Ел мүддесі жолында мүмкіндіктің бәрі жасалады

577

0

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова аймақтың солтүстік аудандарында болып, бірқатар әлеуметтік және өндірістік орындармен танысты, тұрғындармен кездесіп, елдің тыныс-тіршілігін бағамдап, алда тұрған міндеттерді пысықтады. Аймақ басшысының бұл сапардағы басты мақсаты – шалғай орналасқан елді мекендердің жағдайын көзбен көріп, ауыл тұрғындарының тіршілігімен танысу. Ауыл ақсақалдарымен сөйлесіп, жұрт ішіндегі өзекті мәселелерге қатысты ойларын мұқият тыңдау.

Арал ауданынан басталған сапарда облыс басшысы алды­мен Сазды ауылында болып, ардагерлермен жүздесті. Ауыл маңызды әлеуметтік нысандармен толықтай қамтамасыз етілген. Халқының негізгі тіршілігі – мал шаруашылығы. Құрғақшылықта мал шығыны тіркелмегенімен, аудан жұртын айрықша алаң­датып отырған мәселе бұл ауыл­ды да айналып өтпеген. Ауыл ардагерлері шабындық үшін арнайы бөлінген аумақта жыл­дағыдай шөп жоғына алаң­даушылық білдірді. Сондай-ақ, кездесуде ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы талқы­ланып, тұрғындар жол мәселесін көтерді. Аймақ басшысы мәселенің әкімдік назарында екенін атап өтті. Елді мекенге кіреберіс 21 шақырым жолды орташа жөндеу бойынша жоба-сметалық құжаттама әзірленген. Тиісті ұсыныстар беріліп, қаржы көздері қарастырылуда.

Мұнан соң облыс әкімі Қарақұм ауылдық округінде болып, тұрғындар тілегін тың­дады. Ауылда су жағдайы жете мән беруді қажет етеді. Сон­дай-ақ, спорт кешені мен клуб қажет. Облыс әкімі әлеумет үшін маңызды жол мен су мәсе­лесін шешуге қажетті шаралар қабылданатынын, спорт кешені мен ауыл клубын салу жұмыс­тары кезең-кезеңімен іске асырылатынын атап өтті.

Сапар барысында облыс әкімі Қарақұм ауылдық округіндегі амбулаторияға барып, екпе жұмыстарының қарқынын көрді, тұрғындарды белсенділік та­нытуға шақырды.

– Індеттің беті әлі қайтпағанын білесіздер. Мутацияланған вирус айналаны шарпып барады. Жаһандық деңгейдегі мамандар үнді штамы таралғанын айтып, дабыл қақты. Бұл ретте сақтықты күшейтіп, қорғану үшін вакцина алып, өзіміздің және айна­ламыздың қауіпсіздігі үшін қадам жасауымыз қажет, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Одан кейін облыс әкімі аудандық маңызы бар «Самара-Шымкент-Жақсықылыш-Тоқа­бай-Абай» автомобиль жо­лын­­­дағы жүргізіліп жатқан ор­­та­ша жөндеу жұмыстарын тек­­серді. 2018-2019 жылдары ау­дандық маңызы бар авто­жол­дың 39,3 шақырымы жөн­деуден өткізілді. Биыл жолды толық аяқтауға, яғни 44,1 шақы­рымды жөндеуге облыстық бюд­жеттен 980,9 млн теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта мердігер «Арал құрылысы» ЖШС және «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС іске кіріскен.

– Жөндеу жұмысына 30-дан астам адам, 50-ден астам техника тартылған. Қазіргі таңда жұмыстың шамамен 70 проценті бітіп тұр. Жөндеу қыркүйек айында толығымен аяқталады. Одан кейін Ұлттық сапа орта­лығын тиісті сараптама жа­са­п, барлық параметрлер бо­­йынша талапқа сәйкестігі тек­­­се­рілетін болады. Жалпы ұзын­дығы 83,4 шақырым, – дейді аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шылығы, жолаушылар кө­лігі және автомобиль жолдары бөлі­мінің басшысы Жанқожа Құдайберген.

