Өңдеу өнеркәсібі өсіп келеді

1065

0

Экономиканы әртараптандыруды және оның шикізат экспортына тәуелділігін азайтуды негізгі мақсат еткелі аймақта индустрияландыру бағдарламасына барынша басымдық берілді. Нәтижесінде нақты стратегиялық жоспарлар бекітіліп, межелі міндеттер белгіленді. Бастысы, бағдарлама өңдеу секторының дамуына оң әсерін тигізді.


Бұлай деуімізге нақты дәлел де бар. Мәселен, өткен алты айда барлық макрокөрсеткіштер бо­йынша оң динамика байқалып, өңдеу өнеркәсібі 14,6%-ке өсті. Өңдеу өнеркәсібінің оң динамикасы әсер етіп, мұ­най өндіру көлемі 4,6%-ке төмен­де­уіне қарамастан, өндіріс 344 млрд теңгені құрап, 0,5%-ке өскен.


Облыста индустрияландыру бағдарламасының бірінші және екінші бесжылдығы аясында құны 150 млрд теңгені құрайтын 26 жоба іске асырылды. Соның нәтижесінде қызылордалықтар үшін 1,7 мың жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда үшінші бесжылдық аясында ауқымды істер атқарылуда. Айталық, 7 мыңнан аса жұмыс орнын құруды көздейтін, жалпы құны 543 млрд теңгеге 41 жоба бойынша жұмыс жасалуда. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереев аталған жобалар ішінде 1,9 млрд теңгенің 5 жобасы іске қосылғанын айтты.


– Олардың қатарында Арал ауда­нында экспортқа бағытталған ба­лықты тереңінен өңдейтін екі цех және облыста алғашқы кварц құмын байыту комбинатының бірінші желісі бар. Сонымен қатар, Жаңақорған ауда­нында тротуарлық плитка, бордюр, лего кірпіш өндірісі, Жалағаш ауда­нында түйіршіктелген аммоний-сульфаты өндірісі пайдалануға берілді. Бүгінде бұл кәсіпорындар тұрақты жұмыс жасап, өнім шығаруда. Іске қосылған жоба­лар өткен алты айда 22,5 млрд теңгенің өнімін өндіріп, был­тыр­ғымен салыстырғанда 1,7 есе өсім көрсетті. Оның ішінде, өнімнің 41%-ін құрайтын 5 түрлі өнім 12 елге экспортталды, – деді ол.


Үлес салмағы басым кәсіп­орын­дардың бірі – «Гежуба Шиелі цемент компаниясының» тампонажды цемент зауыты. Биыл өндіріс қарқынын бес есеге ұлғайтқан зауыт жарты жылда 531 мың тонна өнім өндірген.


Сондай-ақ, басқарма басшысы биыл 48,5 млрд теңгеге төрт жоба іске қосылатынын жеткізді. Жалпы саны 500-ден астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін бұл жобалардың үшеуі азық-түлік өнімдерін өндіруге бағыт­талған. Олар – Қармақшы ауда­нындағы құс фабрикасы, Арал ауданындағы ас тұзының жаңа цехы мен түйе сүтінен құрғақ сүт дайындау өндірісі. Төртінші жоба, стратегиялық маңызға ие аймақтың құрылыс индустриясындағы ірі нысанның бірі – шыны зауыты.


– Зауыт құрылысы 85%-ке, мон­таждау жұмыстары 37%-ке орын­далды. Жыл соңына дейін іске қосып, кем дегенде 8 ілеспе өндіріс құруды көздеп отырмыз. Инвесторлармен бірлесіп зауыт айналасында екі жоба­ны – шыны талшық, айна өн­дірісін іске асыру жұмыстары басталып та кетті. Барлық ілеспе өндірістер айналасында жаңа кәсіп­терді игере отырып, шамамен 400 жұмыс орны құрылады, – деді Р.Сұлтангереев.


Бүгінгі таңда аталған төрт жобаның барлығы құрылыс жұ­мыс­тарының аяқталу сатысында. Айталық, «Аралтұз» акционерлік қоғамының жаңа испан цехы қыркүйекте, Арал ауданының индустриялық аймағында «Казақ Кэмел» серіктестігінің түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару цехы желтоқсанда іске қосылады.


Тау-кен өнеркәсібін дамыту мақсатында «Шалқия» кен орын игеру жобасы жүзеге асырылуда. Қа­зіргі таңда шахта құрылысын жүр­гізетін мердігер анықталған, қыр­күйек айында құрылыс бас­талады. «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында Кальциленген сода зауы­тына инженерлік инфра­құрылым тартылуда. Оның ішінде сумен жабдықтау толық аяқталған, газ, электрэнергия, байланыс желісі, темір жол тұйығын жеткізу жұмыс­тары басталды.


Сонымен қатар, өңірлік кәсіп­керлікті қолдау картасындағы қуат­тылығы жылына 5 мың тонна ет комбинаты және сүт өңдеу кешеніне инженерлік инфра­құрылымдар жет­кізіліп, құры­лыс жалғасуда. Мұнан бөлек, Жаңақорған ауданын­дағы «Қы­зылорда агроплюс» серік­тес­тігінің томат пастасын шығару жоба­сының құрылтайшысы «Orbis-Agro» компаниясы болып ауысты. Тәжіри­белік қызанақ тұқымдары 2 гектар жерге егілді. Сумен жабдықтау жүйесінің жобалау-сметалық құжат­тары әзірленіп, мемлекеттік сарап­тама­ның қорытындысын алуға дайын.


Межелі міндеттердің орын­далу көрсеткіштеріне тоқталған басқарма басшысы жұмыс істеп тұрған кәсіп­орындарды кеңейту және жаңа өндірістер құру есебінен жыл соңына дейін өнеркәсіп өндірісі көле­мін 0,7%-ке, оның ішінде өңдеу өнеркәсібін 12%-ке ұлғайту жос­парланғанын атап өтті. Бұл өз кезегінде жоғары еңбек өнімділігі, тиімділіктің жоғары дәрежесіне қол жеткізіп, шикізатты барынша терең­дете өңдеу, экономиканың барлық салаларында жаңа жұмыс орын­дарын ашуға сеп болып, өңірдегі кәсіпкерлікке серпін жасауы қажет. Мұншама ауқымды міндеттердің жүзеге асуы, сөзсіз, халықтың әл-ауқатын, әлеуетін көтермек.


Биболат Сәтжан,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<