Әлемдік мұнай нарығы: ол қандай сипатта дамитын болады?

1690

0

Қазақстанның бюджеті мұнай нарығындағы жағдайда тәуелді болғандықтан, әлемдік бағаның құбылуы макроэкономикалық көрсеткіштерге айтарлықтай ықпалын тигізеді. Сонымен бірге оның теңгенің АҚШ долларына қатысты бағамына ықпал етуі әбден мүмкін. Сонымен мұнай нарығындағы жағдай не көрсетіп отыр? Ең соңғы дерек бойынша «бренд» маркасының құны барреліне 52 долларға тұрақтады. Бұл жыл басынан бағаның барынша төмендеуі болып табылады. 

ОПЕК (мұнай экспорттаушы елдер ұйымы) және оған мүше емес мұнай экспорттаушы мемлекеттер екі жылдан артық уақыттан бері өзара келісім бойынша мұнай экспортын азайтып жатқанына қарамастан, нарықта әлі де тепе-теңдік сақталмай тұр. Сонымен бірге АҚШ-тың өндірісті жыл санап арттырып жатқаны онсыз да қымбаттата алмай отырған «қара алтын» құнын одан сайын төмендетіп отырған сыңайлы.

Жыл басында Сауд Арабиясының энергетика министрі Халид әл-Фалих нарықтағы ұсыныс пен сұраныс­ты теңестіріп, бағаны көтеру үшін ОПЕК+ шартының жалғаса беретінін айтып, Саудиттер алдағы уақытта мұнай өндіруді тәулігіне 10 млн баррельге түсіретінін мәлімдеген еді. Келісімнің негізгі екі ірі мүшесі Саудия мен Ресей өндірісті қысқартуды кемінде шілде айына дейін жалғас­тыру туралы мәлімдеген болатын. Ақпарат құралдарының мәліметінше, Сауд Арабиясы 2019 жылдың екінші жартысында да келісімді сақтап, өндірісті азайту ниетін білдіріп отырған сыңайлы.

Өз кезегінде Ресей де келісімді артығымен орындап, бағаның көтерілгеніне мүдделі болып отыр. Ал тағы екі ірі экспорттаушы Венесуэла мен Иран ОПЕК+ келісімінсіз АҚШ-тың қысымына байланысты қолдарында бар мұнайды сата алмай отырған жайы бар.

Нарықтың тағы бір ойыншысы – Біріккен Араб Әмірлігінің мұнай министрі Сүхейіл әл-Мазруи ОПЕК+ келісімінің бүгінге дейін 119%-ке орындалғанын айта келіп, Әмірліктің өндірісті тағы 115 мың баррельге азайтатынын айтып, нарықта тепе-теңдік орнап келе жатқанын мәлімдеді.

Сарапшылардың пікірінше, мұнай өндірісін тежеу туралы ОПЕК+ келісімін орындамай отырған мемлекет тек Қазақстан секілді. Энергетика министрі Қанат Бозымбаевтың өзі Қазақстанның аталған келісім аясында тәулігіне әрі кетсе 1,885 млн баррель өндіруге тиіс екеніне қарамастан, жыл басынан бергі орташа өндіріс 1,88 млн баррельді құрағанын айтып, көрсеткіштің уақыт өткен сайын өсіп келе жатқанын мәлімдеді. Мәселен, қаңтарда өндіріс көлемі тәулігіне 1,885 млн баррель болса, ақпанда көрсеткіш 1,893 млн баррельді құрады. Дегенмен, жылдық көрсеткіште өндіріс былтырғыдан 1,4 млн тоннаға кемитіні бұрын айтылған еді. 2018 жылы 90,4 млн баррель «қара алтын» өндірген Қазақстан биыл 89 млн-нан асырмайтын сыңайлы. Оның өзінде бұл ОПЕК келісімін сақтау үшін емес, «Теңіз» бен «Қашағанда» жөндеу жұмыстары жүргізілетіндіктен өндірісті бұдан асыруға мүмкіндік болмайды.

Министр Қазақстанның бар болғаны 20 мың баррель артық өндіріп жатқанын айта келіп, алдағы уақытта шарт талаптарын орындайтынын, сөйтіп өндірісті тәулігіне 40 мың баррельге азайтатынын айтты. Бұл Қазақстанның ОПЕК+ шартын алғаш рет бұзуы емес, келісім қабылданғалы бері екі жылдан артық уақытта уағдаласқан мемлекеттер бірнеше рет Қазақстанның келісімге немқұрайлы қарап, міндеттемесін орындамай отырғанына шағымданған болатын. Сарапшылардың пікірінше, өнім қысқарту жөніндегі келісім қатып қалған догма емес, бұл орайда әркімнің өз мүддесі бар. Қазақстанның өнім көлемін төмендету келісімін орындамауы осындай қажеттіліктен туындап отыр.

 2018 жыл мұнай бағасының тарихтағы ең құбылмалы кезең болды. Жыл басын 65-70 доллардың айналасында бастаған «қара алтын» құны күзге қарай 80 долларға жақындаса, желтоқсанның басында 53 долларға дейін түсіп кетіп, жылды 60 доллармен жапты. Осылайша, жылдың орташа бағасы шамамен 72-73 доллардың айналасында болды.

Биыл баға 60 доллардан төмен түспеуі мүмкін деп болжанғанмен, тамыздың 12-де 58 долларға түсті. Қазір 52 доллар.

Алдағы уақыттан не күтеміз? АҚШ Энергетика агенттігі 2019 жылдың орташа бағасын 63 доллар деп болжаса, Дүниежүзілік банк биылғы бағаның 67 доллар болатынын мәлімдеді. АҚШ энергетика агенттігі бірнеше институттардың ішіндегі ең пессимистік жорамал жасаса, Дүниежүзілік банктің болжамы ең жоғары көрсеткіш. Яғни, биыл баға 63-67 доллар дәлізінің ішінде болуы тиіс.

Болжамдар жалпы, Қазақстан және бюджеті мұнай кірісіне танылып отыр­ған бірқатар елдерге тиімді. Әрине, олар шындыққа айналса…

Ж.ӘЛМАХАН.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<