«Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады»

627

0

«Елбасы ел тұтқасын қолға алған сәттен бастап, әлем тарихында жарқын із қалдыратын қыруар іс атқарды». Бұл пікірге мен толық келісемін. Аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова елдің бас басылымы «Егемен Қазақстанға» берген «Елбасы және Сыр елі» мақаласында да Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетіміздің қалыптасуы жолындағы ілкімді істерін, әсіресе, Сыр елінің көркеюіне қосқан үлесін сабақтап жазған.

Әсерлі мақалада Елбасының стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегендігі келтірілген. Бұдан бөлек, «Алаштың анасы» деп атаған Сыр елі әлемдік проблемасымен жеке-дара қалғандай кезең туғанда қажетті шараларды қолға алуы, 1992 жылы 30 маусымда «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заңның күшіне енуі ауқымды істердің қолға алынғанын көрсетеді. Ел ертеңіне сенген Елбасы Аралды сақтап қалу мақсатында ғасыр жобасы атанған – «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы жөнінде тарихи шешім қабылдады. Мұны қазір саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да байыппен жасалған шешім деп айтуға болады.

Бүгінде еліміз, соның ішінде өңіріміз өрісті өркендеп келеді. Білім, мәдениет, спорт, өндіріс, кәсіпкерлікте айтарлықтай даму бар. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген сөзі қасиетті Сырдың қазіргі заманауи келбетін айқындап тұрғандай.

Біздің ендігі мақсат – әлемде белең алған індеттен тезірек арылып, осы қарқынды дамуды жалғастыру. Біз бір елміз, тілегіміз де бір. Ол – тәуелсіз еліміздің көркеюі, елдің амандығы.

Алмагүл БОЖАНОВА,

 Облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» бірлестігінің төрайымы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз