Ағаш астау – ас-ауқаттың берекесі

2083

0

Адам баласы – өз тағдырының ұстасы. Өмірін қалай өрнектеймін десе, соншалық бейнеттенуі керек. «Тәңірім терезеден береді» деп текке жату – шетте қалудың көрінісі. Міне, осындай ұстаныммен қолға құрал-сайманын алып, кәсіп ашқан Шиелі ауданының тұрғыны Мұхамеджан Алғабастың шеберханасына бардық.

Таң алакеуімнен есігін айқара ашып, тұтыну­шы­лардың тапсырысын сапалы жасап шығуға бар күш-жігерін салатын Мұха­меджан Бақытұлының кә­сіпті бастағанына 4 айдай уақыт болды. Үйінің ауласындағы «Маке» ұлт­тық нақыштағы астаулар жасау шеберханасына ке­­лу­ші­лердің де қатары күн санап артып келеді. «Бас­­тау бизнес» арқылы ар­ма­нының алғашқы бас­палдағына қа­дам басқан ағаш шебері мемлекеттен қайтарымсыз 500 мың теңге қаржыға ағаш оятын арнайы станок сатып алды. Ең әуелі Алматы қаласында Ержан Әлжановтан ағаштан бұйым жасаудың қыр-сырын үй­реніп, екі жылға тарта тәжі­рибе жинақтады.  Одан Жа­ңақорған ­ау­да­нын­­­да­ғы ағаш ұстасы Қасен Әл­­жа­новпен бірге ұлт­тық нақыштағы астаулар жасап, өзге қа­ла­ларға жі­бере бас­тады. Ағаштан түйін түйген шебер өз алдына кәсіп ашуға бел буды.

Бүгінде өзінен кейінгі інілері Оразәлі мен Асланды баулып жатқанын аңғардық. Отбасылық кә­сіптің бастауындай бол­ған құтхананың ішін­дегі тынымсыз тірлікке қарап еріксіз сүйсінесің. Ұлттық ою-өрнекпен нақыш­тал­­­ған астаулар. Емен, қа­ра­­ғай, қарағаш, жаң­ғақ ағаштарынан әдемі дүние жасап шығарған. Мұха­меджанның қолынан шық­қан астаулар барлық аудан­дарға жетіп үлгерді. Сондай-ақ, Шымкент, Же­ті­сай, т.б қалаларға да жө­нелтілді.

Ағаш ыдыс-аяқтарға де­ген сұраныс күн санап артып келеді. Расында, ағаштан жасалған ыдыстар адам денсаулығына пайдасын тигізіп қана қоймайды, оның ішіндегі тағам жақсы  сақталады. Осы қасиетін ата-бабаларымыз ертеден білген. Бұл кәсіп отбасына материалдық пайда әкеліп қана қоймайды. Қолөнердің атадан балаға мұра болып қалуына септігін тигізіп,  тұтынушы халықтың да ризашылығына бөленіп жүр.

– Ағаш – адамзатпен бірге жасап келе жатқан табиғаттың сыйы. Тұрмыста кеңінен пайдаланылады. Неге десеңіз, ағаш бұйымдар ыңғайлы, сән үшін де қолданылып, биік өнер дәрежесіне жеткізілген. «Ал­тынмен аптап, күміспен қап­тап» дегендей, әр әулет­тің жағдайына қарай зерлеп, әшекейлеп жасалған дүниені тұтынып келген. Әр халық – өз мәдениетін жасаушы және ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші.  Ұлт­тық тәрбие – рухани уыз.  Асыл мұраны әрі қарай жалғастыру – біздің мақ­сатымыз. Оны қазақ жерінде ғана емес, бүкіл әлемге паш етіп, ұмыт бола бастаған мұрамызды қайта жаңғырту – ата-баба алдындағы борышымыз. Осы кәсіптің ауқымын кеңейтіп, республика кө­лемінде дамытсақ, ха­лықты қуантатын үлкен жобалардың бастауы болары сөзсіз, – дейді кәсіпкер.

Қазір сыйлы қонақ күткенде байырғы ағаш тостағандармен қымыз-қымыран құйып, астаумен ас әкелу, ағаштан жасалған түрлі кәдесыйларды бір-біріне сыйға тарту үр­діске айналған. Сандық, кебе­желерді әспеттеп төрге қо­йып, қасиетті қара домбыра мен қамшыны қастерлеп іліп қою да – соның айқын айғағы. Атадан балаға мирас болып келген алтын қолды шеберлер ісін жалғаушы ұрпақ бүгінде некен-саяқ. Сондықтан оларды қолдау, көз майын тауысып жасаған бұйымдарын лайықты ба­ғалау керек.

Гүлнәр ДҮЙСЕБАЙ.

Шиелі ауданы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<