Облыс әкімі жөндеу жұ­мыс­тарын сапалы жүргізіп, мер­зімінде аяқтауды тапсырды. Әрі қарай Қамыстыбас ауыл­дық округіндегі «Қамбаш» де­м­алыс аймағына барды. Бұл жерде демалыс аймағындағы кәсіп­керлікті және туризмді дамыту, ауыл шаруашылығына қажетті су арналарын тазарту, каналдар жүйесін реттеу жұ­мыстары таныстырылды. Соны­мен бірге облыс әкімі кәсіп­керлермен кездесіп, пандемия кезіндегі қиындықтар мен алдағы уақытта даму жоспарларын тал­қылады. Өз кезегінде кәсіп­керлер бизнесті дамытуға ар­налған ресурстық орталық салу қажеттігін айтып, ұсыныс біл­дірді. Облыс әкімі ұсынысты ескере отырып, мәселелер жан-жақты қаралатынын жеткізді. Бұл ретте аудан әкімі Серік Сермағамбетовке кәсіпкерлік саласын дамытуды және су канал­дарын тазалау жұмыстарын уақытылы жүргізуді жүктеді. Ал, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшысының орынбасары Мұрат Тасқараевқа «Қамбаш» демалыс аймағында туризмді дамыту тетіктерін қарап, жұмысты күшейту қажеттігін қаперге салды.

Мұнан кейін Гүлшара Әбдіқалықова Аманөткел ауылдық округінде қуаңшылық жағдайына байланысты шөппен қамтамасыз ету жұмыстарының барысын көріп, ауыл ардагерлерімен кездесті. Қыс-көктем мезгілдерінде орын алған ауа райының қолайсыздығы салдарынан Арал ауданында биыл жылқы, ірі қара мен түйе малының өлім-жітімі орын алды. Жағдай бақылауда. Қазір ахуал тұрақталып келеді. Жалпы, бүгінге дейін ауданға барлығы 1767,6 тонна жоңышқа, 50 тонна жем әкелінген. Қосымша 406 тонна жоңышқа мен 60 тонна арпаға тапсырыс берілді. Қазіргі таңда иесіз деп танылып, меншікке алынған су ұңғымаларын құжаттандыру қажет. Бұл ретте бірінші кезекте «қызыл аймаққа» енгізілген 13 елді мекендегі 15 су ұңғымасын іске қосу, каналдарды тазалау, кеңейту мен тоспа салу керек. Бұл жұмыстарды шұғыл түрде атқару үшін ауданда төтенше жағдай енгізуге тиісті органдардың келісімі алынып, аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу жөніндегі комиссияның отырысы өткізілді. Қазіргі таңда төтенше жағдай жариялау туралы шешім ашық нормативтік құжаттар пор­талына орналастырылған. Аймақ басшысы мал шығыны болмас үшін алдын алу жұмыстарын жүргізіп, қажетті шөппен қам­тамасыз етуді қатаң тапсырды.

Сонымен қатар облыс әкімі «Бұрмақұлақ» учаскесіндегі «Аспай» суағытқысының жағ­дайы­мен танысты. Қазіргі таңда «Ақшатау-Қамыстыбас» көл­дер жүйесін суландыру үшін суағытқыны қайта іске қосып, Бұрмақұлақ арнасын бөгеу қажет. Жауапты мамандардан құрылған жұмысшы топтың зерделеу қорытындысымен нысанның ақау актісі жасалды. Жоба жүзеге асқан жағдайда «Ақшатау-Қамыстыбас» көлдер жүйесін толтыру және Аманөткел, Райым, Жетес би, Қамыстыбас, Жаңақұрылыс ауыл­дық округтеріндегі жайы­лымдық, шабындық жерлерін суландыруға мүмкіндік туады.

Жағдайды саралаған облыс басшысы орынбасары Бақыт Жахановқа әртараптандыру ба­ғы­тында ауыл шаруашылығы да­қыл­­дарын егу жұмыстарын то­лық­қанды аяқтап, күтіп-баптау кезеңін қолға алуды тапсырды. Аудан әкімі Серік Сермағамбетов пен облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды рет­теу басқармасының басшысы Бауыржан Шаменовке шабындық жерлерді суару жұмысын ба­қылауда ұстау қажетін еске салды.

