Қаржы: Барды ұқсатып, жоқты түгендеген

13944

0

Облыстың 85 жылдық тарихында қаржы-экономика саласының алатын орны айрықша. Бүгінде республикада алдыңғы орындарға тұрақтаған аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы бюджет көлемінің өсуімен байланысты.  Кейінгі бір жарым жыл ішінде тайқазанымыз толысып, соның нәтижесінде көптеген маңызды нысан халық игілігіне пайдалануға берілуде. Мұның барлығы мерейлі мереке қарсаңындағы тамаша тарту болды. 

Қай кезеңде де елдің алға жылжуы мен оның экономикасының дамуы қаржыға байланысты. Тіпті сонау хандық дәуірде де хандықтың қара қазаны және оған жауапты қазынашылар, билер мен қазылардың болғанын тарихтан білеміз. Расымен есеп-қисап, экономикамыздың тарихы тым тереңде жатыр. Дегенмен, кешегі кеңес дәуірінен бастау алатын кезеңге көз салсақ, облыстық экономика және қаржы басқармасының құрылғанына ғасырдан астам уақыт болыпты. Осы уақыт ішінде атауы да, міндеті мен мақсаты да өзгерген сала еліміздің өркендеуімен қатар ілгерілеген маңызды органға айналды. Бұрын бөлек-бөлек сала болса,  қазіргі уақытта облыстық экономика және қаржы басқармасы ретінде ауқымды тірліктер атқарып келеді. Бір ғасырлық кезеңде Сыр өңірінің қаржыгерлік мектебі де қалыптасып, өсіп-өркендеді.

Камал Шөкенов, Бименді Баймаханов, Құттықожа Ыдырысов ағаларымыздың есімдері өңірдің қаржы саласының тарихына алтын әріппен жазылып қалды. Сейітсұлтан Әйімбетов, Қалқазбек Әжібеков, Дайрабай Ысқақов, Мырзахмет Ауанов, Болатбек Жасақбаев, Майдан Мәселеева, Балжан Шәменова, Ирина Ким, Райхан Ысқақова, Сәуле Құлымбетова белсенді үлес қосты.

Ғасырдан астам тарихы бар

Елдегі қаржы саласының қалыптасуы кеңес үкіметі кезінде, яғни, 1921 жылдардан бастау алған жаңа экономикалық саясаттың жүргізілуімен сәйкес келеді. Сонау тарихтың тереңіне үңілсек, 1921 жылдары әскери коммунизм саясатының әсері экономика саласында қатты білінді.

Азық-түліктің, жанармайдың көп бөлігі азамат соғысы қажеттілігіне жұмсалғандықтан, ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі 45 пайызға дейін төмендеп кетті. Нәубетті жылдар халықты тоздырып, елдегі өткір саяси және экономикалық дағдарыстың туындауына әкеліп соқты. Ақыры 1921-1924 жылдары қаржы реформасы жүргізіліп, банк жүйесі құрылды. Мемлекеттік банк, кооперативті банктер желісі қалыптасып, тікелей және жанама салықтар (өнеркәсіп, табыс, ауыл шаруашылығы, жаппай тұтыну тауарларына акциздер, жергілікті салықтар) енгізілді, сондай-ақ қызметтерге ақы төлеу (көлік, байланыс, коммуналдық шаруашылық және т.б.) жүйесі қалыптаса бастады.

Жетпіс жыл кеңестік жүйеде өмір сүрген еліміз осы кезең ішінде қаржылық-экономикалық мәселелерді оңтайлы шеше білді. Колхоз, совхоздар, аудан, облыстар құрылды, қалалар салынды. Бүгінгі тәуелсіз Қазақстан Республикасының негізі сол кезеңдердегі тиімді қаржылық-экономикалық жоспар арқылы қалыптасты десек артық айтқандық емес. Барлық қоғамдық-әлеуметтік маңызды инфрақұрылым жүйесі аграрлық және тау-кен өндірісі, сол заманғы инновация жалпы айтқанда қаржысы шешіліп, оңтайы келген игілікті істердің барлығында сала мамандарының қайталанбас қолтаңбасы қалған.

Қайта құрудан кейін тоқыраған кеңестік жүйе құлап, орнына нарықтық-экономикалық қатынастарға негізделген жаңа Тәуелсіз мемлекеттер құрылды. Жаһандық деңгейде жүргізілген осынау алапат саяси өзгерістерден соң 1991 жылы ел егемендігін жариялады. Небір кезеңнен сыналып өткен қаржы саласы жаңа дәуіріне қадам басты. Бұл жылдардағы қаржы саласының ең үлкен жаңалығы – төл теңгеміздің айналымға енуі. Бұл ұлттық нарықтық инфрақұрылымды жасауға, өзіндік қаржы-несиелік және бюджеттік-салық саясатын жүзеге асыруға, реформаның алғашқы жылдарында тиімді саяси экономикалық тұрақтылыққа алып келді. Кейіннен Ұлттық валютамыз шыққан күн қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі  болып белгіленді. Бұл күннің таңдалып алынуы да бекер емес. Себебі еліміздің қаржы жүйесінің қазіргі қызметкерлерінің лайықты еңбегін атап өтуге мүмкіндік берді.

Өз алдына егемен ел болған мемлекет қаржысының талан-таражға түспей, әр теңгесінің тиімді пайдаланылуын бақылайтын комитет қызметкерлеріне жауапкершілік жеңіл болмағаны белгілі. Теңге айналымға енген алғашқы күндері бухгалтерлер мен касса қызметкерлерінің, инкассаторлардың жұмыс уақыты 14-16 сағатқа дейін созылды. Соған қарамастан банк жүйесінің әрбір қызметкері жауапкершілік танытып,  Президент жүктеген міндеттерді қалтқысыз орындады. Жалпы алғанда қаржы саласы құрылғаннан бастап құлдырау мен өркендеуді қатар бастан кешірді. Тек білікті мамандарының арқасында әлемдік қаржы институттарының оң бағасын алды.

Республика бойынша қаржы-экономика саласы осы сипатта өрбісе, өңірдің қаржы саласының өзіндік тарихы бар. Орынбор облысы Қазақ автономиясынан Ресей Федерациясына қосылып, еліміздің астанасы Орынбор қаласынан Қызылордаға ауысқан соң бірталай тарихи оқиға болды. Атап айтсақ, алғашқы 10 жылда бөлім меңгерушілері болып М.Стебут, С.Ахмеджанов, Г.Колесников, К.Жаманқұлов, одан кейін Б.Баталов, С.Чукиев қызмет атқарды. Ал кейінгі ширек ғасырдан астам уақыт 1970-1997 жылдар аралығында ҚР Еңбегі сіңген экономист, саланың белгілі маманы Камал Шөкенов жетекшілік етті. 1997-2007 жылдары Қ.Әжібеков, 2007 жылы Т.Сәтбаев, 2007-2008 жылдары Р.Мұсабеков, 2008-2010 жылдары Қ.Ыдырысов, 2010-2011 жылдары М.Ергешбаев, 2011-2012 жылдары И.Ким, 2012 жылы Қ.Ысқақов, 2012-2014 жылдары Қ.Сәрсенбаев, 2014-2020 жылдары Т.Жақыпбаев басқарған.

Қаржы басқармасы аймақтағы саланың қарашаңырағы саналса, бүгінде облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірігіп, үлкен бір құрылымға айналды. Сонымен бірге еншісін алып, дербес мекеме ретінде құрылған облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті, қазынашылық департаменті, ішкі мемлекеттік аудит департаменті секілді қаржы органдары жұмыс атқарады.

2005 жылғы республикадағы экономиканы басқарудағы өзгерістерге байланысты облыстық  экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы құрылды. Күні бүгінге дейін өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының, стратегиялық және ортамерзімдік жоспарларының, бюджет пен облыстың басқа даму бағдарламаларын қалыптастыру міндеттерін абыроймен атқарып келді.  Облыстық жоспарлау органдарын облыс болып құрылғаннан бергі тарихында 17 адам басқарған екен. Тәуелсіздік алған жылдардан бері К.Тоғызбаев, Н.Мұсабаев, И.Ким, Б.Шәменова, С.Құлымбетова, Н.Қордабай, ал қазіргі уақытта облыстық экономика және қаржы басқармасына Қамбарбек Мүбәраков басшылық жасауда.

