Ардагерлерге арналған орталық

508

0

«Nur Otan» партиясы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал ететін бірқатар бағдарламаларды жемісті жүзеге асырып келеді. Солардың бірі – аға ­буынды жан-жақты қолдауға бағытталған «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы.


Бүгінде жергілікті жерлерде бұл бағдарламалар нақты іске асырылып жатыр. Бұған «Думан-Шиелі» ЖШС арнайы әлеуметтік көмек көрсету орталығының жұмысымен танысу барысында көз жеткіздік. Аудан үшін қажетті әлеуметтік нысанды мемлекеттік-жекешелік әріптестік негізінде жергілікті кәсіпкер Қанат Исмағұлов ашқан.


2018 жылдан бастап орта­лықта мыңнан астам зейнеткер медициналық-әлеуметтік және психологиялық көмекке қол жеткізген. Дәрігердің тағайындауы бойынша ардагерлер қажетті ем қабыл­дайды, соның ішінде бал­шық, массаж және басқа да медициналық процедуралар қамтылған. Орталықтың те­рапевт-дәрігері Ажар Қа­лым­­бетованың айтуынша, па­циенттер мұнда әлеуметтік қор­ғау органдарынан жолдама алады. Емдеу және оңалту курсы әдетте бір айға созылады. Ардагерлер үшін күніне үш мезгіл тамақ ұйымдастырылған, дәрігердің тағайындауы бойынша асханада диеталық тағамдар дайындалады.

«Думан-Шие­ліде» бос уақытты тиімді ұйымдастыру да назарда. Мысалы, халық ақыны Кенжебай Жүсіпов бастаған Алғабас ауылы мәдениет үйі артистерінің өнеріне куә болдық. Бұған дейін де мұнда Өркен Исмаил, Пернебай Мәмбет және Әл Фараби Бекарысұлы секілді өнерпаздар ән-жыр­дан шашу шашқан екен. Орталық директорының әлеу­­меттік мәселелер жө­ніндегі орынбасары Бақыт­жан Исламхановтың айт­уынша, бүгінде барлық мә­дени-көпшілік іс-шаралар санитарлық нормаларды сақ­тай отырып өткізілуде.


Орталықта 84 жастағы еңбек ардагері Тұтқабай Аңламасов үшінші жыл ем алып келеді. Ардагер орталықтың қызметі оңтайлы ұйымдастырылғанын алға тартып, барлық ардагерлер атынан алғысын да жеткізді. Спортқа жақын ақсақал үстел теннисінен өткен турнирде екінші орын иеленген. Осыған қарап, ардагерлерді жан-жақты демеп отырған орталықтың жұмысы жүйелі екенін байқауға болады. Оның үстіне нысан аудандағы жұмыссыздық деңгейінің тө­мендеуіне ықпал етіп отыр, мұнда 54 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылған.


Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ,


«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<