Аймақ басшысының Арал ауданына сапары Аққұлақ елді мекенінде ауыз су желісін іске қосу рәсімімен қорытындыланды. Ауыл ішінде 4785 метр магистральді су желісі тартылған. Сонымен бірге, ескі су айдау стансасының ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, әр үйге суесептегіш қондырғылары орнатылған.

Облыс әкімі ауыз су игілігіне кенелген ауыл жұртын Астана күні қарсаңындағы қуанышымен құттықтады. Сөз тізгінін жалғаған ауыл ақсақалы Кенжебай Орынбасаров атқарылған жұмыс­тарға алғысын білдірді.

Қазалы ауданында облыс әкімі бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысын көріп, тұрғындармен кездесті. Ең әуелі аудандық Ардагерлер үйінің қызметін бағамдап, еңбек ардагерлерімен пікірлесті. Айта кету керек, аудандағы Ардагерлер үйі 2015 жылы демеушілер есебінен пайда­лануға берілген. Ғимаратта трена­жер, асхана, демалыс, дәрігер, ем қабылдау бөлмелері бар.

Су тапшылығының алдын алу, ауыл шаруашылығы саласы, денсаулық сақтау мәселелері айтылған басқосуда ақсақалдар аудан үшін өзекті «Қарлан» көпірі құрылысын аяқтауға ықпал етуді сұрады. Өз кезегінде аймақ басшысы көпір құрылысын аяқтау күн тәртібінде тұрғанын, оны жүзеге асыру кейінге шегерілген жобалар негізінде қаралатынын атап өтті. Кездесуде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов бата беріп, аймақ басшысының жұмысына сәттілік тіледі.

Мұнан кейін облыс әкімі аудан орталығында орналасқан Б.Мергенбаев атындағы №226 мектеп-гимназиясында қосымша спорт зал құрылысын көріп, нысанды жаңа оқу жылына дейін аяқтауды міндеттеді. Мұнымен қоса, Әйтеке би кенті – Қазалы қаласы аралығындағы «Рәміздер аллеясы» жанынан бой көтермек «Жалаңтөс батыр» ескерткіші орналасатын орынды көрді.

Сондай-ақ Құмжиек ауыл­дық округінде болып, Пірімов ауылындағы орталық саябақта тұрғындармен кездесіп, мәсе­лелерін тыңдады. Жүздесуде ақса­қалдар ауылдың спорт кеше­нінің құрылысын бастау, жаңа балабақша салу қажеттігін атап өтті. Тұрғындар тілегін тың­даған облыс әкімі әлеуметтік ны­сандарды салу «Nur Otan» пар­тиясының сайлауалды бағдар­ла­масында көзделгенін, құрылыс кезең-кезеңімен аяқталатынын жеткізді.

Қарашеңгел елді мекеніндегі «Жалаңтөс батыр» ЖШС-ның егіс көлемі – 1255 гектар. Егіс алқабында стенд арқылы ау­данның ауыл шаруашылығы да­­қыл­­­дарының орналасу көр­сет­кіші мен алдағы жоспары таныс­тырылды. Гүлшара Әбдіқалықова облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев пен аудан әкімі Мұхтар Оразбаевқа су тапшылығына байланысты ауыл­шаруашылық дақылдарын әр­тараптандыруды және егін ал­қаптарын суару кестесін ұдайы бақылауға алуды жүктеді. Екі ау­данға жұмыс сапарын қоры­тын­дылап, мәселелерді жан-жақты та­ра­зылауды аудан басшылары мен сала жетек­шілеріне міндет­теді.