Тиыннан теңге құралған жылдар

Ел экономикасын дамыту туралы сөз қозғағанда оның күретамыры – қаржы жүйесін айналып өту мүмкін емес. Себебі қаржыгерлердің қатысуынсыз бірде-бір саланың толыққанды қызметін көре алмаймыз. Бүкіл жұмыстың өзегі тікелей байланысты болатын қаржы саласы –  аса үлкен жауапкершілікпен қарауды талап ететін маңызды сала. Қаржы-экономика органдарының құрылғанына 100 жылдан асса, оның кейінгі 30 жылында дербес мемлекет ретінде төл теңгемізбен өмір сүріп келеміз. Теңгені айналымға енгізу туралы шешім дағдарыстың ең бір ауыр кезеңінде қабылданғаны белгілі. Сол кезеңде облыс экономикасының дамуына күш-жігерін жұмсап, жауапкершілік жүгін арқалаған сала ардагері Қалқазбек Әжібековтің қосқан үлесі көп. Біз сала майталманымен осы тұрғыда пікірлескен едік.

– Менің қаржы саласындағы еңбегім 1970 жылдан бастау алады. Біздің кезімізде жұмысты, барлық есеп-қисапты кеңсенің шотымен жасайтынбыз. Басқа ешнәрсе болған жоқ. Одан кейін 1971-1972 жылдары арифмометр деген келе бастады. Бұл механикалық құрал болғанымен, есеп-қисаптың алға жүруіне септігін тигізетін. Содан кейінгі кезеңдерде электронды құрылғылардың бастапқыларын пайдаландық. Шот бірте-бірте қолданыстан шықты. Жаңақорған аудандық қаржы бөлімінің бюджет жөніндегі аға экономисі  болып еңбек жолымды бастағанда, аудан бюджетін, қаржылық есебін жасап, оның орындалуын, ауылдық кеңестердің кірістері мен шығыстарын жоспарлап жүргіздік. Жаңақорғанда өз ісінің нағыз білгірі Бекмахан Дүйсенбаевтың және облысқа келген соң Камал Шөкенов пен Бименді Баймахановтың тәрбие мектебінен өткеніме қуанамын. Бұл кісілердің шарапатын көп көрдім. Білмегенімізді үйреніп, қиын да жауапты саланың қыр-сырын меңгердік. Халық шаруашылығының көптеген салаларын көріп, оның жұмысын үйрендік. Камал және Бименді ағаларымыз Қазақ ССР-не еңбегі сіңген экономисі еді. Біздің облыста ондай адам 5-еу ғана. Облыстан мықты мамандар республикаға барып басшылық қызметтер атқарды. Олардың қатарында Рахым Тоқсейітов республикада бас басқарманың бюджет жөніндегі бастығы, кейін министрдің орынбасары болды. Министрдің орынбасары болған Мырзахмет Ауанов, бас бюджет басқармасын басқарған Таңатар Құттымұратов, кадр жағын басқарған Саин Ердіхалықов,  Мемлекеттік қаржы бақылау комитетінің төрағасы, Халықты әлеуметтік қорғау министрі, Еңбек және халықты әлеуметті қорғау министрінің орынбасары болған Сейітсұлтан Әйімбетовті мақтан етеміз.

Қаржы  саласы – экономиканың күретамыры. Қор тоқтаса онда экономика тоқтап қалады. Сондықтан бұл саланы үнемі, уақытылы, үздіксіз қаржыландырып отыру үшін  ең бірінші кірісті келтіру керек. Халықтан алым-салық жинау, ауыл шаруашылығы, мемлекеттік сақтандыру, айлық жалақыдан түсетін салықтың барлығы бюджетті толтыратын. Тіпті ауыл советтерде бір анықтама үшін салық салынатын. Тиыннан теңге құралады. Қазір мұндай нәрселерге мән берілмейді.

Мен қаржы саласын басқарған уақыт ең қиын кезеңге тап келді. Себебі 1995 жылдан 2001 жылға дейін бюджеттің кірісін орындай алмадық. Өйткені мекемелердің барлығы тұралап қалды, айлық жалақы берілмеді. Бюджеттік мекемелердің қызметкерлеріне, зейнеткерлерге жәрдемақыларды 5-6 айлап кешіктіріп бердік. Нақты ақшаны қалай қыламыз деген мәселе тұрды. Сол уақытта облысты басқарған марқұм Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен вексель шығардық. Бюджеттік қызметкерлердің 10 пайыз ақшасын вексельмен бердік. Осы арқылы қарыздарды жеңілдеттік. Былайынша айтқанда, есептесетін құнды қағаз. Оны арнайы Алматыдан типографиядан бастырып әкелдік. 1997 жылы газдың келуінің алғышартын жасау үшін біз «инвестиция-газ» деген заимды 100 млн теңгеге Қазақстанда екінші болып шығардық. Сол инвестициялық газдың әр номиналы 1000 теңге. Бүкіл облыстағы мекемелерге айлықтың бір бөлігін тараттық. Одан ақша алып, оны банкке салып, үстемесінен газдың жобасын жасадық. Бұл жерде марқұм Бердібек Машбекұлының үлкен еңбегі бар. Сонымен қатар осы жылдары Қызылорда арнайы экономикалық аймақ болып құрылды. Жиналған салықтың барлығы республикаға кетпей, өзімізде қалды. Қаланың бюджеті бұған дейін дефицит болып жүрсе, профицит болып шыға келді. Үстіндегі ақша облыс пен ауданның бюджетіне жұмсалды. Осындай үлкен жұмыстар атқарылды. Үш жыл ішінде біраз көтеріліп қалдық, – дейді қаржы саласының ардагері.

Табысты тайқазан

Қай өңірдің де әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуі, үлкен жобаларды жүзеге асыруы, ең алдымен, қаржыға келіп тіреледі. Бұл ретте, облыстың тайқазаны былтырғымен салыстырғанда екі есе толысып, тың жобалардың қолға алынғанын айту керек. Облыстық экономика және қаржы басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, бүгінде облыс бюджетінде айтарлықтай өсім бар.

Республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер мен кредиттерді қоса есептегенде, 2023 жылға облыс бюджетінің көлемі 609 млрд теңгеге жетті. 2023 жылғы қыркүйектің біріне дейін бұл соманың игерілгені 352 млрд теңге. Бұл былтырғы бюджетпен салыстырғанда 222 млрд теңгеге, яғни, 57 пайызға артық.

Үкімет деңгейіндегі жан-жақты қолдаудың және облыс әкімінің табандылығы нәтижесінде Сыр елінде тың жобалар жүзеге асып, ауқымды инвестициялар тартылуда. Тіректі салаларда серпінді қадам жасалып жатыр. Мұндай іс мол қаржының келуімен байланысты екенін білеміз. Ал бұл жағынан алғанда, облыс бюджеті былтырғымен салыстырғанда 1,5 есе артты. Облыс басшысы Н.Нәлібаевтың министрліктерге барып, әрбір жобаны сәтті қорғап, оны дәлелдеп шыққан іскерлігінің арқасында өткен жылмен салыстырғанда бюджет 57 пайызға ұлғайып отыр. Оның ішінде қаражаттың басым бөлігі әлеуметтік саланы жақсартуға бағытталуда.

Облыс бюджетінің өз кірістері 97,5 млрд, субвенция 400,5 млрд және республикалық бюджеттен бөлінген трансферттер мен кредиттер 94,1 млрд теңгені құрайды. Бөлінген қаржының көп бөлігі әдеттегідей әлеуметтік саланы қолдауға бағытталды. Айталық, әлеуметтік саланың үлесі 371,6 млрд теңгені, яғни жалпы бюджет көлемінің 61 пайызын құрап отыр. Оның ішінде білім беру саласы 278,4 млрд, денсаулық сақтау  20,3 млрд, әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру  42,2 млрд, мәдениет және спорт  30,7 млрд теңге көлемінде. Демек, Мемлекет басшысының ерекше қолдауына ие болып отырған облысымызда ірі-ірі жобалар іске асып, әлеуметтік-экономикалық дамуымызда оң нәтиже болады деген сөз.

Әлеуметтік-экономикалық сала динамикасы

Өткен жылдың қорытындысы бойынша әлеуметтік-экономикалық дамудың макрокөрсеткіштері республика өңірлері арасында жоғары орындарға көтерілді. Мәселен, биылғы қаңтар-тамыз айларында облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары  666,6 млрд  теңгенің өнімін өндірді. Құрылыс жұмыстарының көлемі 74,9 млрд теңгені, өсім 45,4 пайызды құрады. Экономиканың нақты секторы – тұрғын үй құрылысын салу қарқынды жүруде. Жыл басынан 546,9 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді немесе 2022 жылдың тиісті кезеңіне 119,8 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 67,1 млрд теңгені, бұл өткен жылдың тиісті кезеңіне 101,3 пайызды құрап отыр.Әлеуметтік саладағы жұмыссыздық деңгейі 2023 жылдың 2 тоқсанына 4,9 пайыз болды.

