ЗЕЙНЕТАҚЫ ҚОРЫ: салымшылар үлесі тұрмысымызға өлшем бола ала ма?

1185

0

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған Жолдауында Бірыңғай жинақтау мен зейнетақы қорындағы салымшылардың ақша алу мүмкіндігін сараптан өткізу үшін редакция республикалық қордың облыстық филиал директорына төмендегі сауалдарға жауап беруін өтініп, хат жолдаған болатын.

Онда Қызылорда облы­сындағы са­лым­шылардың бар­лық түрі бойынша салым мөлшері, салымшылардың са­ны, олардың 500 мың теңгеге дейінгі, 1 млн теңгеге дейінгі, 1 млн теңгеден асатын салым мөлшері, Қызылорда қаласы мен барлық аудандардағы са­лымшылар саны және олардың жинаған зейнетақы жарнасы, сондай-ақ салыстыру үшін Қа­зақстандағы барлық ай­мақ­тар бойынша салым­шылар са­ны және зейнетақы жар­на­­ларының мөлшері тура­лы деректер сұралған еді. Ал­дымен филиал директо­ры­ның міндетін атқарушы А.Сарсембаев жауабын оқырмандар наза­ры­на ұсынуды жөн көрдік.

Онда көрсетілгендей, Қызыл­орда облысы бо­йынша 2020 жылдың 1 қыр­күйегіндегі жағдай бо­йын­ша 412 181 адамның БЖЗҚ-да міндетті зейнетақы жарналары бойынша жеке зейнетақы шо­ты бар. Осы шоттарда жи­налған салым мөлшері – 364 101 261 мың теңгеге тең. Са­лымшылардың ішінде 500 мың теңгеге дейінгі көлемде зейнетақы жинағы бар адам саны – 236 640 болса, 500 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейінгі мөлшерде зейнетақы жинағына 60 434 адам ие. Салымшылар санының қалған бөлігін зейнетақы жинағының мөлшері 1 млн теңгеден аса­тын адамдар құрайды.

Қызылорда облысы бойын­ша үлкен қалалар мен халық мол шоғырланған аудандарға, тиісінше, жоғарыда аталған көрсеткіштердің көп үлесі ти­се керек. Олай дейтініміз, халық саны көп болған сайын оның түрлі көрсеткіш деңгейі де арта беретіні бәрімізге де белгілі.

Еліміздегі облыстар мен республи­калық маңызы бар қа­лалар бойынша жеке зей­нетақы шоты мен ондағы са­лым мөлшері тұрғысынан Алматы қаласы көш бастап тұр. Ондағы жеке зейнетақы шо­тын ашқан адам саны 1 725 256 болса, ондағы зейнет­ақы жинағының мөлшері – 2 390 518 949 теңгеге тең. Басқа облыстардағы көрсет­кіштер си­паты төмендегі кестеде көр­сетілген.

«Бірыңғай жинақтаушы зей­нетақы қо­ры» акционерлік қоғамының салым­шылары өз зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпаратқа кез келген уақытта, түрлі тә­сілдер арқылы ие бола алады.

P.S. Біршама кемшіліктеріне қарамас­тан, редакция сұраған сауалдарға БЖЗҚ басшылығынан орынды жауап алға­ны­мызды атап өткім келеді. Соны­мен облыстағы 412 мыңнан астам салым­шының 364 млрд теңгеден астам салым мөлшері бар. Енді қызықты қараңыз. 500 мың теңгеге дейінгі салым  мөлшері бар адамдар саны – 236640. Яғни, қы­зылордалық салымшылардың 57 про­центінен астамының бүгінгі жинаған сомасы 500 мың теңгеге жетпейді. Ал біз сұраған дерек бойынша 500 мың теңгеден 1 млн теңгеге дейінгілер саны – 60434 адам. Бұл жалпы салымшылардың 17 процентінде ғана осыншама салым бар деген ұғымды білдіреді. Қалған са­лымшылардың жарнасы 1 млн теңгеден астам соманы құрайды. Дегенмен, осы қал­ған адамдардың жинағанын жілік­тейтін болсақ, көңіл көншітетіндей дерек­тің шығуы екіталай. Себебі, жалпы қы­зылор­далықтардың Қазақстанның басқа өңірлермен салыстырғанда жинаған қоры мардымсыз.

Неліктен? Облыс ұзақ жыл аграрлық сипатта дамыды. Өндіріс негізінен мұнай-газ саласында шоғырланғандықтан, онда еңбек ететіндердің саны басқа салалар­дан біршама төмен болды. Өйткені, саланың даму сипаты осын­дай еді. Өнеркәсіп са­ласы соңғы жылдары мұнай өндірудің есебінен едәуір төмендеді. Жұ­мыс­шы қыз­меткерлер біршама қыс­қарды. Негізі­нен зейнетақы қорында жиналған қаржы бюджет қыз­меткерлерінің есебінен то­лық­тырылуда.

Енді маңызды бір мәселеге тоқта­лайық. Зейнетақы қорын­дағы қаржы біз­дің тұрмыс деңгейіміздің шынайы бол­мысын білдіре ме? Біздіңше, мүл­дем олай емес. Қазір нарық заманы. Кез келген тіршілік иесі заңды тіркеліп, салығын төлесе, Президенттің атап көрсеткеніндей, ақшаның «көлеңкелі» айна­лы­мына тос­қауыл қойылар еді. Қоғамдық пікір көр­сетіп отыр­ғандай, Сыр өңірінің ша­руалары соңғы жылдары табысын мо­лайтуда. Кейбір есептер бойынша өңір­дегі мал саны статистикалық есептен екі есе жоғары деген пікір­лер айтылуда. Демек, біз­дің тұрмысымыз бөтен емес. Тек мәселе тіркеліп, табысты заң­дастыру мәсе­лесіне тіреліп тұрған сыңайлы. Басқа сала­лардағы жағдай да осыны көрсетіп отыр.

Аталған тақырыпта көп әңгіме айтуға болады. Ол тиісті орын­дардың сан салалы талдау жұмыстарын жүргізуді және талап етуде. Бүгінгі уақыт осыны көздейді және Қазақстанның алға жылжуының кепілі де осы болып табылады.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<