– Арал, Қазалы аудандарын­дағы бірнеше ауылдарға барып, елдің ішіндегі өзекті болып тұрған құрғақшылықтан туындаған мал азығының жетімсіздігі, малдың қырылуы, су арналарын тазарту мәселелерін саралап, тиісті шешімдер қабылдадық. Қазір жағдай түзеліп, мал азығынан тап­­шылық көріп отырған аудан­дарға көрші аудандардан жем-шөп, жоңышқа жеткізілуде. Арал ауданына төтенше жағдай жариялау процедуралары аяқ­талуға жақын. Жағдайдан шы­ғу­дың механизмін сызып, қыс­­қы маусымға мал азығын ал­дын ала жинап алу жұмысын үйлес­тірудеміз. Егін мәселесі де тыс­қары қалмайды. Сала ма­ман­дарымен бірлесіп күн сайын жағдайды бақылап отырмыз. Суды үнемдеп пайдалануды және шаруа қожалықтарына су бөлінісін кес­теге сай бөлу жұмыстары жолға қо­йылды. Барлығы да өзімнің бақы­лауымда, – деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Жұмыс сапарының екінші күні облыс әкімі Қармақшы ау­да­нында болды. Алдымен Жосалы кентінің «Тәуелсіздік» ықшам ауданындағы көпбалалы отбасыларға арналған тұрғын үйлер құрылысымен танысты. Мұнда салынбақ 10 тұрғын үйдің алғашқысы бой көтеріп үлгерген.

Аудан әкімі Мұса Қалдарбеков ауданда жоспарланған құрылыс жұмыстарын таныстырды. Биыл мұнда бірқатар маңызды нысандар құрылысына 4,3 млрд теңге қаржы бөлінген. Атап айтқанда, Байқоңыр қаласында 50 пәтерлі 5 тұрғын үй құрылысы, Байқоңыр қаласын сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін реконструкциялау, Жосалы кентіндегі дене шынықтыру-сауықтыру кешені, кенттегі Т.Рысқұлов көшесі тұйығын абаттандыру, аудан орталығында «Рәміздер алаңын» орнату жоспарланған.

– «Ауыл – ел бесігі» бағ­дарламасы елді мекендерге тəн өзекті мəселелерді шешуге түрткі болып отыр. Ауданда бағдарлама аясында ауқымды жұмыс атқарылуда. Атап айтқанда, Төретамда 20, Жосалы кентінде 6, Ақайда 6, ІІІ Интернационал ауылында 3 көше жөнделеді, – деді М. Қалдарбеков.

Облыс әкімі құрылыс жұмыс­тарының уақытында басталуын, сапалы жүргізілуін қадағалауды тапсырды.

Жосалы жұрты үшін тағы бір қуанышты жаңалық – ауданға «көгілдір отын» келді. Бұл көпшіліктің қашаннан бергі арманы десек те болады. Аймақ басшысы газ құрылысы мен кварталішілік газ құбырын іске қосу рәсіміне қатысып, кент тұрғындарын құттықтады.

– Тәуелсіздік жылдары өңірде жасалған маңызды жұмыстың бірі – газдың келуі болса, екіншісі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік автожолы. Бұл экономикалық дамуымызға да, халықтың әл-ауқаты көтерілуіне де септігін тигізуде. «Бейнеу – Бозой – Шым­кент» магистральді газ құбыры Сыр еліне зор мүмкіндік берді. Облыс аумағынан өтетін 846 шақырымдық газ құбыры Қызылорда облысын газдандыруға жол ашты. Кешенді газдандыру жобасының бірінші кезеңі бойынша 4 аудан орталығы – Арал қаласы, Әйтеке би, Шиелі және Жаңақорған кенттері, сондай-ақ Байқоңыр қаласы газдандырылған болатын. Қазіргі таңда осы өңірдегі тұр­ғындар «көгілдір отынның» игілігін көріп отыр. Кейінгі кездері газ тартылмаған үш аудан болатын. Соның бірі Тереңөзек кенті қыста газға қосылып, 11 мың адам «көгілдір отынға» қол жет­кізді. Енді қалып тұрған екі аудан орталығы – Жосалы мен Жа­ла­ғашта да жұмыс аяқталып, осындай қуанышты сәттің куәсі болып отырмыз, – деді облыс басшысы.

Ауданға тартылған газ құбырының жалпы ұзындығы – 161,3 шақырым. Облыс әкімі былтыр Арал ауданындағы Жақсықылыш кенті, Қазалыдағы Ғ.Мұратбаев ауылы, Шиелідегі Байсын ауылына газ беріле бас­тағанын, бұл жұмыстар Қармақшы ауданында да қарқынды жүріп жатқанын атап өтті. Рәсімнен соң аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулет сөз сөйлеп, алғыс білдірді.