Аймақ инвестиция тарту қарқыны бойынша республикада бірінші орынға шықты.  Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 258,8 млрд теңгені құрады немесе 2022 жылдың тиісті кезеңіне 127 пайыз.

Шикізатқа тәуелділікті азайту мақсатында экономиканы әртараптандыруға бағытталған жобаларды іске асыру жалғасуда. Бірыңғай индустрияландыру картасы аясында жалпы құны 3,9 млрд теңгені құрайтын, 199 жұмыс орны құрылатын 3 жобаны іске асыру жоспарланған. Олар – жылына 1500 тонна құс етін өндіретін құс фабрикасы, иппотерапия және бие сүтін өңдеу цехының құрылысы,  әк және құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруді ұйымдастыру. Бұл өндіріс орындарын желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарлануда.

Негізгі түсім салық көздерінен

Облыстың жергілікті бюджетінің негізгі түсімі салық көздерінен жиналады. Оның 86%-ын салықтық түсімдер құрайды. Айталық, өткен жылы жергілікті бюджет жоспары 104%-ға орындалып, 2,8 млрд теңге артығымен түскен. Ал жыл басынан мемлекеттік бюджетке 169,4 млрд теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдерден түсім түскен. Бұл  97,1 пайыз болжамға орындалды. Оның ішінде республикалық бюджетке 97,8 млрд теңге (болжамға 85 пайыз), жергілікті бюджетке 71,6 млрд теңге түсім түсті.

Бюджеттің кіріс бөлігінің өсуін қамтамасыз ету және салық  базасының резервтерін кеңейтуде әлі де бірқатар мәселе бары рас. Президент тапсырмасына сәйкес, енді жаңадан енгізілетін салық-бюджет саясаты қаржы-экономикалық функцияларды өңірлердің пайдасы үшін барынша орталықсыздандыруы тиіс. Кірістер мен шығыстар бабының айтарлықтай көлемі жергілікті деңгейге беріледі. Жалпы салық-бюджет саясаты жетілдірілсе, бұл оның көп түсуіне де оң әсер етеді. Өйткені банкрот болатын кәсіпорындар саны азаяды, тиісінше салықтық база қысқармай ұлғаяды.

Бұл ретте аймақта әлеуметтік салаға серпін беретін мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Мәселен, былтыр 31 315 жаңа жұмыс орны ашылып, 3 422 адамға 4,1 млрд теңге көлемінде жаңа бизнес-идеяны іске асыруға арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант тағайындалды. Ал жыл басынан осы кезеңге дейін 24575 жаңа жұмыс орны құрылды, оның ішінде 9994-і  тұрақты.

Ғасырға жуық тарихы бар облыстық экономика және қаржы басқармасының құрылуын, дамуын, өркендеуін, оның мақсат-міндеттерінің бағыттарын бір мақаланың төңірегінде баяндай алмасымыз анық. Әйтсе де Мемлекет басшысының ерекше қолдауындағы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы жылдан-жылға жақсара түсетіні анық. Мұны аймақ дамуына бөлінген қаржының көлемінен аңғаруға болады. Ендігі меже – жауапты қызметкерлердің бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оны қажетті салаларға дұрыс бағыттауы. Жалпы бюджет саясатында нақты істер мен реформалар қолға алынды. Бұдан былай жергілікті экономика және қаржы басқармалары тек бюджет қаражатын бөлумен айналыспай, оның бүйірін толтырудың да көздерін іздестіреді. Өйткені Бюджет туралы кодекстегі түзетулерде өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз етуін күшейту, соның ішінде салықтық және салықтық емес түсімдердің қосымша түрлері жергілікті деңгейге берілетіні айтылып жүр. Алда барлық мүмкіндікті тиімді пайдаланып, оны жүзеге асыру міндеті тұрғаны анық.

Шежірелі Сыр өңірінің 85 жылдық тарихында, аймақтың гүлденіп-өркендеу жолындағы толымды табыстар мен атқарылған ауқымды шараларда аталған басқарманың да қосқан үлесі мол.

Айсауле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<