Көгімде, төрімде, жүрегімде!

849

0

Мемлекеттік рәміздер туралы жазылған әнжырлар да аз емес. Соның ішінде ақын Алмас Ахметбекұлының сөзіне жазылған Ермұрат Зейіпхан есімді сазгердің:

Көк тудың желбірегені

Жаныма қуат береді.

Таласқа түссе жан мен ту

Жан емес,

Маған керегі –

Көк тудың желбірегені! – деп келетін әні көпшіліктің көңілен шығып, жас ұрпақтың да патриоттық рухын көтеретін тамаша туынды.

Тәуелсіз Қазақ елінің Мемлекеттік туын, Елтаңбасын пайдалану және Әнұранның орындау тәртібі Заңмен бекітілген. Сондай-ақ, Елтаңба көрінісі Қазақстан азаматының кез келген құжатында, яғни, туу туралы куәлігінен бастап зейнетақы кітапшасына дейін қолданылатыны да есімізде болғаны жөн.

Алаш арыстары аңсап өткендей, талай жылдар бойы тау-таста қалған таңбалы тарихымыздың түп тамыры, ұлт болып ұйысу ұраны Тәуелсіздік таңына ұласты. Біздің айтпағымыз, болашақтың егесі – бүгінгі ұрпақ Тәуелсіздік тұғырын берік ұстауы тиіс!

«Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік рәміздері туралы» Консти­туциялық Заңы 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес жыл сайын елімізде Мемлекеттік рәміздер күні мерекесі ерекше аталып өтеді. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік Ту, Мемлекеттік Елтаңба және Мемлекеттік Әнұран Тәуелсіз еліміздің төлқұжаты болып  табылады. Елдігіміздің айғағы, ерлігіміздің байрағы саналатын осынау қасиетті құндылықтар жөнінде қысқаша сипаттама беріп өтейік. 

Қазақстан Республикасының мем­лекеттік Туы – шетсіз-шексіз көк аспанды көзге елестетеді. Сол аспанда шуағын төккен күн, ал күн астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген. Тудың сабында ұлттық өрнек  нақышталып, осынау айғақтар алтын түстес бояумен бедерленген.

Қасиетті туымыздағы керемет композициялық үйлесім қазақтың біртуар ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 1917 жылы жазған «Алаш ұраны» атты өлеңіндегі: «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз!» деген ұранымен үндесіп тұрғандай.

Қазақстан Республикасы Мем­лекеттік Туының авторы – Қазақ­станның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков.

Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік Елтаңбасы – дөңгелек,  көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала шаншылған уықтар шашырай түскен күн сәулесіндей. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында ежелгі аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жо­ғар­ғы бөлігінде бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Qazaqstan» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ, «Qazaqstan» деген жазу – алтын түстес.

Қазақстан Республикасы Мемле­кеттік Елтаңбасының автор­лары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов.

Қазақстан Республикасының Мем­лекеттік Әнұраны бұрын «Менің Қазақстаным» әні ретінде танымал болған. Қазақстанның Әнұраны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың баста­масымен 2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің Парламентінде бекітілді. Бірінші рет осы жылы 11 қаңтарда Қазақтан Республикасы Президентінің салтанатты ұлықтау рәсімінде орындалды.

Өздеріңіз білетіндей, Ж.Нәжіме­деновтің сөзіне жазылған Ш.Қал­даяқов­тың «Менің Қазақ­станым» әні әу басында кең-байтақ өлкемізді сырттан төнген сұғанақ пиғылдан қорғау мақсатында жазыл­ған саяси салмағы бар ән болатын. Кейіннен Тәуелсіз еліміз­дің Тұңғыш Президенті Н.Назар­баевтың бастамасымен әннің мәтініне аздаған өзгеріс енгізілді. Айта кетейік, Мемлекеттік Әнұран ойналғанда орнымыздан тік тұрып, жүзімізді Мемлекеттік Туға бұрып, оң қолымызды жүрегіміздің тұсына қойып, құрметімізді білдіре қосыла шырқаймыз.

Мемлекеттік Әнұранның әнін жазған Шәмші Қалдаяқов, сөзін жазғандар Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекеттік рәміздер мемле­кеттік органдарда «Қазақстан Рес­публикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заңы бойынша бекітілген ережелерге сәйкес орналастырылады. Сонымен қатар, рәміздердің сапасы үнемі назарда болуы тиіс. Егер қандай да бір кемшіліктер орын алса, әкімшілік жауапкершіліктер қарастырылған.

Облыстық ішкі саясат басқармасының мәліметінше, биыл 5 және 30 сәуір аралығында арнайы инспекциялық топ облыс орталығы мен аудандарда мемлекеттік рәміз­дердің стандарттарға сәйкес орна­ластырылуы бойынша 374 мемлекеттік мекемеге тексеру, зер­делеу  жұмыстарын жүргізген. Бұл ретте 35 мекемеде кемшіліктер анықталып, 13-і дер кезінде қалпына келтірілсе, 2 мекемеге әкімшілік хаттама толтырылған. Рас, кемшілік қай жерде де бар, дегенмен мемлекеттік рәміздерді пайдалануда аса мұқият болуға тиіс. Мемлекетке адал қызмет етуге ант қабылдаған қызметшілер елдігіміздің айғағы болған рәміздерге ерекше құрметпен қарағаны жөн. Бұл – әрине, баршаға ортақ міндет.

Ғазиза Әбілда,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<