АЭС салып, алпауыт елдер қатарына қосыла аламыз ба?

729

0

«2030 жылға қарай Қазақстанда электр энергияcының тапшылығы болады. Ал әлемдік тәжірибеге сәйкес, тиімді шешім бар. Ол – бейбіт атом. Иә, оңай шаруа емес. Сондықтан осы мәселені ұтымды шеше білуіміз керек, сан алуан болжам мен эмоцияға жол бермейік».

Мемлекет басшысының Жолдауынан

Электр энергиясының адам өміріндегі маңызы туралы айтып жатудың өзі артық. Ол, біздің өміріміздің ажырамас бөлігіне айналып кетті. 

Электр тоғының пайда болуымен адам өмірі түбегейлі өзгергені белгілі. Өркениет қарқынды дамуға, ғылым мен техника жаңа биіктерге жетті. Адам өмірінің барлық саласында қолданысқа ие. Өнеркәсіптік кәсіпорындар, мемлекеттік құрылымдар, ғылыми-зерттеу орталықтары, денсаулық сақтау және білім беру мекемелері тұрақты және үздіксіз энергиямен қамтамасыз етілуде.

Ал енді осы байлықты өндіру оңай жұмыс емес. Өзіне қажетті электр энергиясын алу үшін кез келген мемлекет ауқымды жұмыстар атқаруы тиіс.

Қазақстандағы ахуал қандай?

Біздің елімізде өндірілетін электр энергиясының 70%-тен астамы көмір электр станцияларының үлесіне келеді. Кеңес одағы кезінде салынған  Екібастұздағы ГРЭС-1, ГРЭС-2 және Ақсу ГРЭС-і секілді алып энергокешендер көмірмен жұмыс істейді. Газ және мазутпен салыстырғанда көмір арзан болғандықтан, онан өндірілетін энергия құны да арзанға түседі. Мысалы, біздің электрэнергия Ресейдікімен салыстырғанда 30%-ке арзан.

Дегенмен, көмір электрстанцияларына қатысты проблема да аз емес бүгінгі таңда. Әлемдік электр өндірудің үштен екісін көмірсутегі құрайды. Оларды пайдаланғаннан атмосфераны ластайтын заттар шығарылады. Ауаны ластаумен қатар көмір, қалдықтары да – өзіндік проблема. 

Халықаралық тәжірибеде атмосфераға залалды заттардың шығарылуын қысқарту үшін тиімділігі жоғары механизмдер қолданылуда. Дүниежүзілік банктен бастап көптеген ірі қаржы орталықтары көмірмен жұмыс істейтін станцияларды қаржыландыруды тоқтатуда. Одан бөлек, салық пен айыппұлдар көлемі артқан.

ГРЭС-1 – Қазақстан энергетикасының негізі деп айтуға болады. Ол еліміз бойынша тұтынып отырған электр қуатының 20%-ін өндіріп отыр. Мәскеу Олимпиадасы кезінде салынған бұл нысандағы 8 агрегаттың біреуі 2018 жылы істен шығып, тоқтатуға тура келді. Қалғандарының да ауыстыратын уақыты жақындаған. Ал 1990-жылдары салынған ГРЭС-2 станциясындағы екі агрегат қана жұмыс істеп тұр, үшіншісін әлі күнге дейін іске қоса алмай келеді. Бұл нысанның ерекшелігі – мұржасы. Оның биіктігі жарты шақырымға жуық (420 м) трубасы әлемдегі ең биік мұржа ретінде Гиннестер кітабына енген.

Электр қуаты тауар ретінде қыста да, жазда да, күндіз де, түнде де бір бағамен есептеледі. Алайда, оны өндіру мен тасымалдау құны біркелкі емес. Таңертең жұрт ұйқысынан оянып және кешке жұмыстан келген уақытта электр шәйнектен бастап теледидарды, кіржуғыш машинаны қосқан кезде электр қуатына деген сұраныс 2-3 есе артып шыға келеді. Біздің тасымалдаушы компания «КЕGOK» өз міндетін жаман атқарып жатқан жоқ. Бірақ таңертеңгі және кешкілік қарбалас сәттерде электр қуатын жеткізуде қиындыққа тап болады. Сондай сәттерде дефицитті жабу үшін Ресейден электр қуатын тасымалдауға тура келеді көп жағдайда. Өйткені бізде резерв жоқ. Энергетика министрлігінің берген мәліметі бойынша елімізде электр қуатын өндіріп тұрған барлық үлкенді-кішілі станциялардың саны – 204. Олар шамамен 19 мың МВт электр қуатын өндіруде. Әзірге бұл көлем жеткілікті. Бірақ елімізде электр қуатын тұтыну көлемі жыл өткен сайын 2%-ке артуда. Ал сарапшылар 2021-2027 жылдар аралығында электр энергиясын тұтыну көлемі орташа есеппен 2,4%-ке өседі деп болжап отыр. Жақын болашақта электр энергиясы жетіспеушілігі пайда бола бастайтынын айтады.

Кейінгі жылдары елімізде жел және күн электр станциялары қосылуда. Бес жылдағы 5 мың МВт солардың есебінен. Бірақ оларды базалық  энергия көзі есебінде қолдануға келмейді. Олар тек тәуліктің кейбір сәттерінде жетіспейтін орындарын толтыра алады. Жоғарыда келтірген көмір станциялары тозып келеді. Күн мен жел станцияларын базалық энергия көздері ретінде пайдалана алмайсың. Демек, алдағы жылдары Қазақстанда энергия тапшылығы пайда болады. Бұл проблемадан шығар жол бар ма? «Бар» дейді сарапшылар мен ғалымдар. Ол – атом электр станциясы.

АЭС туралы не білеміз?

Қазіргі заманда атом энергетикасы өте маңызды роль атқарады. Олар дүниежүзі бойынша барлық өндіріліп жатқан электр энергиясының 16% үлесіне ие. Франция, Белгия, Швеция, Жапония, Оңтүстік Корея, Финляндия секілді өздерінің органикалық отыны жоқ елдерде атом станциялары электр энергиясын өндіруші негізгі көзге айналып, энергетикалық тұрақтылық пен табысты экономикалық дамуды қамтамасыз етіп отыр. 

Сарапшылар көмірдің жаһандық қоры 270 жылға дейін, мұнай 50 жылға дейін, газ 70 жылға дейін жететінін айтады. АЭС-ке пайдаланылатын уран қоры 5718400 тоннаны құрайды. Ол 2500 жылға дейін жетеді. Әлемдегі уран қоры ең көп ел – Аустралия. Одан кейінгі орындарда Қазақстан, Ресей және Канада тұрақтаған.

Әлемнің 32 мемлекетінің аумағында 193 атом электр станциясы орналасқан. Барлық станция 450 энергоблоктан тұрады, тағы 60 энергоблок салынуда. Сондай-ақ, 174-і жұмысын тоқтатқан. Барлық атом электр станцияларының жалпы қуаттылығы 392,082 МВт құрайды. Әлемдегі атом электр станциялары негізінен Америка Құрама Штаттарында орналасқан. Бұл елде атом энергиясының үлесі бүкіл энергетикалық жүйенің 20%-ін құрайды. АҚШ-тағы 62 АЭС-тің жалпы сыйымдылығы 100 400 МВт құрайды.

АЭС бойынша Еуропадағы көшбасшы – Франция. Бұл елдің атом энергетикасы – ұлттық басымдығы және электр энергиясын өндіру үлесінің 77%-ін құрайды. Францияда жалпы қуаттылығы 63 130 МВт болатын 19 АЭС орналасқан. Мұндағылардың ең қуатты реакторлары бар.

Ядролық энергетика ең дамыған елдердің рейтингіндегі үшінші орынды Жапония иеленеді. Онда әлемдегі ең қуатты АЭС бар, бүгінде «Касивадзаки-Карива» атом электр станциясы әлемдегі ең қуатты атом электр станциясы болып саналады.

Артықшылықтары мен кемшіліктері

Ядролық реакторда бір жыл пайдаланылған уран алмастырылып отырады. Отын бірнеше жыл бойы суытылып, ерітіп қайта өңдеуге жіберіледі. Химиялық экстрация нәтижесінде уран мен плутоний бөлініп шығады. Олар қайтадан отын өндіру үшін пайдаланылады. Осы үдерістерден кейін бөлінген қалдықтардан еріген шыны дайындалады. Шыныдан қоршаған ортаға зиян келтіретін радиоактивті элементтерді бөліп алу мүмкін емес. Сондықтан, оларды арнайы жер астындағы терең қоймаларда сақтайды.

Мамандардың АЭС-тің артықшылығы туралы айтқандарын келтіріп өтелік.

Электр энергиясын өндіру арзан. Газбен жұмыс істейтін электр станциясы да, көмірмен жұмыс істейтін электр станция да зиянды түтін шығарады. 1000 МВт қуатқа ие ЖЭС жылына 8 миллион тонна оттегі жұтады. Ал АЭС оттегіні қажет етпейді. Жоғарыдағыдай зиянды түтін шығармайды. Жылу-электр орталықтарын құру үшін ірі көмір не газ кен орындары керек. Оларға көмір мен газ жеткізу көп қаражатты қажет етеді. Ал АЭС-ке қажетті уран бір жүк машинасымен ғана әкелінеді. Қолданылатын отынды қайта өңдеп, одан тағы да пайдалануға болады.

Әрбір заттың артықшылығымен қоса кемшілігі де болады. Мамандар атом станцияларына қатысты келтірген кемшіліктерді де атап өту керек.

 Сәулеленген отын, оны қайта өңдеу мен сақтау да қауіпті. Өте көп шығын кетеді. АЭС салу үшін өте көп қаржы, өте көп су керек болады.  Атом станциясында ураннан үлкен көлемде қалдықтар қалады. Оны сақтау үшін жер астында инфрақұрылым болуы қажет. АЭС-те апатты жағдай өте аз кездеседі. Бірақ апат бола қалған жағдайда, оның алдын алу мен радиацияны жою мүмкін емес.

АЭС апаттары

АЭС апаттары 7 деңгеймен белгіленген INES шкаласымен өлшенеді. 4 және одан жоғары болған апат сәулелену қаупін тудырады.  АЭС-тегі алғашқы апат 1979 жылы 28 наурызда АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы Три-Майл-Айленд станциясында болған. Оған реактордағы суыту тізіміндегі нұқсандар мен сол жердегі мамандардың қателіктері себеп. Нәтижесінде ядролық отын еріген. Апат салдарын жою үшін 1 миллиард доллар мен 14 жыл кеткен. Тарихта 2 апат қана 7-деңгейге жеткен. Олар – Чернобыль мен Фукусимадағы АЭС апаттары.

Украинадағы Чернобыль атом электр станциясында 1986 жылы сәуір айында АЭС-тің 4-энергоблогында апат болды. Украинаның елеулі аумағы мен Ресейдің Брянск және Калуга облыстарының аумағы радиоактивтік ластануға ұшырап, адам өміріне қауіп төнді. АЭС-тен радиусы 30 шақырым жерде тұратын халық басқа жерлерге көшірілді. 1986 жылдың қараша айына дейін апатқа ұшыраған блок залалсыздандырылды. Апатты залалсыздандыруға Қазақстан азаматтары да тартылды. Радиоактивті түтін аймақтан асып, 10-нан аса мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады. Кем дегенде 5 миллион халық зардап шекті. Оның зардабы қаншалықты ұзаққа баратыны әлі белгісіз қалып отыр. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы апаттан төрт мыңдай адам қаза тапты деп хабарлады. Бірақ, ядролық энергия нысандарына қарсылық танытушылар 100 мың адам құрбан болды деп мәлімдеген еді.

Фукусимадағы апатқа да табиғи жағдайлар себеп. Станция жер сілкіну мен цунамиден айтарлықтай қорғалған-тұғын. Бірақ екеуі бір уақытта болады деп ешкім ойламады. Салдарынан станциялардың бірінде реактордың суыту тізімі істен шығып, қызып кеткен реактор жарылды. Бұл бірден радиоактивті материалдың сыртқа шығуына әкеліп соқтырды. Жергілікті тұрғындарға келген шығындарды бір ай есептеген Жапония үкіметі адам тұрмайтын 20 шақырымдық аумақ құратынын мәлімдеді. Тұрғындарды эвакуациялап, басқа жаққа көшірді. Үкімет барлық алты реакторды сөндіру туралы шешім қабылдады, келесі жылы олар толықтай жабылды. Қазіргі кезде бұл аумақ қатты уланған, радиация әлі де шығып жатыр.

Бірақ қазіргі АЭС-тер компьютерленген, яғни, кішкентай бір нұқсан табылса, реактор автоматты түрде өшіріледі.

Қазақстанға қажет пе?

Біздің елімізде атом электрстанциясын салу туралы пікірлер айтылғалы біраз жылдың жүзі болды. АЭС салуға қатысты ең бірінші айтылатын аргумент – уранның мол қоры. Қанат Бозымбаевтың айтуы бойынша елімізде оның дәлелденген қоры 800 мың тоннадан асады, ал жалпы ресурсы – 1,4 миллион тонна. Бұл бүкіл әлемдегі уранның шамамен 12%-ін құрайды. Ал уран арзан жолмен электр энергиясын өндірудің таптырмас көзі екені бәрімізге аян. Елімізде жылына 22 мың тоннадай уран өндіріледі. «Соны тиімді пайдаланып, неге елімізде АЭС салмасқа?» деген сауал туындайды. Өзі өндіріп жатқан отынды өз игілігіне пайдалану қажеттігі соңғы жылдары көбірек айтылып жүр.

Осы орайда еліміздегі уран өндірісіне Қызылорда облысы да өзіндік үлес қосып келе жатқанын айта кету керек. Шиелі және Жаңақорған ауданы аумағында жұмыс жүргізіп жатқан «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-ның бірнеше құрылымдары уран өндіріп, ел бюджетін арттыруда. Олар тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, жергілікті халыққа әлеуметтік және демеушілік көмек көрсетіп келеді.

Екіншіден, АЭС елдің имиджін көтеретіні жайлы пікір басым. Өзінің уранын өндіріп, ядролық отын шығаруды жолға қойған мемлекет атом электр станциясын пайдаланатын болса, ол газ немесе көмір электр станцияларын пайдаланып отырған елдермен салыстырғанда дамыған мемлекет болып саналады. Оның үстіне Қазақстанда уран таблеткалары мен жылу бөлуші элементтер өндірісі жолға қойылған. Сол себепті өзін ядролық отынмен толық қамтамасыз ете алады. Иә, өз байлығын өзіне пайдалану – аса түсіндіруді қажет етпейтін логикалық шешім.

«Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясының бұрынғы басшысы Асқар Жұмағалиевтің «Атом энергетикасы – зиянды қалдықтарының жоқтығынан адамзатқа климаттың өзгеруі проблемасын шешуге көмектесетін болашақтың сенімді, экологиялық таза энергиясы. Сарапшылардың болжамынша, электр энергиясына сұраныс келешекте көп жағдайда ядролық энергетика есебінен қанағаттандырылатын болады» деген сөзін де еске түсіруге  болады.

 Президент пікірі

Владивостокта өткен Шығыс экономика форумының пленарлық отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Қазақстан халқына Жолдауымда елде атом энергетикасын құру мүмкіндігін жан-жақты зерттеуді тапсырдым. Елдің, халық пен бизнестің қажеттілігін де ескеру маңызды. Бұл мәселені егжей-тегжейлі қарастыратын уақыт келді деп есептеймін. Себебі Қазақстанға атом станциясы қажет» деді.

1 қыркүйектегі Жолдауында Үкіметке бір жылдың ішінде қауіпсіз атом энергетикасын дамытуды зерделеуді тапсырған.

Алайда Қазақстан халқының басым бөлігі елімізде атом станциясын салу мәселесіне қорқынышпен қарайтыны жасырын емес. Өйткені халық әлі Чернобыльді ұмыта қойған жоқ. «Қару-жарақ қоймаларына ие бола алмай отырып, жоғары технологиялық станция жұмысын жүргізе аламыз ба?» деген қауіп білдіреді.

Саясат пен экономика қатар жүретіні белгілі. «АЭС-ті кім салса, соған тәуелді боламыз. Станцияға мамандар даярлау, оған техникалық қызмет көрсету, жөндеу жұмыстарында АЭС салып берген елге тәуелді болып қалу қаупі бар» дегенді айтады  сарапшылар. Осы ретте территориясы шағын Словакия, Венгрия, Болгария, Чехия, Тайвань, Словения, Армения секілді мемлекеттерде атом станциялары жұмыс істеп тұрғанын ескерсек, бізде неге болмасқа деген сауал туындайтыны белгілі.

Сонымен АЭС салуды жақтайтындар да, оған қарсылық білдірушілер де жеткілікті. Иә, алдымызда осы бір күрделі мәселе бойынша бір қорытындыға келу және тиімді шешімдер қабылдау міндеті тұр.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<