«Еркін Әуелбеков» медалімен марапатталды

1133

0

Кеше облыс әкімінің орынбасары Серік Ахметтің қатысуымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Әуелбековтің ескерткішін салуға үлес қосқан қызылордалық азаматтар «Еркін Әуелбеков» медалімен марапатталды.

Жақында ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығы қарсаңында Көкшетауда қазақ хал­қының біртуар ұлына ескерткіш орна­тылған болатын. Ескерткіштің ашылу салтанатына белгілі қоғам қайраткерлері, туған-туыстары, әріптестері қатысты. Салтанатты шараға облыстан Еркін Әуелбеков қоры облыстық филиалының басшысы Сәдуақас Аңсат, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, Әбдіжәлел Бәкір, Биғали Қаюпов, Кеңес Махамбетов, Балтабай Ақпанбетов сынды делегаттар қатысты.

Өткен жылы Еркін Әуелбековтің 90 жылдығына орай оның Ақмола облысындағы әріптестері, шәкірттері және зиялы қауым өкілдерінің өтініші бойынша Үкімет қаулысымен Көкшетау қаласында ескерткіш орнату туралы шешім қабылданды. Осы мақсатта қор құрылды. Бір жыл ішінде қорға кәсіпкерлер мен жеке тұлғалардан қырық миллион теңгеден астам қаржы түсті. Бұл іске барша қазақстандықтар үлес қосты, соның ішінде облыс тұрғындары сегіз миллион теңгеден астам қаржы жинады. Қола мүсіннің тұғырымен қоса биіктігі – алты метр. Ескерткіш авторы – мүсінші, Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының мүшесі, мәдениет қайраткері Тоқтар Ермеков.

«Еркін Әуелбеков» медалімен марапатталғандар қатарында Серік Ахмет, облыстық қоғамдық кеңес төрағасы Бақберген Досманбетов, Жалағаш ауданының әкімі Асылбек Шәменов, тағы басқа азаматтар бар.

Айта кетейік, Е.Әуелбеков К.Тимирязев атындағы Мәскеу ауыл шаруашылығы академиясын бітіргеннен кейін еңбек жолын Солтүстік Қазақстан облысында агроном болып бастаған. Іскерлік, ұйымдастырушылық, адами қасиеттерінің арқасында мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілді. Еңбегі бағаланып, Социалистік Еңбек Ері жоғары атағы берілді.

1965-1967 жылдары Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, Қазақ КСР Астық өнімдері және жем өнеркәсібі министрі қызметтерін атқарды. 1968-1989 жылдары Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарын басқарды. Ол басшылық қызмет атқарған кезде стратегиялық маңызы зор бағдарламалар жүзеге асырылды.

Қайраткер тұлғаның ерен еңбегінің арқасында Қызылорда облысының мәртебесі ІІІ санаттан ІІ санатқа көтеріліп, шөл және шөлейт аймақтарға арналған 15 пайыздық коэффициентке қол жетті. Е.Әуелбеков алғаш рет КСРО басшылығының алдында Арал теңізінің тартылуына байланысты жаһандық экологиялық проблеманы көтерді. Бұл өңір мен шекаралас аймақтарға қиындық әкелген жаһандық экологиялық апаттың басы болатын. Дәл осы кезеңде облыс басшысы аталған аумақ тұрғындарының жеңілдіктер алуына көп еңбек сіңірді. Жезқазған өңірінде орналасқан Құмкөл кен орнының ұзақ мерзімге жалға берілуіне, өңірдің экономикалық әлеуетінің артуына ықпал етті. Осы жылдары өнеркәсіп пен құрылыстың дамуы бұрын болмаған биіктерге жетті. Облыс орталығында жаңа әуежай мен драма театры салынды. «Рисмаш», «Шалқия» және басқа да өндіріс нысандарының қуаты артып, жаңа тұрғын аудандар пайда болды.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<