Есірткіге қарсы іс-қимыл жүйеленеді

468

0

Кеше облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменованың төрағалығымен нашақорлыққа және есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға бағытталған қызметті үйлестіру жөніндегі облыстық ведомствоаралық штаб отырысы өтті.

Бұл мәселе қай кезеңде де өзекті. Осы бағытта құзырлы орындар тарапынан жүйелі іс-шаралар қолға алынуы тиіс. Әрбір жағдай бойынша нақты жұмыс жасалса, нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күресте оң нәтиже болмақ.

Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының басшысы Сәбит Пазылов­тың айтуынша, өңірде барлығы 5346 адам наркологиялық есепте тұрады. Олардың 4646-сы маскүнемдік, 690-ы нашақорлық және 10-ы уытқұмарлыққа байланысты есепке алынған. Ал нашақорлар арасында 22-сі апиын, 348-і гашиш тұтынса, 320-сы полинаркоман қатарына енгізілген. Айта кетерлігі, биылғы жылдың төрт айында 13 жасөспірім құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жолдауымен медициналық куәландырудан өткен. Нәтижесінде олардың 3-інен алкогольді масаңдықтың әртүрлі дәрежесі анықталды.

Сондай-ақ, штаб ­отырысында облыстық полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бас­қармасының басшысы Азамат Сүлей­менов тақырыпқа қатысты ой-пікірін білдірді.

Облыс әкімінің орынбасары жас­өспірімдердің ішкілікке үйірсек болуы алаңдатарлық жағдай екеніне тоқ­талып өтті. Бұл орайда облыстық білім басқармасы тарапынан тиісті іс-шаралар қолға алынуы тиіс. Сондай-ақ, алдағы уақытта нашақорлыққа және есірткі қылмысына қарсы іс-қимылға бағытталған жұмыстар барысы тағы да нақтыланып, аталған мақсатта қолға алынатын іс-шаралар жоспары таразыланады.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<