Ғасыр жасаған қарт оқырман

548

0

Бүгінде ғасырдың төбесін көріп отырған Сәндібек ақсақал – екі дәуірдің куәсі. Кешегі кеңес өкіметі тұсында өмірге келген бала сол уақыттың саясаты тілімізге, дінімізге жаудай тиіп жатса да, ауылдың иісін бойына сіңіріп, атадан қалған салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты тереңірек танып өсті. Көпті көрген көкірегі қазыналы қарт – кешегі «Ленин жолы», бүгінгі «Сыр бойы» басылымының тұрақты оқырманы.

Биыл аймақтың ата басылымы – «Сыр бойы» газетіне 95 жыл. Ал ата басылымның тұрақты оқырманы Сәндібек Рахметұлы 100 жаста. Керемет сәйкестік емес пе?! Иә, ақсақал әлі газет оқиды десек, әсірелегендік болар, алайда баяғы дағдысымен ауыл-аймақтың, ел-жұрттың амандығын біліп, «газет пен теледидарда не жаңалық бар» деп  немере-шөберелерінен күнделікті сұрап отырады.

Сәндібек Рахметұлы 1924  жылы Жалағаш ауданының (бұрынғы Қызылжұлдыз колхозы) қазіргі Мәдениет ауылында дүниеге  келген.  Колхоздағы  1 Май мектебінен дәріс алып, хат таныды. Еңбекке жастай араласып, колхоз егінін егуге үлкендерден кем түспей, үлесін қосты. Бертін келе трактор тізгінін ұстап, шаруашылықтың бел ортасында жүріп,  белсенді еңбек етті.

Жасында ауыр науқасқа шалдығып, сол себепті әскерге жарамсыз деп танылған ол соғыс жылдарында тылда еңбек етіп, талай қиын-қыстау күндерді басынан кешті. Соғыстан оралмай қалған ер-азаматтардың орнын басып, күн-түн демей еңбек етіп, ауыл өмірінің тіршілік арнасын бұзбай, сақтап қалуға атсалысты.

Ол – ел басына түскен нәубет ашаршылық жылдардың куәгері. Заманның беті бері қарап, соғыстың салған ізі оңала бастаған тұста, 1964 жылы Аққолқа елді мекеніне қоныстанып, қой бақты. Қарақұм, Қызылқұмды шарлап, түйемен көшіп-қонып, қысы-жазы бейнетін кешіп жүріп, отбасында өмірге келген он баланы өсіріп, жеткізді. Бәрін де қатарынан кем қылмай, оқытты. Қазір олар – бір-бір мамандық иесі.

Ақсақал абыройлы еңбегімен 1984 жылы зейнетке шықты. Сонда да  ферма бастығының өтінішін жерге тастамай, тағы төрт жыл қой бақты. Құдай қосқан жары Жамал Сүйіншіәліқызымен бірге бейнетінің зейнетін көріп отырған Сәндібек қария соғыс ардагерлерімен теңестірілген тыл ардагері, еңбек ардагері. Қазір немере-шөберелерінің ортасында, ғасырдың бағын аралап, ғұмырының жүзінші жылымен жүздесіп отыр.

Әке тәлімін алған балалары да өмір соқпағында адал, абыройлы. Өнер-білім жолын таңдап, ұлт құндылығын ұлықтауда аянбай қызмет етіп жүр. Үлкен шаңырақтағы ұлы Айдос пен келіні Айнұр өнер айдынында қатар жүзіп келеді. Жақында ғана Сәндібек қарттың немересі (Айдостың ұлы) Нөсер Сырдың жыраулар қосынына ілесіп, Астана төрінде өнер көрсетіп қайтты.

Ғазиза ӘБІЛДА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<