиялық жағынан таза өндіру әдісі болып табылады.

Бұл тәсіл үшін қолданы­латын құбырлар қышқыл зат­тарға төзімді полиэтилен, поли­­ви­нилхлорид, сондай-ақ то­тық­пайтын болат материалдардан жасалады. Соны­мен қатар, құбыр арқылы кө­терілген уран ерітінділері қалы­бын бұзбайды. Содан кейін арнаулы ыдыстарға салы­нып, оны сатып алушыларға жөнелтіледі.
Жұртшылық арасында күкірт қышқылын уран өндірі­сінде қолданудың қоршаған ортаға зардабы бар деген әңгі­ме де айтылып қалатыны рас.


– Біздің тәжірибемізде ондай жоқ. Күкірт қышқылы темір жолмен арнайы құты­лар­мен жеткізіледі. Одан соң ол герметикалық цистерналарға құйылып, елді мекендерден тысқары жатқан жолдармен тасымалданады. Ал сілтілендіру реагенті негізінен тек жер астында жүреді. Өйткені, жер астындағы өнім сумен дайын­далады. Ерітіндіні сору мен құю циклында да тепе-теңдік сақталады. Кеніш­тің іші мен сыртындағы бұр­ғылау ұңғыларының суы әр тоқсан са­йын сорылып алынады. Сонан соң зерт­ханаларға жіберіліп, тек­серіліп тұрады. Соның химия­лық қорытындысы бойынша осы күнге дейін судың қышқылдануы мен уранның көбеюі байқалған жоқ, – деді бұл туралы серіктестік басшысы Мұхамеджан Салқынбаев.

Ол Ұлттық атом өнеркәсібі компаниясы уран өндіруші мекемелерінде жұмысшылар еңбегін, қор­шаған ортаны қорғау, радиа­циялық қауіпсіздік пен өнер­кәсіп қауіпсіздігі де басты назардағы мәселе екенін атап өтті. Жыл сайын табиғатты қорғау ісіне қомақты қар­жы бөлінеді. Қол­да­ныстағы ұңғымалар гео­физикалық зерттеулерден өтіп, техникалық ақауы барлары дер кезінде жөнделеді. Жалпы, уран өндірісі бүгінде жаңа сатыға көтерілген. Соның арқасында қоршаған ортаның ластануы болмайды, кеніштердің айналасындағы елді мекен тұрғындарының денсаулығына зиян келмейді деп айтуға болады.


Серіктестік басшысы пан­демия кезінде барынша қауіп­сіздік шаралары ескеріліп, өндірісті жүргізуге өте қажет мамандар ғана жұмылдырылып жатқанын жеткізді. Вахталар­дың ауы­сым мерзімі ұзар­тылып, мезгілі келгендер дем­алысқа жіберілді. Ал жасы 55-тен асқан жұмысшылар өндірістен уақытша босатылды, бірақ оларға жалақысының 75% көлемі төленуде. Барлық жұмысшылар қорғаныс костюм­дерімен, бетпердемен қам­тамасыз етіліп, тегін меди­циналық тексеруден өткізіліп тұр. М.Салқынбаев осындай сақтық шаралардың арқасында ауырып қалған немесе өнді­рістік жарақат алғандар бол­мағанын айтты. Оның айтуынша, қазір Иіркөл кенішіндегі барлық 191 адамның жартысынан астамы ғана өндіріске араласуда.


Серіктестік аудандағы өтетін көптеген іс шараларға көмек қолын созып келе жатқанын да атап өту керек.

Абаттандыру мен көгалдандыру жұмыстарына үлес қосып, «Мектепке жол», «Біз біргеміз!» акцияларынан тыс қалған емес. Ал төтенше жағдай жарияланған кезеңде аз қамтамасыз етілген отбасыларына азық-түлікпен көмек көрсетілді. Жыл сайын компания жұмысшыларының 13 жасқа дейінгі балалары жазғы демалыс лагерьлеріне жіберіліп тұратын еді. Биыл оған рұқсат берілмегендіктен, 65 балаға спорт киімдерін алуға 30 мың теңгеден аударылды.


Міне, осылайша қазіргідей қиын кезеңде жұмысын тоқ­татпай, ел бюджетіне қаржы түсіріп, сонымен бірге қоғамдағы түйткілді мәсе­ле­лерге үн қатып келе жатқан ұжымдар қатарында «Иіркөл» кеніші де бар.


Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<