Кәсіпкерлікке кедергі емес, қолдау керек

401

0

Шағын және орта бизнесті дамыту – күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі. Себебі кәсіпкерлік – нарықтық қоғамның ажырамас бөлігі. Шағын бизнес халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, жаңа жұмыс орындарының ашылуына септігін тигізеді. Облыс прокуроры Нұрлан Бижанов, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова және  кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов Жаңақорған ауданында тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізді. М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде жұртшылықпен кездесіп, сан сауалға жауап берді.

Аудан әкімі Сұлтан Мақашов модераторлық еткен жиын­да алғысөзді облыс прокуроры алды.

– Прокуратура қызметіне халық сеніммен қарағанда ғана іс жүйеленеді. Ол үшін ашықтық пен жариялықты ұстанып, тұрғындармен байланыс орнату маңызды. Құқық қорғау саласы мамандарына кәсіпкерлік нысандарын ретсіз тексеруге қатысты сұрақтар жиі қойылады. Шағын және орта бизнес – дамудың негізгі жолы. Сондықтан кез келген кедер­гінің алдын алу – міндет. Бүгін жеке қабылдауда сұ­рақ­­тарыңызға жауап беруге дайынбыз, – деді Н.Бижанов.

Прокурор аудан тұрғын­дарын толғандырып жүрген мәселелерін ортаға салуға шақырды. Егер кәсіпкерлікті дамытуда әкімшілік кедер­гі­лер кездессе, оның ше­шілу жолын қарастыруға көмектесетінін ашық айтты.

Құқық қорғаушының кә­сіп­­керлікті дамыту бағы­тын­­дағы ойлары құптарлық. Себебі шағын және орта кә­сіпкерлікке мемлекет тарапынан қолдаулар және әкім­шілік реттеу жүргізіліп жатқанымен, нәтиже әлі де өз деңгейінде емес. Сау­да, қызмет көр­се­ту­ден басқа салалардың ық­палы бай­қалмайды. Өндеу, қайта өндеу саласы кенже да­муда. Электронды сауда, электронды қаржы айналым дең­гейі төмен. Кәсіпкерлік саласын цифрландыру жүйелі емес. Оқыту, бағдарлау жұ­мыс­тарынан бөлек, заманға сай бе­йімдеуді жүргізу керек-ақ. 

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ақмарал Әлназарова:

– Шағын кәсіпкерлік  өр­кениетті елдердің әлеуетті тірегіне айналды. Сондықтан Үкімет салаға мән беріп, бағдарламалар қабылданды. Со­ның нәтижесінде жаңа жұ­мыс орындары ашылып, белсенді кәсіпкерлік субъек­тілер саны артты. Кәсіпкерлік саласын уақытқа сай дамытуда қағазбастылық азайтыл­ды, яғни кәсіпкерлікке тіркелу, тоқ­сан немесе квартал сайын есеп беру сияқты процес­тер электронды түрде жүргізіледі. Ең бастысы, про­куратура, «Nur Otan» пар­тиясы мен «Атамекен» Ұлт­тық кә­сіпкерлер палатасы кә­сіп­керлердің мүддесін қор­ғайтын институтқа айналды, – деді.

2020 жылдан бастап Мем­лекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырғандай, микро және шағын бизнес саласы 3 жылға дейін са­лық төлеуден босатылады жә­не оларды тексеру жүр­гізу­ге мораторий жарияланды. Бұл отандық шағын және орта бизнестің дамуына жа­салған нақты қолдау екені анық. Осыған орай бизнесті қолдайтын һәм қорғайтын облыстық прокуратура, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалы, облыстық кәсіпкерлер палатасы үшжақты келісім шарт жасады.

Облыстық кәсіпкерлер па­ла­та­сының директоры Ғалым­бек Жақсылықов ат­қарылып жат­қан жұмыстарды баяндады.

– Жыл басынан бері кәсіп­керлерге қызмет көрсету орта­лығындағы кеңесшілер 4462 азаматқа 8069 түрлі кеңес беріп, 1810 кәсіпкерге 2136 қыз­мет көрсетті. «Бастау биз­нес» жобасы сәтті жүзеге асы­­рылып келеді. Бүгінгі күн­ге дейін Сыр өңірінің 2368 тұрғыны оқып, олар 645 мил­лион теңгені құрайтын 756 жобаны жүзеге асырды. Мұнан бөлек «Жас кәсіпкер» жобасы іске асырылуда. Бұл жоба бойынша 1100 азамат оқып, 252 миллион теңгені құ­рай­тын 495 жас кәсіпкердің жо­басы қаржыландырылды, – деді ол.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта кәсіпорындардың еліміздің жалпы ішкі өніміндегі үлесі небәрі 26 процент екенін, бұл көрсеткішті 2050 жылға қарай 50 процентке көтеру керектігін айтқан болатын. Бүгінде АҚШ пен Жапонияны озық ел десек, олардың мұндай биіктен көрінуіне шағын және орта бизнестің дамуы септігін тигізді. Мәселен, АҚШ-та тіркелген кәсіпорындардың 97%-ті шағын кәсіпкерлік болса, бұл көрсеткіш күншығыс елінде 99%-ті құрайды. Жал­пы ішкі өнімнің үлесі қос мем­лекетте шамамен 60%-ке жуық. Күншығыс елінде 6,5 миллион кәсіпорын іске қосылса, онда 54 миллион жапондық жұмыспен қам­тылған. Бұл елдегі жұ­мыс кү­шінің 80 процентін құрайды.

Егер озық отыздыққа еніп, өркениет көшінде ен­ші­мізді аламыз десек, шағын және орта бизнес саласын қол­дауды, дамытуды бір сәт­ке де тоқтатуға болмайды. Қазір қолдаудан бөлек, кә­сіп­керлікпен айналысуға ниет­тілердің белсенділігі маңыз­ды және нарықтық қаты­настарды меңгеруі, заманауи талап-міндеттерді игеруі керек.

Мәдениет үйінің фойесінде облыс орталығынан арнайы келген бизнес-тренерлер, сарапшылар мен кеңесшілерге аудан тұрғындары сұрақ қойып, мемлекеттік бағдар­маларға қатысудың, жеңіл­діктер мен несие алудың жолдары жөнінде білді.

Лаура БИБАСАРОВА,

журналист.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<