Ресейде күйші Дина Нұрпейісованың 160 жылдығы аталып өтіледі

520

0

Ресейдің Астрахань облысындағы қандастарымыз ғана емес, өзге ұлттың өкілдері де қазақтың тарихы мен мәдениетіне, өнеріне қызығушылық танытады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өйткені аталған өңірдің Володар ауданында қазақтың күй өнеріне мол мұра қалдырған Құрманғазы Сағырбайұлы мәңгілік тыныстаған. Ал күй атасының шәкірті Дина Нұрпейісованың Астрахань облысында тұрғаны анықталып отыр.

Астрахань облысы губернаторының баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, Ресей жерін 15 жылға жуық мекендеген күй анасының туғанына 160 жылдық мерейтойы атап өтілмек. Арнайы іс-шаралар жоспарланып, Дина Нұрпейісованың өмірі мен өнері жайлы жаңа кітап жарық көретін болады.

«Құрманғазы күйшінің мұрасын насихаттаған бірегей шәкірті 1922-1937 жылдары Астрахань облысының бірнеше елді мекенінде тұрған. Оның ішінде қазіргі Володар ауданының Козлов ауылы да бар. Дина әжеміз 1934 жылы Марфин ауылында өткен көркемөнерпаздар байқауында бірінші жүлдені иеленген. Оны айғақтайтын құрмет грамотасы сақталған», дейді өлкетанушы Асылбек Ситалиев.

Оның айтуынша, Астрахань облыстық мемлекеттік архивінен Дина Нұрпейісованың отбасы мүшелерінің, тіпті сиыр мен қойдың тізімі көрсетілген құжат табылыпты. Бұл – Марфин ауданындағы Козлов ауылдық кеңесінің архивтік анықтамасы. Сондай-ақ астраханьдықтар шығарған «Естелік» кітабында ұлы Хажен мен немересі Қожахметтің 1941 жылы Екінші дүниежүзілік соғыста хабарсыз кеткені, ал жауынгерлік ордендер мен медальдарға ие болған үлкен ұлы Жұрынбайдың 1946 жылы өмірден өткені туралы жазылған.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<