80 доллар – шынайы баға

487

0

Әлемдік мұнай нарығындағы қымбатшылықты сарапшылар әртүрлі жағдаймен түсіндіреді. Атап айтқанда, мұны соңғы кездері Еуропа мен Азиядағы табиғи газ және көмір жетіспеушілігімен байланыстырады. Осыдан біршама уақыт бұрын күллі Еуропа газ бағасының қыспағында қалды. Бұл туралы алаңдатарлық хабарлар түсіп, сәл уақыттың ішінде оның 1000 текше метрі екі есе көтерілді. Қазір баға біршама саябырсығанымен, жағдай әлі күрделі. Сол сияқты мұнай бағасы да өсті. Ол әсіресе, барреліне 80 доллардан асып кетті. Тағы да алаңдаушылық туындады.

Жағдайды сауықтыру үшін ОПЕК + ұйымы қайта бас қосты. Мәселені талқылап, мәмілеге келу жолын қарады. Ресей Премьер-министрінің орынбасары Александр Новак мәміленің сәтті болғанын, қазіргі таңда мұнайдың 80 доллар бағасы шынайы екенін мәлімдеді.

Алайда, нарықтағы жағдай әлі түпкілікті емес. Ұйым мүшелері бағаны тұрақтандыру үшін әлемде тәулігіне мұнай өндіру көлемін 400 мың баррельге арттыру қажеттігін алға тартты. Қазіргі сұранысқа қарағанда осындай көлем барлығын қанағаттандыратын сыңайлы. Бірақ алдағы уақыттың қандай болатынын болжау қиын. Себебі пандемия көптеген елдерде қайта ушығуда. Бұл өз кезегінде сұраныстың төмендеуіне әкеп соғуда. Ал жағдай тұрақтанып, баға өсетін болса мұнайдың көлемін тағы арттыру қажеттігі туындайтыны даусыз.

Ресей Үкіметі басшысының орынбасары А.Новак мұнай көлемінің қазіргі деңгейі қысқа уақытқа ғана қатысты сұранысты қанағаттандырады дегенді мәлімдеді. Бәлкім, 2021 жылдың соңына қарай баға көтеріліп, 100 долларға жетуі әбден мүмкін. Әлемдік нарықтағы бүгінгі бағаның ышқынуына АҚШ әкімшілігі де наразы. Бірақ бағаның қымбаттауынан Америка кәсіпкерлері де ұтылып жатқан жоқ.

Ресей, Қазақстан, Әзербайжан сияқты мұнай өндіруші елдердің бюджеті қазір молыға түсуде. Алайда мұнай бағасының қымбаттауы екінші бір қайшылықты тудырады. Ол ең алдымен өнеркәсіп өндірушілердің өніміне кері ықпалын тигізеді. Жалпы, әлемдік нарықта бүгінгі қымбатшылықтың бір сырын осы шикізат өнімдеріне деген бағаның өсуімен байланыстыруға болады. Бағаның өсімі екінші жағынан ішкі жалпы өнімнің артуына ықпал жасайды. Оның теріс жағы – инфляцияның, яғни, қымбатшылықтың өршуіне әкеп соғады. Сондықтан мұнай бағасының күрт өсуіне оны өндірушілер, сондай-ақ, тұтынушылар да мүдделі емес. Бір қайшылық екіншісін тудырмас үшін көпшілігі шынайы бағаның қалыптасқанын қалайды.

Жолдасбек АҚСАҚАЛОВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<