Қаржы – экономика жүйесі ғасыр белесінде

1562

0

Ел экономикасының дамуы мен әл-ауқатының артуына қаржы, экономика саласы қызметкерлерінің еңбегі зор. себебі олардың қоғам тағдырын шешетін жоспарлау, есеп-қисапқа жауапкершілікпен қарауы оңай шаруа емес. Мұны басынан өткерген адам ғана біледі. Бұл саланың қызметкерлері жүктелген зор аманаттың салмағын жан-тәнімен сезінеді.

Ақша.., қаражат.., қазіргі нарықтық экономика кезеңінде екінің бірінің аузында тек осы сөздер. Оны әбден түсінуге болады, бұрында солай болған, бірақ әсіресе қазіргі уақытта қаражатсыз бір қадам да алға баса алмайсыз. Қаржы экономиканың күретамырында ағып жатқан қан десек, ол үнемі қозғалыста болуы қажет және жалпы тілмен айтқанда «тромб» болмауы керек.

Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңына тұспа-тұс келген Қазақстанның қаржы-экономика жүйесінің құрылғанына  да 100 жыл, яғни бір ғасыр толып отыр. Саланың даму тарихына үңілетін болсақ, қаржы органдары 1920 жылғы 11 қазандағы Орынборда өткен жалпы Қазақ кеңесінің жарғылық съезінің, ондағы қаржы халық комиссариатын құру және автономиялы республика халық комиссарлар кеңесінің 1921 жылғы 20 тамыздағы қаржы халық комиссариаты туралы Ережесін бекітумен басталады. Ал, мемлекеттік жоспарлау комиссиясы (Госплан) органдары республикада 1921 жылғы 14 қарашадағы республиканың Еңбек және Қорғаныс кеңесінің құрамындағы құрылым есебінде жұмысын бастаған.

Уақыт өткенге әділ баға беретін  барометр секілді. Біздің қызметімізбен жүргізген шараларымызды кейінгі ұрпақ таразылайтын болады. Қаржы-экономика саласының іргетасын қалап, ел экономикасын қаншалықты дамытқан тұлғаларға шын мәнінде баға бере алмаспыз. Дегенде осы 100 жылдық тарихтың 70 жылын бірге өткізген кеңестік кезеңді сызып тастай алмаймыз және сол кездегі одақтағы сала майталмандарын үлкен ілтипатпен еске аламыз. Атап айтсақ, Одақтың мемлекеттік жоспарлау комиссиясын ұзақ жылдар басқарған Н.Вознесенский, Н.Байбаковтың, КСРО Қаржы министрлігін 22 жыл басқарған атақты қаржыгерлер А.Зверевтің, 25 жыл басқарған В.Гарбузовтың есімдері тарихтан ойып орын алды. өз еліміздегі Ұлы Отан соғысы кезі мен халық шаруашылығын қалпына келтіру жылдарындағы қаржы министрі И.Шугайлоның, онан кейінгі әрқайсысы 10-15 жылдан саланы басқарған министрлер И.Ким, Р.Байсейітовтің, республика мемлекеттік жоспарлау комиссиясы төрағалары К.Кетебаевтың, С.Тәкежановтың есімдері әлі де халықтың жадында.

Ел тәуелсіздік жарияланғаннан бір күн өткен соң, яғни 1991 жылдың 17 желтоқсанында республикада өмірлік маңызы бар «Бюджет жүйесі» заңының қабылдануының символикалық мәні бар. Бұл заң бюджетте, қаржы жұмсауда арнайы тәртіптің  керектігін көрсетті.

Бір ғасырлық кезеңде облыс экономикасының ырғақты жұмыс істеуіне қаржыгерлер мен экономистердің қажырлы еңбек етуінің арқасында қол жеткізіліп отырды. Осы кезеңде қаржы саласында басшы қызметтерде болған К.Ямаловтың (1938-1943ж.ж), У.Мерьякуповтың (1954-1962 ж.ж), К.Шөкеновтің (1970-1997 ж.ж) және 30 жылдан аса меңгеруші орынбасары болып қызмет атқарған Қазақстанның еңбек сіңірген экономисі Бименді Баймахановтың есімдері қазіргі ұрпақ есінде. Сонымен қатар саланың майталман ардагерлері Б.Дүйсенбаев, Қ.Сахиев, К.Көшімов, Ө.Гүлімбетов, К.Фролова, А.Шегай, Ә.Тындыбаев, Ш.Мампаев, Н.Нұрмаханов, Н.Цой, П.Егоров, З.Алисова, В.Пак, Н.Долженко, М.Қайыпов, Д.Ысқақов, А.Жұматов, Т.Қонысбаев, Ж.Құлымбаев секілді азаматтарды зор құрметпен атап өткім келеді.

Осындай тұлғаларды жоспарлау комиссиялары мен экономика саласында да көптеп атауға болады. Әсіресе Ә.Рақышев, М.Лапин, Ә.Қалыбаев, Б.Шәменованың есімдерін атап өтуге тиіспіз.

Кеңестік кезеңде елімізде, өңірімізде қаржы жүйесін айтқанда қаржы басқармасы мен оның аудандық бөлімдері туралы ғана сөз қозғасақ, қазір облысымызда ғана бұл жүйеде 7 бөлек мекеме қызмет атқаруда. олар – қаржы, салық, қазынашылық, ішкі аудит, мемлекеттік мүлік және жекешелендіру салалары, тексеру комиссиясы, ақпараттық-есептеу орталықтары, сонымен қатар облыстық және аудандық (қалалық) экономика және бюджеттік жоспарлау органдары.

Қаржы – экономика органдарының 100 жылдығына орай облыста 100 белгілі сала ардагері мен қазіргі таңда қызмет атқарып жүрген 100 майталман үздіктер туралы мәлімет жинақталып арнайы мерекелік кітап дайындалды. осы кітапқа сонымен қатар, Ұлы отан соғысына қатысқан сала ардагерлері, облыста, министрліктерде басшы қызмет атқарған кісілер мен Парламент депутаттары, республикаға еңбегі сіңген тұлғалар енгізілді.  

  Бұл жинақ ғасырлық белгісіндей құнды дүние болары анық.

Қалқазбек Әжібеков,

сала ардагері,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,

Кеңес одағы қаржы саласының үздігі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<