Мұнан соң Г.Әбдіқалықова кентте алғашқылардың бірі болып «көгілдір отынға» қосылған Тоғанас батыр көшесінің тұрғыны Асқар Жылқыбаевтың отбасын құттықтады.

– Газ беріле бастағанына қуа­ныштымыз. Жыл сайын күз келгеннен бастап отын-көмірді қамдаймыз. Қыс бойы үзбей от жағып, қайта-қайта күл алу қиындық тудырушы еді. Енді «көгілдір отын» қосылды. Бұл – жалғыз менің ғана емес, Жосалы кенті тұрғындарының қуанышы, – деді А.Жылқыбаев ризашылық білдіріп.

Облыс әкімі аудан орталығына жақын орналасқан ауылдардың бірі Иіркөл ауылдық округіне барып, ардагерлермен кездесті. Ауыл тұрғындары аяқсу мәселесін көтерді. Ауылға келетін жарма суы бұрылып кеткен. Жұртшылық шлюз орнатылып, су беру жүйеге келтірілсе деген өтініш айтты. Нақты шара қабылданатын болады.

Қармақшы – егінге қажет судың тапшылығы байқалып отыр­ған аудандардың бірі. Ау­данға былтыр 320 млн текше метр су алынған. Ал, биыл 309 млн текше метр су алу жоспарланып, әзірге оның 282 млн текше метрі келіп үлгерді. Өңір басшысы Ақжар ауылдық округіндегі «Ақжар» шаруа қожалығының егін алқабында болды. Мұнда биыл 682 гектар жерге егін егіл­ген. Дегенмен, су тапшылығы болмағанда жұмыс пен техника күші 1 мың гектарға егін салуға жетеді. Қожалық басшысы Нұрлан Қомшабаев шаруалардың су тап­шылығына алаңдаулы екенін жеткізді.

Мұнан соң облыс әкімі Жалағаш ауданы орталығындағы газ құбырын іске қосу рәсіміне қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасты. Ерекше күнде ауыл ақсақалы Оспан Жанұзақов игі істердің жалғасын тауып, ел несібесінің мол болуын тілеп, көпшілікке ақ батасын берді.

Облыс әкімі мұнан соң жаңадан салынған жабық бассейн кешенін ашты. Жаңа үлгідегі бассейн халық игілігіне қызмет етіп, салауатты өмір салтын ұстануға септігін тигізеді деп сенім білдірген аймақ басшысы бұл нысан Астана күніне тарту болып отырғанын тілге тиек етті.

Жеке кәсіпкер Қайыржан Құл­текеновтің өз қаражаты есебінен салынған басейннің жоба құны – 350,3 млн теңге. Шара барысында ардагер Раушанбек Смағұлов аудан тұрғындары атынан алғыс айтып, батасын берді.

Іссапар кезінде облыс әкімі «Рә­міздер алаңының» құрылыс жұ­­­мыстарын көріп, «Бизнеске ар­нал­ған Үкімет» кәсіпкерлер үйі жұмысымен танысты. Ал­дағы ауыл әкімдерінің сайлау нау­­­­­­қа­нына дайындық барысын саралады.

Аймақ басшысының жұ­мыс сапары Аққыр ауылдық окру­­гінде жалғасты. Мұнда ауыл тұр­ғындарымен кездесіп, дәрі­герлік емхананың жұмысын, екпе жұ­мыстарының қарқынын бағдарлады.

Жалағаш өңірінде облыс басшысы Мырзабай ахун ауылдық округіндегі алма бағына аялдады. Биыл 12 гектарға 8 мың түп алма егілген. Жеке кәсіпкер Ерұлан Өмірсеріков алғашқы өнім 2023 жылы беріледі деген ниетте. Облыс әкімі алма бағының иесіне сәттілік тілеп, жеміс-жидек өнімін өндіру арқылы жергілікті нарықты толықтыру қажеттігін атап өтті.

Жұмыс сапары соңында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова ау­дан әкімі Асылбек Шаменовке су тапшылығына байланысты және вакцинация жұмыстарын ба­рын­ша тиімді ұйымдастыру шараларын үнемі бақылауда ұстап отыруды жүктеді.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<