Облыстық ардагерлер кеңесі Сырдария аудандық «Руханият орталығында» 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне, 9 мамыр – Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай тағылымды шара өткізді.
«Ерліктің ерен тұлғасы» атты мерекелік концерттік бағдарлама Ұлы Отан соғысының ардагері, Сырдария ауданының құрметті азаматы Яхия Тасыровқа құрмет көрсету мақсатында ұйымдастырылды.
Орталық алаң мерекеге сай безендіріліп, жас сарбаздарды Отан алдындағы борышын өтеуге салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Сонымен қатар жұртшылық тыл және еңбек, Ауған соғысы ардагерлерін, Чернобыль апатын жоюға қатысушылар мен Семей сынақ алаңында қызмет еткен азаматтарды құрметпен қарсы алды.
«Руханият орталығындағы» музейде Ұлы Отан соғысына арналған көрме ұйымдастырылып, Яхия Тасыровтың өмір жолынан сыр шертетін фотокөрме көпшілік назарына ұсынылды. Келушілер үшін танымдық алаңдар мен әскери-патриоттық жарыстар өткізілді.
Тағылымды кеш барысында ардагермен «Сыр-сұхбат» кездесуі ұйымдастырылып, оның өмірі мен ерлігі өскелең ұрпаққа үлгі ретінде насихатталды.
Салтанатты жиында аудан әкімі Берік Сәрменбаев сөз сөйлеп, азаматтарды марапаттады.
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасарлары Жұмабек Төлешұлы мен Күлай Ермағанбетқызы игі лебіз білдіріп, соғыс ардагері Яхия Тасыровқа «Ардагерлер ұйымы» республикалық бірлестігінің «Құрмет белгісі» марапатын салтанатты түрде табыс етті.
Сонымен қатар, Қызылорда облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаментінің бастығы, подполковник Жасұлан Бөгенбайұлы ізгі тілегін білдіріп, ардагерге деген құрметін жеткізді.
Кеште патриоттық әндер шырқалып, соғыс жылдарының рухын бейнелейтін қойылымдар көрерменге ұсынылды.
Тағылымды шара – ерлікке тағзым, батырларға құрмет көрсетудің жарқын көрінісі.
«СБ» ақпарат





