Cейітпенбет әулиенің шарапаты

598

0

Қармақшы ауданы Т.Көмекбаев атындағы бірлестіктің солтүстік батысында жал-жал құмдардан еңсесі биік тау дейтін тау да емес, үлкен қоңыр төбе бар. Ол төбені ел «Қарақтың тауы» деп атайды. Сол тауды өзі әулие, сөзіне дуа дарыған Келте тонды Келмембет батырдың ұрпағы Жәрімбет өз әулетімен жазда жайлап отырады екен.

Жәрімбет ер Сейітпенбет әулиемен қатар құрбы, дос болған. Жәрімбеттің ауылына дидарласу үшін Сейітпенбет жігіттерімен келеді. Екі бастас ел ағасы, ел ағасы «Қарақ» тауының басына шығып, алыс-алыс жерлерді көзбен шолып, көне тарихты көңілімен ойға оралта отырыпты.

Сонда Жәрімбет Сейітпенбетке:

– Мен қай жерде өліп, сүйегім қайда қойылады? – деп сұрақ қойыпты.

Сонда Сейітпенбет:

– Сен осы өзің отырған төбенің басында қаласың. Бірақ сенің атың шықпайды. «Қарақ» атын бермейді, – депті.

– Ал өзің қайда қаласың? – деп сұрайды Жәрімбет:

– Осы төбемен дарияның аралығында шөл бар, мен сол шөлде қаламын. Халқым қадірлеп, басыма келіп түнеп тұрар, – деген екен Ер Сейітпенбет.

Кейін Сейітпенбет әулиенің айтқаны келіп Жәрімбет әулие Қарақ тауының басында, Сейітпенбет өзі айтқандай дариямен екі аралықтағы шөлде қалыпты.

Не деген дуалы ауыз данышпандар десеңізші?! Міне, осыған орай халқымыздың өлең-жырын, ескі әңгімені көп білетін қазір «Қуаңдария» совхозында тұратын Әлибай ақсақалдың өз көзімен көрген бір әңгімесін тыңдадым.

1964-65 жылдары «Қуаңдария» совхозында машина жүргіземін, – деп бастады ол әңгімесін.

– Машинаның жаңа келген кезі, тақыммен қамшылайтын жүйрік ат сияқты. Қасыма жәрдемшілікке Жеткербай деген жігітті алып, дария бойындағы шопандар ауылына совхоздың шаруасымен аттанып кеттік.

Дариядан 10-15 шақырым бері «Күкірттің жалы» дейтін жал бар тұғын. Күн сәскеге іліккенде жалдың қарасын көрдік.

Сөйтіп келе жатырғанда жалдың етегіндегі кең жазық тақырдың сол жағында үш қарақұйрық көрініп, олар тақырдың батысындағы жазыққа қарай бет түзеді. Қасымдағы Жеткербай киікті көргеннен кейін арқасы қозып кетті-ау деймін, мылтығына оқ салып:

– Әлеке құдайдың өзі айдап әкеліп берген несібесін далаға жібермейік. Тақырда қайырмалап атып алып қанжығамызға байлайық, – деп болатын емес.

Киіктер де тап бізге бұйыртқандай құмды жалға қарай қашпай, тақырды бетке алып ұзақ жазыққа тура салды. Олар мылтық оғы жетпейтін қашықтықта жортақтап, көздің жауын алып, қашты да отырды. Әне жетеміз, міне жетеміз деп келе жатырып батысымызда 25-30 шақырым бетбұрыс қалған Сейітпенбет әулиенің басына дейін тартып келген киіктер бір кезде қорымға кіріп жоқ болды.

Салы суға кеткен балықшыдай бір сәт аңтарылып тұрғанымызда әулиенің үйтамынан қоржынын арқалап Дүрман қожа шығып келе жатыр. Ол аудан ғана емес бүкіл облыс білетін белгілі үйі жоқ өз бетінше жүре беретін бейкүнә кісі болатын.

– Дүреке-ау мұнда неғып жүрсіз, жаңағы қорымға кірген қарақұйрықты көрдіңіз бе? Біз соны қуып келіп едік, – деп үлкен кісіге елпектеп жатырмыз.

Біздің сасқанымыздан сәлем бере алмай қалғанымызды жарықтық Дүрекең байқаған екен.

– Шырақтарым, қорықпаңдар. Бабам түнде түсімде: «Көлік ертең келеді, сонымен қайтарсың. Сен жаяу дарияға жете алмайсың» деп аян Берген болатын. Мен соны күтіп атамның басында жатыр едім. Кеше мың болғыр бір шопыр бала әкеліп тастап еді. Жаңағы сендердің киік деп қуып келгендерің менің атам! Әруағыңнан айналайын Сейітпенбет әулиенің рухы ғой, – деп Дүрекең біздерді отырғызып, әулиеге құран оқып қол жайғызды.

Дүрман қожаны кабинаға отырғызып, «дария бойындағы «Тарсуат» қайдасың?» деп, аттың басын шопандар ауылына қайта бұрдық. Кабинадағы үш адам ойдың үш тараулы жолымен келе жаттық. Мен өз ойыма өзім сенгім келмейді. Бірақ сенбейін десем, киікті қуғаным, жете алмай қалып үй тамнан осы ақсақалға кездескенім рас.

Егер бұл әңгімені біреу айтса нанбаған болар едім. Енді сенбеске амалым жоқ. Кейін де ұзақ сапарларға шығып жүрдім. Кетіп бара жатқанымда киіктерді көремін. Бұрынғыдай делебем қозбай, қайта  «тыныштықтарыңды бұзбаңдар, кең даланың киелі егелері» деп қуанышпен қол бұлғап, өз жайыма жүре беретін болдым, – деп Әлекең әңгімесін аяқтады.

Иә, Ер Сейітпенбет әулие емші, ақын, әрі дана адам болған.

Кеңшілік ҚИЯСҰЛЫ,

Қармақшы ауданы

«Қармақшы таңы» газеті, 10.04.1992жыл.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз